Менің Ақшақар қызым қайда

Мақсаты

  • Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау.
  • Әсем безендірілген шыршаға, Аяз Ата мен Ақшақарға, балалардың карнавалдық киімдеріне назар аударту.
  • Көңілді ойындар ойнату, достық қарым-қатынасты нығайту, бірлескен әрекетке баулу.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Жүргізуші: Армысыздар, аяулы ұстаздар мен ата-аналар! Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Бүгін бәрің сәнді киініп, ерекше әдемі болып келіпсіңдер. Біз бүгін Жаңа жылды қарсы алу үшін жиналдық.

Келіңдер, сән құрып тұрып, қол ұстасып жүріп ән салайық. Ән: «Аппақ, аппақ жапалақтап»

Балалардың алғашқы тақпақтары

Айқын

Жаңа жыл, жаңа жыл.
Жаңа жылда — жаңа жыр.
Жасыл шырша жанында
Жадырап бар бала жүр.

Нұрдәулет

Тамаша, тамаша!
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы —
Көз тоймайды қараса.

К. Нұрасыл

Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағылған,
Міне, сұлу шыршамыз —
Көптен күтіп, сағынған.

Айгерім

Жаңа жылым мол болсын,
Басқан қадам оң болсын.
Төрле, төрле, Жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын!

Қалдан

Тілеймін мен бар әлемге
Дос көп болсын Жаңа жыл.
Ата-әже, әке-шеше —
Құтты болсын Жаңа жыл!

Аяна

Жылдың әнін бастайын,
Аяз Ата кеп қалды.
Майысады жас қайың,
Көтере алмай көп қарды.

Аяжан

Қалып едік сағынып,
Күтіп алдық жабылып.
Жолын қылдық жарық қып,
Шыршамызға шам іліп.

Тосын сәт: Ақшақардың келуі

Ақшақар

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бәрің қандай әдемі болып кеткенсіңдер! Шыршаларың да өте сәнді екен!

Мен — Аяз Атаның қызы Ақшақармын. Сендерде Жаңа жыл мерекесі болып жатқанын естіп, арнайы келдім.

Диалог

Жүргізуші: Ақшақар, шыршамыздың шамын жағуға көмектесші.

Ақшақар: Мен шам жаға алмаймын. Шыршаны тек Аяз Ата ғана жаға алады, өйткені оның сиқырлы таяғы бар.

Жүргізуші: Ендеше не істейміз?

Ақшақар: Аяз Ата келгенше, бір ойын ойнайық.

Тосын сәт: Түлкі мен Мысықтың айласы

Кейіпкерлердің диалогы

Мысық: Әй, түлкі, біз қайда келдік? Бұл жер қалай аталады? Мынаны қарашы, мұнда әдемі шырша тұр ғой.

Түлкі: Ой, қандай аңғалсың. Біз Жаңа жыл мерекесіне келдік. Бұл — балабақша. Бәрі қандай әдемі безендірілген!

Түлкі: Қазір мұнда Аяз Ата келеді, қасында Ақшақар болады. Ақшақардың өзі де, киімі де әдемі… Бірақ мен оны жақтырмаймын: Аяз Ата оны үнемі қасынан тастамайды.

Мысық: Менде бір ой бар: Ақшақарды ұрлап кетейік. Менде керемет сусын бар — соны Аяз Атаға ішкізсек, ол ұйықтап қалады. Сосын біз Ақшақарды алып кетіп, сыйлық талап етеміз.

Түлкі: Керемет! Қандай тапқырсың! Жүр, сусынымызды алып келейік.

(Түлкі мен Мысық шығып кетеді.)

Көрініс: Шамдар биі

Жүргізуші: Ақшақар, Аяз Атамыз кешігіп қалды. Бәлкім, бізді таба алмай жүрген шығар. Балалар, қазір шамдар биін билейік — сол жарықтың көмегімен Аяз Ата бізді тауып қалар.

