Жаңа жылың құтты болсын жас ұрпақ, Келген жылға қарамаңдар тосырқап

Жаңа жыл мерекелік кешінің сценариі (орта топ)

Музыка жетекшісі Ахметова Гульдана Сериковнаның жетекшілігімен әсем безендірілген залға балалар қол ұстасып кіреді. Бұл — қуанышқа, ән мен биге, ертегі кейіпкерлеріне толы мерекелік кештің басталуы.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Жаңа жылың құтты болсын, жас ұрпақ,

Келген жылға қарамаңдар тосырқап.

Жаңа жылың құтты болсын, аталар,

Сергек ұрпақ өздеріңнен нәр алар.

Жаңа жылың құтты болсын, аналар,

Бүлдіршіндер өздеріңнен нәр алар.

Қара нарлар, көтеріңдер жыл жүгін,

Соңдарыңнан ере берсін боталар.

Қош келдің, Жаңа жыл!

Сәлемдесу

Армысыздар, аяулы ұстаздар мен ата-аналар!

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Бүгінгі Жаңа жыл мерекесіне қош келдіңіздер!

Балалар, ортаға шығып, Жаңа жыл әнін орындап берейік!

Ән «Жаңа жыл»

Балалардың тақпақтары

Жәңгір

Аспан жерге төгеді
Ақ күмісін уыстап.
Жаңа жыл да келеді
Бізге қарай жылыстап.

Асхат

Өлең де әзір, ән әзір,
Ойын да әзір — бәрі әзір.
Кел, Жаңа жыл, біздерге,
Кел, Жаңа жыл, Жаңа жыл!

Ақкерке

Жаңа жыл, Жаңа жыл —
Жаңа жылда жаңа жыр.
Жасыл шырша жаныңда,
Жарқырап жүр бар бала бір.

Ахмет

Қызық думан күн келді,
Жасыл шырша түрленді.
Аяз ата терледі,
Үйге кірді — төрледі.

Жүргізуші

Жамыл желек жамылған,

Асыл моншақ тағылған.

Міне, сол шыршамыз —

Көптен күтіп сағынған.

Кел, балалар, келіңдер,

Тамашаны көріңдер.

Бәрі бірге:

Қала нұр, дала нұр — Құтты болсын Жаңа жыл!

Би «Көңілді би»

Ескі жылмен қоштасу

Қоян жылы

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Балаларым, қарағым, күнім, нұрым, жанарым!

Орындалып ойларың, құтты болсын тойларың!

Балалар, міне, сендермен қоштасатын кез келді. Жаңа Айдаһар жылын жақсы қарсы алыңдар. Сау болыңдар!

Балалар:

Сау болыңыз!

Жүргізуші

Балалар, Жаңа жылды қарсы аламыз ба?

Жүздеріне қуаныш нұрын төккен,

Балбұл жанған беттерін аяз өпкен.

Айналайын, халайық, қарсы алыңдар,

Жаңа жылды асыға көптен күткен!

Айдаһар жылының келуі

Айдаһар жылы

Армысыздар, халайық! Бармысыздар, халайық!

Жаңа жылды жұп жазбай, бірге қарсы алайық!

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен — Айдаһар жылымын.

Мені шын ықыласпен қарсы алғандарыңа рахмет! Жаңа жылдарың құтты болсын!

Бүгін мен сендерге мына үйдің сиқырлы кілтін табыстауға келдім.

Жүргізуші:

Ал ол үйдің ішінде не бар екен?

Айдаһар жылы:

Ішінде балаларға арналған көптеген сыйлық бар.

Кілт жүргізушіге табысталады. Кілт шыршаға ілінеді: «Жаңа жыл кешінен кейін үйді ашамыз».

Айдаһар жылы:

Бүгін сендердің мерекелеріңді тамашалайын: қандай өнерлерің бар екен?

Ән «Жасыл шырша»

Ертегілер еліне саяхат

Жүргізуші

Балалар, сендердің Ертегілер еліне барғыларың келе ме?

Балалар:

Иә!

Қараңдаршы, Ертегілер елінің іші тым-тырыс. Неткен керемет әдемілік!

Қызыл телпек

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендер мені таныдыңдар ма?

Жұмбақ:

Сыбдыр шықса қашады,

Қырдан бір-ақ асады.

Бұл не?

Балалар:

Қоян.

Қоян

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен қай ертегідегі қоянмын?

Балалар:

«Бауырсақ» ертегісіндегі қоянсың.

Балалар бірге:

Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен,
Ытқып-ытқып жүгірді.

Аю

Жұмбақ:

Қыс бойына жатады,

Тәтті ұйқыға батады.

Бұл кім?

Балалар:

Аю.

Сәлеметсіңдер ме, балалар. Мен қай ертегіден келдім?

Балалар:

«Маша мен аю» ертегісіндегі аюсыз.

Балалар:

Алып батыр балпаңмын,
Ақ ниетім дарханмын.
Басқа аңға тимеймін,
Балпаң-балпаң билеймін.

«Бауырсақ» ертегісінің жұмбағы

Қызыл телпек:

Мен атадан қаштым,

Мен әжеден қаштым,

Қояннан да қаштым…

Балалар, бұл қай ертегі?

Балалар:

«Бауырсақ» ертегісі.

«Бауырсақты» кім жейді? Өзі айлакер, қу…

Балалар:

Түлкі.

Түлкі:

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен түлкімін. Жаңа жыл мерекесіне келдім. Маған арналған тақпақты айтып беріңдерші.

