Мәтінді түзету тәсілі

Сабақ тақырыптары

6-сынып информатика сабағында қарапайым мәтіндік редакторлармен жұмыс істеудің негізгі ұғымдары қарастырылады: редактор интерфейсі, мәтінді теру ережелері, мәтін бойымен жылжу және мәтін үзіндісін ерекшелеу.

Сабақ уақыты

45 минут

Сабақ түрі

Теория

Көрнекіліктер

Компьютер, оқулық, жұмыс дәптері

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

WordPad редакторы туралы толық түсінік қалыптастыру және тақырып бойынша алған білімді компьютер көмегімен тиімді қолдануға үйрету.

Тәрбиелік

WordPad-та мәтінді сауатты теруге баулу; жүйелілікке, еңбекқорлыққа, іскерлікке, ұқыптылық пен жылдамдыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың компьютерге қызығушылығын арттыру, ойлау қабілеті мен танымдық белсенділігін дамыту.

Сабақтың құрылымы

  1. I

    Ұйымдастыру

    Сәлемдесу. Оқушыларды түгендеу және қатысымды тексеру.

  2. II

    Үй тапсырмасын тексеру

    Алдыңғы тақырыпты қайталау және сұрақтар арқылы білімді бекіту.

  3. III

    Жаңа сабақ

    Мәтіндік редактор ұғымы, WordPad интерфейсі және мәтінмен жұмыс тәсілдері.

  4. IV

    Бекіту

    Негізгі түсініктерді сұрақ-жауап арқылы жинақтау.

  5. V

    Үй тапсырмасы

    Тақырыптарды қайталау және негізгі ережелерді пысықтау.

  6. VI

    Бағалау

    Оқушылардың жұмысын бағалау.

Үй тапсырмасын тексеруге арналған сұрақтар

  1. Модельдеудің кезеңдерін атаңдар.
  2. Модельдеудің мақсаты қандай болуы мүмкін?
  3. Нысанды (объектіні) талдау дегеніміз не?
  4. Компьютерлік тәжірибе дегеніміз не?
  5. Компьютерлік модельдер құру құралдарын атаңдар.

Жаңа сабақ: Мәтіндік редактор және мәтінмен жұмыс

Арнайы программалардың, яғни мәтіндік редакторлардың көмегімен кез келген мәтінді оңай әрі жылдам құруға және безендіруге болады. Компьютерде мәтінмен жұмыс істеу өте қолайлы, себебі мәтін аз орын алады, қажетсіз бөлікті тез алмастыруға болады және мәтінді көшіру мен жіберу жеңіл.

Компьютерде мәтінмен жұмыс істеудің артықшылықтары

  • Мәтін сақтау үшін аз орын талап етеді.
  • Қажетсіз мәтіннің орнына жаңасын оңай жазуға болады.
  • Мәтінді көшіру, өңдеу және жіберу жеңіл.

Мәтіндік редактордың негізгі мүмкіндіктері

  • Мәтіндік құжаттарды құру.
  • Өзгерту: қателерді түзету, фрагменттерді жылжыту, көшіру, жою және қосу, іздеу және алмастыру.
  • Пішімдеу: қаріп мөлшері мен түсін, абзац параметрлерін және басқа қасиеттерді өзгерту.
  • Құжатты басып шығару.

Мәтін және оның элементтері

Компьютер үшін мәтін — символдардың кез келген жиыны. Мәтіндік құжаттың ішінде өлең де, кесте де, тіпті программа коды да болуы мүмкін. Мәтіндік ақпараттың ең кіші бірлігі — символ.

Сөз

Тыныс белгілері немесе бос орын арқылы ажыратылатын символдар тізбегі.

Мәтін элементтері

Символ → сөз → жол → абзац → бет → мәтін.

Абзац қасиеттері

Қаріп параметрлері, туралау, шегіністер мен интервалдар.

WordPad интерфейсіндегі маңызды элементтер

  • Сызғыш (ruler) — мәтінді пішімдеуге және шегіністерді реттеуге көмектеседі.
  • Мәтіндік курсор — жыпылықтайтын сызықша; келесі символдың қай жерде енгізілетінін көрсетеді.

Мәтін теру ережелері

  1. Бас әріпті енгізу үшін Shift пернесін басып тұрып әріпті теріңдер.
  2. Барлық әріптерді бас әріппен теру үшін CapsLock пернесін қосыңдар.
  3. Сөздердің арасында және тыныс белгілерінен кейін бір ғана бос орын қойылады.
  4. Дефис (-) бос орынсыз жазылады.
  5. Ұзын сызықша (тире — ) алдынан да, соңынан да бос орынмен жазылады.
  6. Enter пернесі абзацтың соңында басылады; жолдарды тасымалдау автоматты түрде орындалады.

Түзету және ерекшелеу

Мәтінді теріп болғаннан кейін түзету және пішімдеу үшін мәтін бөліктерін (фрагменттерін) ерекшелей білу қажет. Ерекшелеуге пернетақта мен тышқанды қолдануға болады.

Редакциялау (түзету) амалдары

  • Жою
  • Қосу
  • Жылжыту
  • Көшіру
  • Іздеу және алмастыру

Жою пернелері

Delete
Курсордың оң жағындағы символды жояды.
Backspace
Курсордың сол жағындағы символды жояды.

Бекіту сұрақтары

  • WordPad мәтіндік редакторын іске қосу жолын түсіндіріңдер.
  • Мәтіндік редактор дегеніміз не?
  • Абзацтың негізгі қасиеттерін атаңдар.
  • Мәтін элементтерін атаңдар және қысқаша сипаттаңдар.
  • Жаңа құжатты қалай құруға болады?

Үй тапсырмасы

«Қарапайым мәтіндік редактор», «редактор интерфейсі», «мәтінді теру ережелері», «мәтін бойымен жылжу», «мәтіннің үзіндісін ерекшелеу» тақырыптарын қайталап келу.