Менің күн тәртібім
Сабақ тақырыбы: «Менің күн тәртібім». Есімше
Бұл сабақта оқушылар күн тәртібі тақырыбы арқылы сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын дамытады, ал грамматикалық бөлімде есімше тақырыбы бекітіледі.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларды күн тәртібі мәтіндерімен таныстырып, сауатты сөйлеуге, жазуға және оқуға үйрету.
Дамытушылық
Жаңа сөздер, ойындар және сөзжұмбақтар арқылы сөздік қорды толықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
Уақытты тиімді пайдалануға, бос уақытты ұтымды жоспарлауға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру
- Амандасу.
- Сабаққа дайындықты тексеру.
Үй тапсырмасын сұрау (Кубизм стратегиясы)
1-қыры
Етістік дегеніміз не?
2-қыры
Қарағанды қаласында қандай кинотеатрлар бар?
3-қыры
Етістіктің ерекше формаларын атаңыз.
4-қыры
Сенің сүйікті кинофильмің қандай?
5-қыры
Есімшенің жұрнақтарын атаңыз.
6-қыры
Сөйлемдерді аяқтаңыз:
- Сіздің соңғы көрген кинофильміңіз — …
- Сіздің сүйікті киноактеріңіз — …
Психологиялық ахуал және топқа бөлу
- Гүлдер бейнесі арқылы оқушылар бір-біріне гүл сыйлап, тілек айтады.
- Гүлдердің түстеріне қарай топтарға бөлінеді.
- Бейнеролик негізінде жаңа тақырыпты анықтап, мақсат-міндеттерін бірге тұжырымдайды.
Жаңа сабақ: «Менің күн тәртібім»
Сөздікпен жұмыс
| Қазақша | Орысша |
|---|---|
| Күн тәртібі | режим дня |
| Ояну | просыпаться |
| Кесте | график |
| Таңертеңгі ас | завтрак |
| Демалады | отдыхает |
| Ұйықтайды | спит |
| Ауысым | смена |
| Серуендеу | гулять |
| Орындау | выполнять |
| Ұйықтамас бұрын | перед сном |
Мәтінмен жұмыс: Вильямның күн тәртібі
Вильям — сегізінші сынып оқушысы. Ол Қарағанды қаласында тұрады. Вильям күнде ерте тұрады, себебі ол таңертеңгі ауысымда оқиды. Ол сағат жетіде оянып, дене шынықтыру жаттығуларын орындайды да, жуынады. Таңертеңгі асын ішіп, сағат сегізде үйден шығады. Автобусқа отырып, мектебіне барады. Сағат екіде мектептен шығып, үйіне келеді.
Үйге келген соң түскі асын ішіп, біраз демалады. Үй ішін жинастырады. Сағат бес кезінде әдеттегідей грек-рим күресіне барады. Бұл үйірмеге қатысқан ұнайды. Сағат жетіде кешкі асын ішкеннен кейін ертеңгі сабақтарына дайындалады. Ұйқыға жатар алдында сүйіп оқитын кітабын оқып, сағат он жарымда ұйықтайды.
Топтық тапсырмалар
- Үш топ мәтін бөліктерін ауызша орыс тіліне аударады.
- 1-топ: аударылған толық мәтін негізінде «Менің күн тәртібім» тақырыбында диалог құрастырады.
- 2-топ: сурет бойынша (күн тәртібіне байланысты) мәтін құрастырады.
- 3-топ: берілген мәтін бойынша мимиканы қолданып, шағын инсценировка дайындайды.
Инсценировкаға арналған мәтін: «Айдостың бір күні»
Айдос бүгін ерте тұрды. Таңертеңгі жаттығуын жасап, жуынған соң таңғы асын ішті де, сөмкесін алды. Інісін балабақшаға апарып, өзі мектепке кетті. Мектепте сабақ оқыды. Сағат екі жарымда үйге келіп, түскі асын ішті. Кітап оқыды, теледидар қарады. Содан кейін үй ішін тазалай бастады. Ертеңгі сабағына дайындалып, анасына кешкі асты дайындауға көмектесті. Анасы оған риза болып, бетінен сүйді. Күніне көңілі толған Айдос жақсы көңіл күймен ұйықтауға жатты.
Бағалау (өзара бағалау)
Әр тапсырмадан кейін топ мүшелері бір-бірін бағалайды. Бағалау түрлері: күн, ай, бұлт; геометриялық фигуралар; бағдаршам.
Сергіту сәті және грамматикалық тапсырмалар
1-топ
«оқитын» есімшесін септеу.
2-топ
«барған» сөзін тәуелдеу (жекеше және көпше түрде).
3-топ
«келер» сөзін жіктеу (жекеше және көпше түрде).
Бекіту, қорытынды, үй тапсырмасы
Бекіту
«Бес жолды өлең» стратегиясы арқылы жаңа тақырыпты бекіту.
Қорытынды
«Бес саусақ» әдісі арқылы сабақтың негізгі ойларын қорытындылау (слайд).
Үй тапсырмасы
«Уақыт — алтыннан да қымбат» тақырыбында эссе жазып келу.
Бағалау
Сабақ бойындағы белсенділік, топтық жұмысқа қатысу және грамматикалық тапсырмалардың орындалуына қарай бағаланады.