Ойын шарты бойынша өздеріңе ұнаған пішіндерді таңдап алыңдар, олардың артында суреттер бар сол ненің суреті екен табыңдар
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Ортаңғы топқа арналған. Білім саласы: Коммуникация. Тарауы: Тіл дамыту. Тақырыбы: «Менің сүйікті ойыншықтарым».
Мақсаты
Білімділік
Балалардың сүйікті ойыншықтары арқылы бауырмалдыққа, мейірімділікке, қамқор болуға дағдыландыру.
Дамытушылық
Сөзді анық айтуға, дұрыс сөйлеуге баулу; сөздік қорын дамыту.
Тәрбиелік
Ойыншықтармен дұрыс ойнауды түсіндіру; ұқыптылыққа тәрбиелеу; эстетикалық талғамын кеңейту; ойын барысында ойыншықтарға жанашырлықпен қарауға үйрету.
Билингвалды компонент
- ойыншық — игрушка
- доп — мяч
- қуыршақ — кукла
Көрнекі құралдар
- Резеңкеден жасалған ойыншықтар және олардың суреттері
- Темірден жасалған ойыншықтар және олардың суреттері
- Ағаштан жасалған ойыншықтар және олардың суреттері
- Матадан жасалған ойыншықтар және олардың суреттері
- Көбелек (ойынға арналған)
Мотивациялық-қозғаушылық кезең
Шаттық шеңбері
Біз ұқыпты баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Ойыншықтарды жинаймыз,
Үлкендерді сыйлаймыз.
Іздестіру-ұйымдастыру кезеңі
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті. Қане, қонақтармен жылы амандасайық».
Табиғат — біздің анамыз!
Табиғатқа баламыз!
Иіліп сәлем береміз!
Біз әдепті баламыз!
«Көбелек гүлге қонады» ойыны
Ойын шарты: сендер — гүлсіңдер. Көбелек ұшып келіп бір гүлге қонады. Көбелек қонған бала тәрбиешінің сұрағына жауап береді.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем мезгілінде неше ай бар?
- Ауа райы қандай болады?
- Балалар, біз қайда келдік?
- Балабақшада сендер не істейсіңдер?
- Немен ойнайсыңдар?
Қорытынды: бүгін біз сүйікті ойыншықтарымыз туралы әңгімелесеміз.
«Ненің суреті жасырылған?» ойыны
Ойын шарты: өздеріңе ұнаған пішіндерді таңдап алыңдар. Әр пішіннің артында сурет бар — қай сурет жасырылғанын табыңдар.
Тәрбиешінің жетекші сұрақтары
- Бұл қандай пішін?
- Пішіннің түсі қандай?
- Балалар, бұлар ненің суреттері?
Жасырылған суреттер
- Доп
- Қуыршақ
- Машина
- Пирамида
т.б.
Жарайсыңдар! Дұрыс жауап бердіңдер: бұл — ойыншықтар.
Сүйікті ойыншықтар туралы әңгіме
Қыз балалардың таңдауы — қуыршақ
Тәрбиеші: «Қыз балалар қандай ойыншықпен ойнауды ұнатады?»
Балалар: «Қуыршақпен». Қуыршақтың әдемі шашы мен әдемі көйлегі бар.
Тәрбиеші: «Қуыршақтың көйлегінің түсі қандай?»
Тақпақ (Милана)
Ойыншығым — қуыршақ,
Не берсем де жемейді.
Еркелігі соншама,
Көтермесем жүрмейді.
Ұл балалардың таңдауы — машина
Тәрбиеші: «Ал ұлдар көбінесе қандай ойыншықпен ойнайды?»
Балалар: «Машинамен ойнайды».
Тәрбиеші: «Машинаның түсі қандай?»
Тақпақ (Әли)
Үлкенмін ғой, міне мен,
Ойыншықтарды жинаймын.
Машинаға мінер ем,
Кабинаға сыймаймын.
Ойыншықпен ойнау мәдениеті
Тәрбиеші: «Ойыншықтармен қалай ойнау керектігін білеміз бе?»
Бұл керемет ойыншықтардың барлығы балалар үшін жасалған. Олар үлкендердің еңбегімен дайындалады, сондықтан оларды ұқыпты ұстап, сындырмай, жинақы ойнау қажет.
Ойыншықтар неден жасалады?
Тәрбиеші балаларға ойыншықтардың жасалу материалдары туралы сұрақ қояды және бірге талқылайды: резеңке, темір, ағаш, мата. Балалар ойыншықтарға мұқият қарап, олардың айырмашылықтарын байқайды.
Қорытынды
Балалар ойыншық түрлерімен танысып, сүйікті ойыншықтары туралы әңгімелеп, тақпақтар айтты. Ойын барысында бір-бірін тыңдауға, дұрыс сөйлеуге және ойыншықтарға ұқыпты қарауға дағдыланды.
Материал: «Менің сүйікті ойыншықтарым» (Исалина А. С.).