Үйкеліс құбылысы
Іс-шара туралы
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, №3 орта мектебі КММ. Физика пәнінің мұғалімі: Жунусова Айгуль Дүйсекеевна.
«Айналамыз — физика» — сыныптан тыс іс-шара. Мақсаты — оқушылардың физикаға қызығушылығын арттыру, іскер, ізденгіш, шығармашыл және интеллектуалды қабілеті дамыған тұлғаны қалыптастыру.
Ұран: Білімдіден шығады алғыр шешен, шешендік — көсемдікке бастар көсем. Сайра, шәкірт, бұлбұлдай шарықта!
Қатысу талаптары
- Әр мектептен 7–8 сынып оқушыларынан құралған 4 оқушы қатысады.
- Құрамы: 7-сыныптан — 2 оқушы, 8-сыныптан — 2 оқушы.
Сайыс құрылымы және ұпай қою
І бөлім. Топтың атын табу
Топты толық таныстыру және командалық үйлесімді көрсету.
Шабыт сөз:
Келер ұрпақ даналарға ұқсап туса,
Омар Хаям, Әл-Фараби жолын қуса —
Елімнің болашағы гүлденеді,
Ғылымның шамшырағы жанып тұрса.
ІІ бөлім. Теориялық (тест)
Әр дұрыс жауап — 1 ұпай. Жауап беру үшін ActivVote жүйесі қолданылады.
Ой түйін:
Білім деген — биік шың, бақытқа сені жеткізер.
Білім деген — ақылшы, қиындықтан өткізер.
ІІІ бөлім. Практикалық (есептер шығару)
- 1-есеп (A деңгейі) — 2 ұпай
- 2-есеп (B деңгейі) — 4 ұпай
- 3-есеп (C деңгейі) — 6 ұпай
V бөлім. Шығармашылық
Әр топ өз шығармашылық жұмысын алдын ала дайындап әкеледі: сипаттама, презентация және модель/макет/аспап сияқты көрнекі өнім.
Бағалау: 1–5 ұпай.
VI бөлім. «Құпиялы сандық»
Қызықты тапсырмалар арқылы жылдам ойлау мен логиканы тексеру. Бағалау: 1–5 ұпай.
IV бөлім. «Айналамыз — физика» (өмірмен байланысты сұрақтар)
Ой өзегі: «Физика — тек қана техникаға алғашқы қадам емес, сондай-ақ адамзат ойының түкпіріне жол.» (М. Борн)
1) Неге шөп қайта көтеріледі?
Шөпті басып, жапырып кеткеннен кейін қайта көтеріліп кетеді, себебі бұл — серпімділік құбылысы.
2) Неге жануарлар судан шыққанда сілкінеді?
Бұл құбылыс инерция заңына негізделген.
Сұрақ авторы: биология пәнінің мұғалімі Адамьянова Шолпан Советовна.
3) Неге судан шыққан балықты қолда ұстау қиын?
Балық денесі үйкелісті азайтатын сілекейлі қабықшамен қапталған. Сыртқы шырыш қабығы үйкелісті төмендететіндіктен, балық қолға тайғанақ болады.
4) «Басқан жерде із қалар» — қандай заңдылық?
Бұл — қысым заңдылығы.
Сұрақ авторы: қазақ тілі пәнінің мұғалімі Икешова Әсел Амангелдіевна.
5) Шеберханада саймандарды қайрағанда қандай құбылыстар қолданылады?
Қайрау кезінде қысым және қатты денелер арасындағы үйкеліс құбылыстары байқалады.
Сұрақ авторы: еңбек пәнінің мұғалімі Сұңғат.
6) Неліктен адамның шашын, қасын, мұртын қырау шалады?
Тыныс алғанда шыққан бу суық ортада конденсацияланып, қырауға айналады.
Сұрақ авторы: қалалық білім бөлімінің бас маманы Айжанова Салтанат.
7) Неге ыстық сорпаны ағаш қасықпен ішкен дұрыс?
Ағаш жылуды нашар өткізеді, сондықтан ауыз күймейді.
Сұрақ авторы: Аринова Бағдат Аманбаевна.
8) Гүлдердің жұпар иісі аңқуы — қандай құбылыс?
Бұл — диффузия құбылысы.
Сұрақ авторы: Қарағанды облысы мұғалімдерінің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Абдикаримова Қаламқас Еренғайыповна.
9) «Саусақ бірікпей, ине бірікпейді» — нені меңзейді?
Бұл — үйкеліс құбылысы.
10) Неге бетімізді желпігенде тез суимыз?
Қолмен желпігенде ауа қозғалысы тердің кебуін жылдамдатады. Кебу үшін энергия теріден алынады, сондықтан дененің ішкі энергиясы азайып, салқындаймыз.
11) Неге төбесіне жүк қойып жүрген адамның жүрісі сымбатты көрінеді?
Дене ауырлық центріне сәйкес тепе-теңдігін сақтауға ұмтылады.
12) Неге тау жыныстарының қуысына жиналған су тауды жарады?
Түнде қуыстағы су қатып, көлемі ұлғаяды. Мұз қабырғаларды зор күшпен қысып, жынысты жарып жібереді.
13) Суда бағдарын жоғалтқан жүзгіш төмен мен жоғарыны қалай ажыратады?
Ауа көпіршіктерінің қозғалысын бақылау арқылы: көпіршіктер жоғары көтеріледі.
Қорытынды сөз
Жас дос! Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын танып, білім нәрімен сусындауда физика пәні өзіңе ақылшы әрі сенімді серік болады деп сенемін.
Алдыңда — жайнаған жүздер әні,
Сіздермен кездесерміз біздер әлі.
Әділқазы, көрермен, сау тұрыңдар —
Күтеді бізді жарқын күндер әлі.