Би: «Шамдар биі»

Аяз Атаның келуі және шыршаның шамдарын жағу

Аяз Ата

Құтты болсын, балалар, келген Жаңа жылдарың!
Алаңдамай өсіңдер, еркелеп, қыз-ұлдарым!

Өткен жылы келіп ем, бәріңді де көріп ем.
«Жыл өткізіп келем» деп уәдемді беріп ем.

Ойларың да, бойларың да бірдей өсіп қалдыңдар ма?
Ал, мен кіммін, айтыңдаршы — мені тани алдыңдар ма?

Жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Аяз Ата! Біз сізді көп күттік. Әдемі шыршамыздың шамдарын жағып берсеңіз екен.

Аяз Ата: Жарайды, бірақ маған көмектесіңдер. Қане, бәріміз бірге сиқырлы сөзді айтайық!

Хормен

Қуант, бізді таңырқат — шамдарыңды жарқырат!

(Шырша шамдары жанады.)

Тақпақтар легі және ән

Балалардың тақпақтары

Бибінұр

Тыңдап құлақ салыңыз,
Жасыл шырша — сәніміз.
Жаңа жылды жақсы әнмен
Кел, шырқайық бәріміз!

Айдын

Ақ қар жапты даланы,
Ақ жамылды айнала.
Жарқыратып шамдарын,
Шырша келді ортаға.

Кәусар

Аяз ата келіп тұр,
Бізге сәлем беріп тұр.
Сақалының ұзыны-ай,
Кесіп алсам шіркін-ай!

Азиза

Ақ қырауға малынған
Сақалы да, мұрты да.
Аяз ата сағынған
Сәлем берді жұртына.

Бекнұр

Аяз ата келіп тұр,
Бізге сәлем беріп тұр.
Бір қолында шоколад,
Бір қолында мармелад.

Ж. Нұрасыл

Әдемілеп біз ілген
Ойыншықтар тізілген.
Қандай әсем шыршамыз,
Ән шырқайық баршамыз!

Еңлік

Ал, балалар, билейік,
Ойнайық та, күлейік.
Аяз ата қуансын,
Доңғаланып жүрейік.

Мөлдір

Көрдің бе Аяз Атаны?
Аппақ екен сақалы.
Аппақ екен мұрты да,
Аппақ екен шапаны.

Рауда

Ақ таяғын таянып,
Таңмен бірге оянып,
Аяз ата келіп тұр
Ақ көрпеге оранып.

Ән

Жүргізуші: Аяз Ата, біздің тамаша әнімізді тыңдаңыз.

Ән: «Тамаша, тамаша»

Ән мерекенің ырғағын күшейтіп, балалардың ортақ қуанышын бір арнаға тоғыстырады.

Ойын: «Қар лақтыру»

Шарты: Балалар екі командаға бөлінеді. Себеттегі «қарларды» екі шелекке дәлдеп лақтырады. Бірінші болып толықтырған команда — жеңімпаз.

Шиеленіс: Ақшақардың ұрлануы

Ойын қыза түскен сәтте Түлкі мен Мысық қайта оралады.

Айла

Аяз Ата шөлдегенін айтқанда, Түлкі мен Мысық «дәмді сусын» ұсынып, ішкізеді. Сол мезетте Аяз Ата ұйықтап қалады. Олар Ақшақарды алдап, ұрлап кетеді.

Жүргізуші: Балалар, қане, Аяз Атаны бәріміз бірігіп оятайық! Қолымызды қатты-қатты шапалақтайық!

(Балалар шапалақтайды. Аяз Ата оянады.)

Аяз Ата: Ой, қатты ұйықтап кетіппін… Ақшақар қызым қайда? Ақшақар, қайдасың?

Балалар: Ақшақарды Түлкі мен Мысық ұрлап кетті!

Алдау әшкереленеді

Сол кезде Түлкі «Ақшақар» болып кіріп келеді.

Аяз Ата: Балалар, мынау Ақшақар ма?

