Әжем қайда

Сабақтың мақсаты

Балаларды имандылыққа, мейірімділікке, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, әдептілікке баулу. Күнделікті өмірде сыпайы сөздерді орнымен айтуға дағдыландыру.

Көрнекіліктер

  • Мақал-мәтелдер
  • Сурет үлгілері
  • Нақыл сөздер

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Түсіндіру

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Оқушылар: Сәлеметпіз!

Қазір бізде көркем әдебиет сабағы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, ереже бойынша отырамыз.

Психологиялық сәт

  • Мен ақылдымын.
  • Мен қиындықтан қорықпаймын.
  • Мен жаспын, қандай әдемімін.
  • Мен ұзақ өмір сүремін.
  • Менің қолымнан көптеген жақсылық келеді.
  • Мен барлық туыстарымды жақсы көремін.

Әңгіме: «Базарлық»

Бейбіт пен Әлима ерте тұрды. Айналасына қараса, әжесі жоқ.

Бейбіт: Әжем қайда?

Анасы: Базарға кетті, — деді де дастарқан жаюға кірісті.

Бейбіт: Мені неге әкетпеді?

Әлима: Мен де баратын едім, — деп жыламсырады.

Анасы: Базарға барғыларың келсе, неге ертерек тұрмадыңдар?

Бейбіт: Біз кеш тұрдық па? Ерте тұрдық, — деп бұртиды.

Анасы: Сәл күтіңдер, әжелерің келіп қалар. Өзіне мәсі аламын деген.

Олар таңғы асын ішіп болған соң, ауылдың көше бойына шықты. Әжелерін күтуге асықты. Шынында да, үш-төрт жеңіл көліктен кейін келесі көліктен әжесі түсті.

Әжесі: Оу, айналайындар, бұл жерде неге отырсыңдар?

Балалар: Сізді күттік. Бізге неге айтпай кеттіңіз?

Бейбіт пен Әлима әжесінің қолындағы сөмкеге қызыға қарады. Аузын ашып көргісі келіп, ұмтылды.

Бейбіт: Не әкелдіңіз, әже?

Әлима: Мәсі алдыңыз ба?

Әжесі: Алдым. Аяғымдағысы жарамай қалыпты. Тігісі қайта-қайта сөгіле беріп, берекемді алды.

Әлима: Жақсы болыпты, әже.

Әжесі: Бейбітке қыстық жылы аяқ киім, саған жылы мамық ішкиім алдым. Екеуіңе де базарлық әкелдім. Зейнетақым осыған таусылды. Бірақ бәрі керек: алмасаң болмайды. Өзіме ғана алып, сендерге қалай алмаймын, жандарым?

Үйге жеткенше, базарлықтарын көргенше екеуінің де дегбірі қалмады: бірінің қолында бәтеңке, екіншісінің қолында мамық ішкиім.

Түйін: «Баланың қуанғаны — әлемнің қуанғаны». Әже немерелерінің қуанышына ортақтасты. Ал өзі сүліктей қара, жылтыр жаңа мәсісін құнттап киіп алды.

«Не деу керек?» (әдепті сөздер)

Анаң саған базардан алма әкелді. Ең үлкенін, жақсысын саған таңдап берді. Не деп барып жеу керек?

«Рахмет» деп барып жеу керек.

Көшеде балалардың шулаған дауысы естіледі. Сен де шықтың да, байқамай көршіңді қағып кеттің. Жөн еді не айтқаның?

«Кешіріңіз» деу керек.

Әжең түскі асқа тәттілерді молынан дастарқанға қойды. Сен жұрттан бұрын ыдысқа қол создың. Жөн еді не айтқаның? Бұл дұрыс па?

Әуелі үлкендерді күтіп, рұқсатпен алған дұрыс. «Бола ма?» деп сұрау керек.

Ағаң: «Допты Назарға апарып бер», — деді. Бірақ сен бармадың, қасарыстың, ағаңның тілін алмадың. Қандай сөз айту керек?

«Жарайды, аға, апарып беремін» деу керек.

Ө. Дүйсенбиев

Сұрақ-жауап

  1. Сыйлық алғанда қандай сөз айту керек?
  2. Абайсызда көршіңді немесе досыңды ренжітіп алсаң, не деу керек?
  3. Дастарқан басында өзіңді қалай ұстау керек?

Сергіту жаттығуы

Қанат жаям жалма-жан,
Талпынғандай ұшуға.
Иіліп келіп қол созам,
Аяғымның ұшына.

Дидактикалық ойын: «Жеміс-жидектер»

Оқушылар жемістер мен жидектерді ажыратып, аттарын айтып, топтастырады. Мақсат — сөздік қорды байыту және зейінді дамыту.

Қорытынды

Сабақ соңында белсенді қатысқан оқушылар мадақталып, әдепті сөздерді күнделікті өмірде қолдануға бағыт беріледі.