ОЙЛАР

Ойдың тоқтаусыз ағысы

«Ойлар... ойлар... ойлар... Мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кетсе де, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын». — Төлеген Айбергенов

Адам үнемі ой үстінде

Адам үнемі ой үстінде. Сансыз, мыңдаған ойлар кейде мазасыздыққа жетелейді. Тіпті табиғаттың өзі де ой жетегінде жүргендей көрінеді. Маған бүкіл әлем ойлы күйді бастан өткеріп тұрғандай сезіледі. Жалпы, ойсыз дүние жоқ сияқты.

Ұнжырғасы түсіп тұрған таста да, сыңғыр қағып аққан бұлақта да, өз жаратылысына мойынсұнып, жарығы жанбай тұрған бағанада да, гуілдей соққан желде де, оның ығына жығылған шөпте де... тамыры тереңге кеткен байыпты, байсалды бәйтеректе де, бар ауыртпалықты көтерген жерде де салмақты ой жатқандай.

Кеңістігін ұсынған Дала да, биіктігін көрсеткен Аспан да, тереңдігін танытқан Теңіз де ойдан бір сәт ажырамайтын шығар. Күлімдеп қараған көктегі Күн де, тұнжырап, қара жамылған Түн де тылсым дүниенің беймәлім сырларын ұғындырғысы келгендей.

Күмәнді нәрсе — тұманды. Толық толғанып, бір шешімге келгенде ғана қателеспейсің.

Біз кейде ойланбай әрекет етеміз. Артынан опық жейтініміз де содан. Ізгілікті ойлаған сайын дұрыс қадам жасауға талпынып, ішкі дүниең де түрлене бастайды. Толқынды боз тұманның ар жағында қиялдың ғажайып, сұлу әлемі барын бәріміз бірдей аңғара бермейміз.

Сағаттың тілі секілді

Сырт-сырт етіп соққан сағаттарды кім ойсыз деп айта алады? Кейбір ұйқыашар сағаттың артындағы бұрауы сынып қалса, серіппесі ағытылып, зуылдап ала жөнелмей ме? Қашан серіппесі әбден істен шыққанша, тілдері тоқтамай зырылдай береді.

Сол сияқты қолына қалам ұстаған жан да өзін күндіз-түні жұмыс қалпында сезінеді: түсінде де ой, өңінде де ой. Ой бітпейді. Оның шеті де, шегі де жоқ.

Әкім Ысқақ