Ағаш және ағаштан жасалған бұйымдар туралы теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде көрсету
Сарамандық жұмыс (6-сынып)
Сабақтың тақырыбы
Ыстық өткізбес үшін ыдыстың астына қойылатын ағаш тұғыр (астауыш) жасау.
Сабақтың типі мен түрі
- Типі: жаңа сабақ
- Түрі: сарамандық жұмыс
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Ағаш және ағаштан жасалған бұйымдар туралы теориялық білімді тәжірибе жүзінде көрсету.
Дамытушылық
Ойлау және танымдық қабілеттерді дамыту.
Тәрбиелік
Жеке және топпен жұмыс істей білуге, әсемдікті сезінуге тәрбиелеу, икемділік дағдыларын қалыптастыру.
Көрнекіліктер мен материалдар
Сабақтың жоспары
- 1 Ұйымдастыру кезеңі
- 2 Жаңа сабақ
- 3 Сарамандық жұмыс
- 4 Жаңа материалды бекіту
- 5 Қорытынды
- 6 Үй тапсырмасы
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды түгендеу, жұмыс орнының дайындығын тексеру.
II. Жаңа сабақ
- Жұмысқа кіріспес бұрын ағаш туралы, ағашқа қатысты аңыз-өсиеттерді оқытып, ой қозғау.
- Қауіпсіздік ережелерін еске түсіріп, сарамандық жұмысқа дайындық жасау.
III. Сарамандық жұмыс
Ағаш рейкадан ыстыққа төзімді тұғыр жасап, бөлшектерді дәл өлшеп, өңдеп, жинақтап құрастыру.
IV. Бұйымды жасау технологиясы
| Қадам | Атқарылатын жұмыс | Қажетті құрал-сайман |
|---|---|---|
| 1 | Өңделген рейканы 20–25 см өлшеп, 3–4 бөлікке кесу. | Ара, сызғыш, қарындаш, жұмыс үстелі. |
| 2 | Әр бөлшектің екі шетінен 2 см өлшеп белгілеу; қиғаштап немесе төртбұрыштап өңдеу. | Сызғыш, қарындаш. |
| 3 | Екі рейканың беттесетін жерін белгілеп, арамен жартысына дейін кесу; қашаумен ойып түсіру (құрастырма ойық жасау). | Ара, қашау, балға, пышақ, сызғыш, қарындаш. |
| 4 | Дайын бөлшектерді желімдеп біріктіру, кепкен соң лактау. | Желім, лак, губка немесе қылқалам. |
Қауіпсіздік ескертуі
- Ара, қашау, пышақпен жұмыс істегенде қолды кесу сызығынан алыс ұстау.
- Бөлшекті міндетті түрде жұмыс үстеліне мықтап бекіту.
- Лак пен желімді желдетілетін жерде пайдалану, жұмыс соңында қолды жуу.
V. Қорытынды және бекіту
Венн диаграммасы
Ағаштың табиғаттағы рөлі мен тұрмыстағы қолданылуын салыстырып, ортақ және айырмашылық белгілерін анықтау.
«Шебердің қолы көпке ортақ» деген сөз бар. Қазақ халқы өнерді қазына, байлық деп бағалаған. Бүгінгі сабақта қолөнердің бір бағытымен танысып, сарамандық жұмыс барысында өз қолымызбен ағаштан пайдалы бұйым жасадық.
Түйін сөз
Ұстаздан үлгі алған — ұста болар,
Ұстаз сөзі — шәкіртке нұсқа болар.
Асыл сөзін ұғынып, алғыр шәкірт,
Екі айтқызбай есіне ұстап алар.
VI. Үй тапсырмасы
- Ағаштың қадір-қасиеттері туралы деректер жинау.
- Ағаш жайлы ата-бабадан жеткен аңыз-өсиеттерден мысал келтіру.
Сабақ соңындағы әрекет
Жұмыс орнын жинақтау, құрал-саймандарды ретімен өткізу.
Ағаш туралы: қадірі, пайдасы және қорғау
Ағаштың адам өміріндегі орны
Ағаш жемісімен, жапырағымен, көлеңкесімен және отынымен адамға пайдалы. Кітап пен қағаздан бастап, үйдің есік-терезесі, үстел, тақта, мектеп партасына дейін көптеген бұйым ағаштан жасалады. Тіпті нәрестенің бесігі де, адам өмірі аяқталғаннан кейінгі табыт та ағаштан жасалады.
Ағаштар табиғатты көз тартар жасыл түске бөлеп, саясымен демалуға мүмкіндік береді. Олар ауаны тазартып, суықта үйді жылытуға да қызмет етеді. Сондықтан ағашты қалай пайдалансақ, солай қорғау — ортақ міндет.
Ағаш деген не?
Ағаш — сабағы мен тамыры сүректенген, жақсы жетілген діңі бар, биіктігі 2 метрден кем болмайтын көпжылдық өсімдік. Қазақстанда өсетін ағаштардың ең биігі шамамен 50 метрге дейін жетеді (қарағай, шырша, емен, жөкеағаш және т.б.).
Негізгі ой
Ағаш — адамның күнкөрісі мен рухани өмірінде ерекше орын алатын табиғат қазынасы.
Халықтық тыйымдар мен таным
Жасыл өскінді қорламау
Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрін үзбейді, көк шыбықты сындырмайды. «Көк жұлсаң — көктей соласың» деп ырымдаған.
Қос ағашты кеспеу
Қатар біткен, қосарланып өскен ағашты кесуге тыйым салған: «қосағыңнан айырыласың» деп түсіндірген.
Ағашты орнымен пайдалану
Ағашты отындық және кәделік деп бөліп, жас ағашты орынсыз кеспеген. Толық жетілгенін ғана қажетке жаратып, қурағанын отынға пайдаланған.
Өсиет әңгіме: Патша мен ақсақал
Ертеде бір патша нөкерлерімен аңға бара жатып, ағаш егіп жатқан ақсақалды көреді. Патша: «Неге сонша қиналып жүрсіз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін ғана жеміс береді. Оған сіздің ғұмырыңыз жетпейді ғой», — дейді.
Сонда ақсақал: «Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарым еккен ағаштың жемісін жедім. Ертеңгі ұрпақ та мен еккен ағаштың жемісін жесін», — деп жауап береді.
Патша риза болып, бір қалта алтын береді. Ақсақал: «Көрдіңіз бе? Мен еккен ағаш дәл қазірден-ақ жеміс бере бастады», — дейді. Патша бұл сөзге де разы болып, тағы алтын ұсынады.
Ақсақал: «Басқа ағаш жылына бір рет жеміс берсе, мен еккен ағаш жылына екі рет жеміс береді», — деген екен.
Аңыз үзіндісі: Дар ағашына тіл қату
Ертеде Қазан батырдың Ораз атты ұлын жау қолға түсіріп, дар түбіне әкеледі. Ораз: «Тәңірден басқа сенерім жоқ. Мына дар ағашымен тілдесуге рұқсат беріңдер», — дейді.
Ораздың сөзі
Мәдинаның есігі болған — ағаш,
Мұсаға аса болған — ағаш,
Дарияға көпір болған — ағаш,
Қара теңізде қайық болған — ағаш,
Хасан мен Хусейнге бесік болған — ағаш…
Мені саған асар болса, құлап түс, ағаш!
Дәл сол сәтте құтқарушылар да жетіп, Ораз аман қалады делінеді. Бұл аңыз ағаштың киесін, табиғатқа құрмет идеясын күшейте түседі.
Қорытынды: айналамыздың көркі болған ағашты қорғау — біздің парызымыз.