Балалар: Жоқ! Бұл — Түлкі.

Аяз Ата: Әй, Түлкі, қызымды тауып бер! Әйтпесе, жазасыз қалмайсың.

Түлкі: Бізге сыйлық берсеңіз, Ақшақарды қайтарамыз.

Шешім

Аяз Ата «сыйлық» дайындайды. Түлкі мен Мысық Ақшақарды алып келеді де, сыйлықтарын алып, оны босатады. Бірақ сыйлықтан екеуіне жұпсыз аяқ киім шығады.

Түлкі мен Мысық: Жұпсыз аяқ киімді не істейміз? Аяз Ата, кешіріңіз… енді бұзық болмаймыз!

Ойын: «Кім жылдам?»

Түлкі мен Мысық балаларды екі командаға бөледі: біреуі — Түлкінің командасы, екіншісі — Мысықтың командасы. Бір жұпсыз аяқ киімді кезекпен киіп, орындықты айналып келіп, келесі ойыншыға береді. Бірінші болып бітірген команда жеңеді.

(Ойыннан соң Түлкі мен Мысық кетіп қалады.)

Көптілді тақпақтар

Палина

Дед Мороз, Дед Мороз
Ёлку из лесу принёс.
А пока я в сад ходила,
Мама ёлку нарядила.

Айару

Снег идёт, снег идёт!
Значит, скоро Новый год!
Дед Мороз к нам придёт,
Всем подарки принесёт!

Айжан

Наша ёлка высока,
Наша ёлка велика,
Выше мамы, выше папы,
Достаёт до потолка.

Ердәулет

Аппақ тонға оранып,
Базарлықты мол алып,
Келді алыс сапардан,
Аяз Ата оралып.

Нурислам

Жаңа жылым мол болсын,
Басқан қадам оң болсын.
Төрле, төрле, Жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын!

Назерке

Тамаша, тамаша,
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы —
Көз тоймайды қараса.

Айша, Сағынбек

Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағынған,
Міне, сұлу шыршамыз —
Көптен күтіп, сағынған.

Аяука

Безендіріп шыршаны
Жыл қуантты баршаны.
Той-маскарад басталды,
Аяз оны басқарды.

Ақшақардың мұңы және «Моншақтар» биі

Жүргізуші: Ақшақар, сен неге көңілсізсің? Балалардың өнері ұнамай қалды ма?

Ақшақар: Жоқ, бәрі керемет. Бірақ Түлкі мен Мысық ұрлап кеткенде, мойнымдағы моншағым үзіліп қалды.

Жүргізуші: Мұңайма, Ақшақар! Біздің қыздарда әдемі моншақтар бар — қазір саған сыйлайды.

Би: «Моншақтар» (қыздар моншақтарын Ақшақарға сыйға тартады)

Ақшақар: Рахмет сендерге!

Қорытынды: сыйлықтар мен ақ тілектер

Жүргізуші: Аяз Ата, Ақшақар, балаларымыз Жаңа жылға арнап тақпақ айтты, ән салды, би биледі, қызықты ойындар ойнады. Енді сыйлық беретін уақыт та келген сияқты.

Аяз Ата

Жарайсыңдар, балаларым! Бүгін мені қатты қуанттыңдар. Алыс жолдан шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер.
Барлығың да ақылды, білімді, өнерлі екенсіңдер. Киімдерің қандай әдемі! Солай емес пе, қызым?

Сыйлығымызға риза болыңдар. Ал енді біз жолға шығайық — басқа балалардың да өнерін тамашалайық.
Өсе беріңдер, өркендей беріңдер. Аспандарың ашық болсын! Қош болыңдар!

(Аяз Ата мен Ақшақар қол бұлғап шығып кетеді.)

Балалар: Сау болыңыздар! Рахмет сіздерге!

Мәлімет

Орналасқан жері

Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, «Балбөбек» бөбекжайы

Дайындаған

Жумагулова Гүлжан Базарбаевна