Көрсін біздей балғынды,
Көңілденсін ел енді.
Шырқатайық ән-жырды,
Шырқатайық өлеңді.

Ән «Ертегілер» Би Аңдар билейді

Қызыл телпек:

Жарайсыңдар, балалар! Бәрің ертегілерді жақсы біледі екенсіңдер. Маған сендермен бірге Жаңа жылды қарсы алуға бола ма?

Балалар: Иә.

Аяз атаны күту және күтпеген кейіпкер

Жүргізуші жұмбағы

Ақсақалды шал жылына,

Бір-ақ рет келеді.

Қызы мен ұлына,

Сыйлық алып келеді.

Балалар:

Аяз ата! Аяз ата! Аяз ата!

Мыстан кемпірдің келуі

Аяз атаның орнына сыпырғышпен Мыстан кемпір ұшып кіреді. Шыршаны бір айналып, қонақтардың алдына келіп тоқтайды.

Мыстан кемпір:

Ой, қандай керемет шырша! Қандай әдемі! Үйге алып кетейін бе?

Ол шыршаны жұлмалауға кіріседі.

Жүргізуші:

Тиіспеңіз, бұл — біздің шыршамыз. Бүгін Жаңа жыл мерекесі.

Мыстан кемпір:

Жарайды, шыршаға тиіспеймін. Бірақ сендер менің жұмбағымды шешіп көріңдер!

Қалтасынан кәмпиттер шығарып, ішіне жасырылған жұмбақтарды ұсынады: біріншісін таппайды, екіншісінен кәмпит табылады, үшіншісін балалар шешеді.

Мыстан кемпір ашуланып, шыршадағы сиқырлы кілтті көріп қалады да, жұлып алып, үйді ашпақ болады: «Ішінде алтын бар шығар!»

Сол сәтте далада боран ұйтқып, мыстанды алып кетеді. Балалар соңынан қуады. Кілт қалып қояды.

Би «Санта Клаус биі»

Аяз атаның келуі

Аяз ата

Жаңа жылмен, Жаңа жылмен құттықтаймын бәріңді!

Жасым келіп қартайған, мен ақ шашты атамын.

Өздеріңдей балалардың шат күлкілі думан тойын аралап келемін. Міне, сендердің орталарыңа да жеттім.

Ау, бүлдіршін қыздарым, жас жеткіншек ұлдарым, қандай жақсы жүздерің! Қуаныш сыйлайын.

Амина:

Қалып едік сағынып,
Күтіп алдық жабылып.
Жалын қойдық жарық қып,
Шыршамызға шам іліп.

Данил:

Аппақ тонға оранып,
Базарлықты мол алып,
Келді алыс сапардан —
Аяз ата оралып.

Жүргізуші:

Шеңберге тұрып, Аяз атаға әнімізді шырқайық.

Ән «Аяз ата»

Жүргізуші:

Аяз ата, сізге сиқырлы кілтті ұсынайын.

Аяз ата кілтпен үйді ашады. Сыйлық берер сәтте қаптың ішінен Мыстан кемпір шыға келеді.

Мыстан кемпір:

Ку-кук! Мен мұндамын. Күтпедіңдер ме?

Аяз ата:

Мыстан кемпір, қапшықтың ішінде не істеп жүрсің?

Сиқырлы таяғын көтеріп:

Бір, екі, үш! Сиқырлы таяқша, бер қапшыққа күш!

Осы сәтте Мыстан кемпір Ақшақарға айналады.

Ақшақар және шыршаның шамын жағу

Ақшақар

Келді міне Жаңа жыл,

Қуанышпен біздерге.

Құтты болсын қуаныш,

Құттықтаймыз сіздерді!

Аяз ата:

Қызым, кәне, шыршаны жағайық. Балалар, көмектерің керек. Бәріміз бірге: «Шырша шамы жарқыра!» деп айтайық.

Шырша шамдары жанады.

Аяз ата:

Жаңа жылға арналған кімнің қандай әні бар?
Айналайық шыршаны — кімнің қандай сәні бар?

Ән «Қыс келді»

Томирис

Сылдырлайды моншағы,
Шыршамыздың мол шамы.
Бізбен бірге жайдары,
Жарқырады, жайнады.

Айгерім

Безендіріп шыршаны,
Жыл қуантты баршаны.
Той, маскарад басталады,
Аяз оны басқарады.

Заурат

Жаңа жылды қарсы алдым,
Мініп алдым күймеге.
Мен де бүгін ән салдым,
Араластым биге де.

Ойындар мен билер

Чупа-Чупс сахнада

Мені күтпедіңдер ме? Мен Жаңа жылды тойлауға келдім. Менімен бірге көңіл көтерейік!

Ойын: «Ұлпа қарларды іздеп табу»

Өте жақсы, балалар! Ширақ екенсіңдер.

Ата-аналармен ойын:

Ойын шарты: Жаңа жылға арнап тілек айтыңыз (мысалы: «Жаңа жыл құтты болсын!»), бірақ оны Чупа-Чупсты ауызға салып тұрып айту керек.

Би «Ақшақарлар»

Сыйлықтар және қорытынды

Сыйлық тарату

Сағат соғысы естіледі. Аяз ата, Ақшақар, Қызыл телпек, ертегі аңдары және Чупа-Чупс сыйлықтарды шанамен алып келіп, балаларға таратады.

Аяз ата:

Бізге де қайтатын уақыт келді. Жаңа жылдарың құтты болсын!
Жаңа жыл отбасыларыңа бақыт, шаттық, қуаныш әкелсін.
Қош сау болыңдар!