Сабақтың ақпараттандырылуы

Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Потанин жалпы орта білім беретін мектебі

Тарих және география пәнінің мұғалімі: Елеусизова Нуркамал Мухтархановна. Пәні: «Дінтану негіздері», 9-сынып.

Сабақтың тақырыбы

Ислам ілімінің таралуы.

Исламның ғылым мен мәдениеттің дамуына әсері.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік мақсаты

Ислам ілімінің шығу тарихын және ғылым мен мәдениеттің дамуына ықпалын дереккөздерге сүйене отырып түсіндіру.

Дамытушылық мақсаты

Оқушылардың ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту; ислам дінінің ерекшеліктерін, сондай-ақ миссионерлікпен айналыспау себептерін талдау.

Тәрбиелік мақсаты

Оқушыларды исламды және өзге діндерді құрметтеуге, мәдениеттілікке тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың типі

Жаңа білімді меңгеру.

Ақпараттандырылуы және көрнекіліктер

  • Интернет, интерактивті тақта.
  • Қосымша газет-журналдар (соның ішінде «Егемен Қазақстан» газеті).

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа дайындау, оқу мақсатын нақтылау.

2) Ассоциация (қызығушылықты арттыру)

Сұрақ: «Ислам діні туралы не білеміз?» Оқушылар өз ойларын ортаға салады.

Кілт сөздер

Ислам Дін Мұсылман Мекке Мұхаммед (с.ғ.с.)

3) Жаңа білімді меңгеру

Ислам діні туралы жалпы түсінік беріледі. Орта Азия мен Қазақстан аумағына ислам VII ғасырдың екінші жартысында, Омейяд халифаты кезеңінде (Муауия ибн Әбу Суфиян тұсында) ене бастады.

Қазақстан аумағында исламның орнығуы Алтын Орданың мұсылмандықты қабылдауымен күшейді. Алғашында ислам елдің оңтүстік өңіріндегі отырықшы халық арасында кең тарады. Себебі бұл аймақтар сол кезеңдегі Орта Азиядағы ислам мәдени орталықтары саналатын қалалармен көршілес болып, экономикалық байланысы тығыз еді.

Қазақ жеріне, негізінен, исламның Имам Ағзам (Әбу Ханифа) бастаған ханафи мазхабындағы сунниттік бағыты таралды.

Дереккөзбен жұмыс: Таңбалы тас жазуы

Қазақ хандығы кезеңінде (XV ғасыр) хандардың көпшілігі мұсылман болғанын шығыстанушы Әлкей Марғұлан «Таңбалы тас жазуы» еңбегіндегі үзінді нақтылай түседі. Онда XIV–XV ғасырларға жататын араб әрпімен қашалған мәтіннің көшірмесі берілген.

Үзінді (тасқа қашалған мәтін)

Қыпшақ, найман, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын.

«Иләһи кәр рә-сиге һамиша хая рахмет қыл сен алтауын. О, ием! Үмітіңе жету үшін осы алтауына рахметіңді бере гөр.»

XVIII–XIX ғасырлар: діни саясат және қоғамдық өзгерістер

Қазақ хандарының Ресейге қосылуына байланысты патша үкіметі жергілікті халық арасында христиандандыру шараларын жүргізді. Алайда оның іске аспайтыны айқын болған соң, XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында ислам институттарын белгілі бір деңгейде қолдауға мәжбүр болды.

Әртүрлі өңірлерде мешіттер ашылып, Уфа қаласында мүфтият ұйымдастырылды.

Орта ғасырларда Таяу және Орта Шығыста қалыптасқан мұсылман әлемі мәдени-саяси қауымдастығымен қазақ тектес тайпалар географиялық тұрғыдан шалғай болғандықтан, біршама шеткері байланыста болды.

Исламның ғылым мен мәдениетке ықпалы

Әдебиет пен поэзия

Ислам мәдениеті түркі мәдениетінің негізгі бағыттарының бірі болған әдебиет пен поэзияға елеулі әсер етті.

Ең ерте әрі маңызды шығармалардың бірі ретінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі (XI ғасыр) аталады.

Мистикалық-сопылық поэзияның көрнекті үлгілеріне түркі тайпалары арасында исламды дәріптеген ақын әрі ойшыл Ахмет Йассауидің «Диуани Хикмет» еңбегі жатады.

Дәстүр, қолөнер және сәулет

Қазақтың поэзиялық және қарасөздік дәстүрінде исламның өзіндік ізі бар. Ұлттық салт-дәстүр поэзиясында, соның ішінде бата жанрында Құран аяттарының әсерімен қалыптасқан исламдық сипат айқын көрінеді.

Араб және иран мәдениеттерінің нышандары бар ислам мәдениеті орта ғасырлардағы қазақ мәдениетінің қолөнер және зергерлік салаларына да ықпал етті. Бұл әсер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірлерінде ерекше байқалады.

Көрсету

Материал интерактивті тақта арқылы слайдпен көрсетіледі.

Мешіттер, медреселер және кесенелер

Исламның орнығуымен бірге құлшылық орындары — мешіттер мен медреселер салынды. Ең алғашқы мешіт ғимараттарының бірі Оңтүстік Қазақстандағы Құйрық-Төбе (X ғасыр) елді мекенінен табылғаны айтылады.

Кейінірек белгілі ғұламалардың мүрделері басына кесенелер тұрғызу, зиярат ету және дұға жасау дәстүрі қалыптасты. Олардың қатарында:

  • Қожа Ахмет Йассауи кесенесі (XIV ғ.)
  • Арыстан баб кесенесі
  • Бабажы-Хатун кесенесі (X ғ.)
  • Қарахан кесенесі (X ғ.)

Қазақстандағы ислам мәдениеті исламға дейінгі рухани-мәдени қабатпен кірігіп, түркі дүниесіне тән өзіндік мәдени орта қалыптастырды. Бұл орта халықтың шаруашылық-тұрмыстық жағдайына бейімделіп дамыды.

Кестемен жұмыс

Мәдениет Әдебиет Ескерткіштер
Ислам мәдениетінің дәстүрге, қолөнерге және зергерлікке ықпалы «Құтты білік», «Диуани Хикмет», бата жанрының исламдық мазмұнмен толығуы Құйрық-Төбе мешіті; Қ.А. Йассауи, Арыстан баб, Бабажы-Хатун, Қарахан кесенелері

Сабақты бекіту

Оқушыларға қорытынды сұрақтар қойылады:

  • Бүгінгі сабақтан нені білдік?
  • Исламның Қазақстан аумағына таралуының негізгі кезеңдері қандай?
  • Исламның әдебиетке, дәстүрге және сәулетке ықпалы неден көрінеді?

Үйге тапсырма

Исламның ғылым мен мәдениеттің дамуына әсері бойынша қысқаша конспект жазу және сабақта аталған ескерткіштердің біріне шағын таныстырылым дайындау.