Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыз

«Ұлы жеңіс жасасын» тәрбие сағаты

Бұл материал балаларға адамгершілік, Отанға сүйіспеншілік және патриоттық тәрбие беру мақсатында құрастырылған. Сабақ мазмұны Ұлы Отан соғысы туралы түсінікті кеңейтіп, Қазақстандық батырлардың ерлігі арқылы ой-өрісті дамытуға бағытталған.

Мақсаты

Тәрбиелік бағыт

  • Балаларды адамгершілікке, Отанды сүюге және қорғауға баулу.
  • Үлкендерді сыйлауға, қадірлеуге тәрбиелеу.

Танымдық бағыт

  • Ұлы Отан соғысы туралы түсінік қалыптастыру.
  • Қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстырып, ой-өрісті дамыту.

Көрнекіліктер мен музыкалық бөлім

Көрнекіліктер

Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, батырлардың суреттері.

Әндер

  • Әнұран ашылу бөлімі
  • «Бұл шақта» қорытынды

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

Соғыста Кеңес Одағы құрамындағы халықтармен бірге Қазақстан да аянбай шайқасты. Даңқты қарулы күштер мен еңбек армиясы қатарында миллиондаған қазақстандық болды.

Сұрапыл соғыста ерлермен қатар қолына қару алып, Отанын қорғаған батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәмбетова ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапты.

Бауыржан Момышұлы — Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.

Негізгі ой

Ерлік — тек майдандағы батырлық емес. Ол — елге адал қызмет ету, бірлік пен жауапкершілікті сақтау, бейбітшілікті қадірлеу.

Балалардың Отан туралы тақпақтары

З. Нұрхан

Отан үшін жанымызды береміз,
Отан үшін барлығына көнеміз.
Отанның да, ананың да алдында,
Осы өмірде парызды өтеп кетеміз.

Айзере

Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын,
Жүрегімсің сен, Отан.

Ислам

Туған жерде толамыз,
Ертең жігіт боламыз.
Отан — ортақ үйіміз,
Көңілді ән мен күйіміз.

Диас

Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.

Жарқынай

Бақытты боп жүргенім,
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің — тірегім,
Құшағыңды гүл атам.

Дияр

Асыр салып, таласып,
Біз — туған ел баласы.
Қандай байтақ Отаным,
Жан-жағыңа қарашы.

Ажар

Отаным — кең көсілген,
Төсінде ырыс өсірген.
Қаптаған алтын дән —
Бәрі менің несібем.

Соғыс салған із және Жеңіс күні

Иә, сұрапыл соғыс ешкімді аямады: ана жарынан айырылды, бала әкесінен айырылды. Бірақ үміт оты сөнген жоқ. Халық Жеңістің құнын терең сезінді.

Қаһарман ерлік пен табанды еңбек жеңіске жеткізді. Зұлымдық пен басқыншылық тізе бүкті. Бірлік, ерлік және халықтар достығы нығая түсті.

Жеңіс туралы шумақ

Арылтып жаудан жеріңді,
Табанға жаншып өлімді.
Жеңіспен желпіп өмірді,
Оралды ерлер көңілді.
Десеңдер, бұл қай күні?
Тоғызыншы мамыр күні!

Балалардың Жеңіс туралы тақпақтары

Адия

Жеңіс, жеңіс естіледі жалынды,
Жеңіс, жеңіс — қоңыраулар қағылды.
Күн парақтар қып-қызыл боп ашылды,
Жеңіс келген тоғызыншы мамырды.

Самғат

Домбырада саусақтары жаралы,
Жеңіс, жеңіс — атам әнге салады.
Шаршағанда, аңсағанда жас шағым,
Жеңіс деген сөзден ләззат алады.

Әлішер

Ағайлардан, апайлардан, інімнен,
Жеңіс сөзін көп естідім мен бүгін.
Сәл күбірлеп «жеңіс, жеңіс» деп едім,
Жазылғандай әжем белі бүгілген.

Жамиля

Жадыраңқы бүгін қабақ ашылған,
Жаса, жеңіс — мұң-қайғыны қашырған.
Мен жеңістің көріп тұрмын алауын,
Жаңарғандай алтын шуақ шашылған.

Ерлікке тағзым

Соғысқа қатысқан батырлар

  • Бауыржан Момышұлы
  • Мәншүк Мәмбетова
  • Әлия Молдағұлова
  • Мәлік Ғабдуллин
  • Талғат Бигелдинов

Түйін

Ел алдындағы борышын өтеп, еліміздің амандығын және жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Ардагерлердің ерлігі арқасында біз бүгін еркін өмір сүріп отырмыз. Сондықтан ең үлкен тілек — соғыс болмасын.

Біз батыр болуды соғыстан іздемейік. Бейбіт күннің батырлары болайық: білім алып, ел үшін адал еңбек етіп, өз жеріміздің нағыз патриоты болуға ұмтылайық.

Сұрақ-жауап және қысқа шумақ

Тәрбиеші

Балалар, біздің шекарамызды кім қорғайды?

Балалар

Солдаттар.

Шумақ

Шекарада солдат тұр,
Ел бақытыn қорғап тұр.
Көңілденсін ағалар,
Амандық хат жолдап тұр.

Қорытынды

Осылайша «Ұлы жеңіс жасасын» атты тәрбие сағаты аяқталды.

Мекенжай

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, «Достық» балабақшасы

Тәрбиеші

Елубаева Анар Ғабитқызы