Оқушыларға қазақтың шешендік сөздері және жанрлық түрлері туралы мағлұмат беру
Сабақ тақырыбы
Шешендік сөздер
Сабақ мақсаты
Оқушыларға қазақ шешендік сөздері және олардың жанрлық түрлері туралы жүйелі мағлұмат беру.
Сабақ міндеттері
- Қазақтың би-шешендері туралы түсінікті кеңейту, халықтың сөз өнері мен шешендік дәстүрін таныстыру; мәтіндермен жұмыс арқылы тілдік ортаны байыту.
- Сөз өнері туралы білімді ұштастыра отырып ой белсенділігін дамыту, шығармашылық ізденіске бағыттау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру; пікірлесу арқылы ой-пікір еркіндігіне баулу.
- Оқушыларды достыққа, бірлікке тәрбиелеу; сөз қадірін түсініп, бағалай білуге үйрету.
Сабақ түрі
Жаңа білім беру
Әдістері
- Баяндау
- Әңгімелеу
- Сұрақ-жауап
- СТО элементтері
Пәнаралық байланыс
Тарих, қазақ тілі
Көрнекіліктер
- Би-шешендердің портреттері
- Интерактивті тақта
- Нақыл сөздер
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, сабақ мақсатына назар аударту.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Аңыз әңгімелерді қайталау мақсатында ББҮ (Білемін – Білгім келеді – Үйрендім) кестесі толтырылады.
III. Жаңа сабақ
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген мақал бар. Қазақтың шешендік сөздері — би, шешен секілді сөз шеберлерінің дау-дамайда, жиында, терең ой мен көркем сөзге сүйеніп айтқан тапқыр тұжырымдары.
Шешендік сөздердің авторы көбіне белгілі болады. Ол — ауыз әдебиетінің соңғы кезеңі мен жазба әдебиеттің бастауын жалғаған рухани мұра. Құрылымында шынайы оқиғалар, өмірде болған адамдар, олардың өзара қарым-қатынасы көркем образ арқылы беріледі.
Түп төркіні сақ, ғұн дәуірі мұраларынан, Орхон ескерткіштерінен бастау алып, кейін орта ғасырлардағы түркі жазба жәдігерлерімен сабақтасады.
Би-шешендер хронологиясы (интерактивті кесте)
| Ғасыр | Би-шешендер |
|---|---|
| XII–XIII | Майқы би, Аяз би |
| XIV–XV | Асан қайғы, Жиренше шешен |
| XV–XVIII | Шалкиіз, Бұқар жырау |
| XVIII | Төле, Қазыбек, Әйтеке, Шортанбай, Дулат, Мұрат және т.б. |
| XVIII–XIX |
Хан-сұлтандарға қарсы шыққандар: Байдалы би, Тіленші би, Тарақты Тұяқ, Шалқар шешен. Бек-болыстарға қарсы: Сырым Датұлы, Досбол шешен. |
Қазақтың атақты үш биі — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Олар хан-сұлтандарға кеңесші болып, ел мен елдің арасын татуластыру, дауды бітістіру ісіне араласқан. Қазіргі түсінікпен айтқанда, сот пен билік жүргізу қызметін атқарған.
Би-шешендер сөзді жай айтпай, көркем, терең мағыналы, астарлы әрі айшықты етіп қолданған. Осындай сөз үлгілері шешендік сөздер деп танылады.
Шешендік сөздердің жанрлық түрлері
- Шешендік дау — дау-дамай үстінде айтылған билік, тоқтам.
- Шешендік арнау — нақтылы адамға не топқа бағытталған өнеге, тілек, ескерту.
- Шешендік толғау — өмір, адамгершілік, қоғам туралы ой-толғам.
Тыңдалым (үнтаспа)
- «Бұл дүниеде не өлмейді?»
- «Кімнен кім туады?»
Тыңдалымнан кейін ассоциация әдісі арқылы шешендік сөздердің әсерін талқылау ұсынылады.
Ассоциация: шешендік сөздердің сипаты
- Қынаптан суырылған қылыштай өткір.
- Соқырға таяқ ұстатқандай анық.
- Көңілге медет болардай мағыналы.
Тапсырмалар
Берілген шешендік сөздерді көркемдік құралдарына қарай талдаңыз.
Мысал (антоним):
«Білімді адам ашпай көріп, айтпай сезеді. Білімсіз надан нені көріп, нені сезеді?»
Мысал (метафора):
«Әйел — үйдегі ырысың, ұл — айбарлы қылышың, қыз — түздегі өрісің, келін — кеңейген тынысың».
V. Сабақты бекіту
«Атаның сөзі — ақылдың кені» интеллектуалды ойыны өткізіледі. Мақсаты — би-шешендердің өнегелі сөздерін қаншалықты есте сақтағанын тексеру.
Ойын талабы: ұяшықтарда берілген би-шешендердің сөздерін жалғастыру.
VI. Сабақты қорытындылау (сұрақ-жауап)
- Шешендік сөз дегеніміз не?
- Қазақтың би-шешендері қандай мәселелерді шешкен?
- Қандай би-шешендерді білесіз?
VII. Үйге тапсырма
Шешендік сөздерді жаттау.
VIII. Бағалау
Оқушылардың жұмысы сабақ барысында жинаған ұпайы мен жауап сапасына қарай бағаланады.