Көшеде жүру тәртібін және көше қатынас ережелерін қайталау

Сабақ туралы мәлімет

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы • «Сымбат» жеке мектебі • Мұғалім: Макуова Нуршат Аманқосовна

Тақырыбы: «Сен және көше» Түрі: тест

Мақсаты

  • Көшеде жүру тәртібін және көше қатынас ережелерін қайталау.
  • Оқушыларды сақтыққа тәрбиелеу.
  • Өз бетімен жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру.
  • Сөздік қорын байыту.

Көрнекілігі

Көшеде жүру ережелеріне арналған баспа кесте (таблица).

Еденге жіңішке, ұзын тілім қағаздар жапсырылады: үлкен көше, жиекжол және екі көшенің қиылысы бейнеленеді.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын жаңа сабаққа аудару.

II. Негізгі кезең

Мұғалімнің түсіндірмесі

Бағдаршам — өмірімізді жазымнан сақтайтын көмекшіміз. Оның мәнін түсініп, талабын орындау — бәрімізге ортақ міндет.

Ауылымызда да, еліміздің басқа қала-аудандарында да бәріне ортақ көше қатынасы ережелері қолданылады. Бұл ережелерді оқушылар да, ересектер де, көлік жүргізушілері де бұлжытпай сақтауы тиіс.

Ендеше, көшеде жүру ережелерін қаншалықты білетінімізді сұрақтар арқылы тексерейік.

Сұрақ-жауап

  1. 1) Көшеде жүру ережесін білу бізге не үшін керек?

    Әр оқушы көшеде жүру тәртібін өте жақсы білуі керек. Ережені білу — жол-көлік оқиғаларынан, апаттан сақтайды.

  2. 2) Жиекжол дегеніміз не?

    Жиекжол — адамдар жаяу жүретін, көшенің жиегіндегі тар жол.

  3. 3) Жаяу адамға қай жермен жүруге рұқсат етілмейді?

    Көлік жүретін жолдың ортасымен жүруге болмайды.

  4. 4) Көшеде жүру тәртібін кім басқарады?

    Көшедегі қозғалыс тәртібін бағдаршам реттейді.

  5. 5) Көше қиылыстарында қай жерлерден өтуге болады?

    Көшеден мына жерлерден өтуге болады:

    • екі көше қиылысқан тұстан;
    • «Өтетін жер» деп белгіленген тұстан;
    • асфальттағы көлденең ақ жолақтар (жаяу жүргінші өткелі) бар жерден;
    • бағдаршамның жасыл шамы жанғанда.
  6. 6) Бағдаршам жоқ көшелерден қалай өтеміз?

    Егер өткелде бағдаршам болмаса, алдымен сол жаққа қараймыз. Көшенің ортасына жеткенде оң жаққа көз саламыз. Егер көлік жақындап келе жатса, қауіпсіз болғанша сол жерде күтеміз.

  7. 7) Жиекжолда қалай жүру керек?

    Жиекжолдың оң жағымен жүру керек. Сол жағымен жүруге болмайды.

  8. 8) Жиекжолда тағы нені жасауға болмайды?

    Төрт-бес адам болып қатар жүруге болмайды.

Жұмбақтар

Келесі кезекте көшедегі көліктер мен қозғалысқа байланысты жұмбақтарды шешейік.

1) Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Есіркеп ешбір адам жемдемейді.
Жүк емес, жануарға жүз адам да,
Доғаны сымына сүйреп, жол жөндейді.

Жауабы: трамвай

2) Арқаным тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.

Жауабы: жол

3) Қозғалмасаң құлайды,
Сүйемесең сұлайды.
Құйымшақты ері бар,
Бұл не деген жануар?

Жауабы: велосипед

4) Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.

Жауабы: бағдаршам

Оқушылардың жұмбақтары

Сатыбалды: Сөйлегенді білмейді, бірақ «тоқта», «жүр» дейді.

Әйгерім: Әйгілі үш сөзді, бір дәу тұр үш көзді. Оған жас-кәріміз бағынамыз бәріміз.

Нұрболат: Менің үш көзім бар: бір көзім «кідір» дейді, бір көзім «жүгір» дейді, бір көзім «абайла» дейді.

Бағдаршам сигналдары

Мұғалім көшедегі жүру тәртібін кім басқаратынын сұрайды. Оқушы бағдаршам суретін көрсетеді.

Ринат: Қызыл шам жанғанда жүргінші де, көлік те тоқтайды. Сары шам — ауысу белгісі, бұл кезде де жүруге болмайды. Сарыдан кейін жасыл жанса, жол ашық: жүруге болады.

Қысқа ұран (хормен)

Амангүл: Көреген дәу қырағы, көшемізде тұрады. Ол бергенде команда, бағынамыз әмәнда!

Нығымет

Тоқта!

Әсемгүл

Сақтан!

Бексұлтан

Жол ашық!

Айгүл: Жүрме жолға таласып.

Ахмет: Қызыл көзін ашқанда, сынық сүйем баспа алға!

Ақнұр: Сары көзін ашқанда, қарап қалма аспанға!

Қуаныш: Жасыл көзін ашқанда, өте бергін, жасқанба!

Оқушылар бағдаршам сигналдарын қолдарына ұстап, кезегі келгенде көрсетіп тұрады.