Оқушылардың өздерінің тәрбие сағатына дайындап келген мақал - мәтелдерін, нақыл сөздерін айту

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Байхожа елдімекені • №258 негізгі мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Қалабаева Гүлфариза Қаржаубайқызы

Тақырып: Менің Қазақстаным

Сабақтың мақсаты

Негізгі мақсат

Оқушыларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу, еліміздің рәміздерін қастерлеуге үйрету және туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Тарихи ой қозғау

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 21 жыл толған кезеңде 1991 жылдан бергі өзгерістерді еске алып, маңызды белестерді саралау.

Тәрбиелік бағыт

Инабаттылыққа, мәдениеттілікке, парасаттылыққа баулу; үлкенді құрметтеу, сыпайылық таныту дағдыларын қалыптастыру.

Дамытушылық бағыт

Туған жерге сүйіспеншілікті ояту, ынтаны арттыру; халқымыздың рухани мұрасын бойға сіңіріп, ата дәстүрін ардақтауға және адамгершілік қасиеттерді сақтауға дағдыландыру.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Амандасу.
  2. 2 Тәрбие сағатының тақырыбымен таныстыру.
  3. 3 Сабақ кезеңдерімен таныстыру.

Кезеңдер

  • Әдет пен инабат, сәлемдесу және танысу рәміздері туралы қысқаша кіріспе сөз.
  • Анкета сұрақтарына жауап беру және әр жағдайға сай тілек-лебіздерді анықтау.
  • Үш топқа бөлініп, әртүрлі ситуациялық жағдайларға жауап беріп, талқылау.
  • Оқушылардың дайындап келген мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін айту.
  • Сабақ барысында қосымша тапсырмалар орындау.

Кіріспе сөз: Тәуелсіздік және құрмет мәдениеті

Азаттық — қазақ халқының ежелгі арманы. Халқымыз талай қиындықты бастан өткерсе де, ешқашан мойымады: күресе білді, азаттық таңы туатынына кәміл сенді.

Назар аударайық

Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Республикамыздың Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бар.

Қазақ отбасында балаға сәби кезінен бастап үлкендермен қол алысып амандасу мәдениеті үйретіледі. Мысалы: «Көкеңе қолыңды беріп амандас», «Апаңның қолын ал» деген бағыт-бағдар беріледі. Үлкендер болса: «Таудай бол», «Үлкен жігіт бол» сияқты ақ тілектерін айтып, баланың ізетті болуына ықпал етеді.

Амандасып, қол алысып тұрған кезде қолғап киіп тұрсаң, қолғапты шешкен дұрыс. Сәлемдесу — адамдардың бір-біріне сый-құрмет көрсетуінің айғағы.

Адамның қадірі де осы қарапайым қарым-қатынастан байқалады: тәртіптілік, адамгершілік, дұрыс сәлемдесу, үлкенге құрмет және басқа да жақсы қасиеттер қоршаған ортада үлгі болуға жетелейді. Ондай адамды айналасы сыйлайды, құрметтейді, жақсы ниетпен қарайды.

Қорытынды

Халық даналығы: «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдептен». Әдепті болу үшін иманды, кішіпейіл, көпшіл, инабатты болу қажет. Әр адамның әдептілігі оның сөзінен, көзқарасынан, өзін ұстауынан байқалады. Иманжүзді адам күндей күлімдеп, жадырап сөйлейді.

Тілек

Тәрбиелік сағатымыз осымен аяқталды. Белсенді қатысқандарың үшін рақмет. Келешекте тәрбиелі, ақылды, адамгершілігі мол, білімді азамат және азаматша болуларыңа тілектеспін.