Ауылдарға саяхат

Тәрбие сағатының мақсаты

Балаларды кішіпейілділікке үйрету, үлкендерді сыйлауға, кішіге қамқор болып көмектесе білуге баулу; жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман әдеттен жирену сезімін дамыту. Оқушылардың ұнамды және ұнамсыз қылықтарды ажырата алуын қалыптастырып, әдеп әліппесін бойына дарыту; тіл байлығын және танымдық белсенділігін арттыру. Көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білу дағдысын орнықтыру.

Міндеттері

  • Өзара сыйластық қарым-қатынастың адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
  • Жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту.
  • Жақсылыққа, имандылыққа, адамгершілікке, шыншылдыққа, қамқорлыққа тәрбиелеу.

Әдістері

Сұрақ-жауап, ізденушілік жұмыс, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.

Сабақ түрі

Саяхат сабақ.

Көрнекілік

Медиапроектор, слайдтар, қанатты сөздер, үнтаспа.

Формат

Семинар сабағы.

Сабақтың эпиграфы

«Адамның бойындағының бәрі: келбеті де, киімі де, жан дүниесі де, ойы да әдемі болуға тиіс... Мен көркі мен киіміне қарасам, көз сүйсіндіріп, бас айналдыратын адамдарды жиі көремін, ал жан дүниесіне үңілсек — құдай сақтасын! Әп-әдемі сыртқы қабықтың ішіндегі жанның қап-қара болатыны сонша, оны ештеңемен жуып кетіре алмайсың».
А. П. Чехов

Кіріспе сөз

Адамның адамгершілік пен саналылық деңгейі оның тәртібі мен іс-әрекетін айқындайтыны әлдеқашан дәлелденген. Әдептілікке және кішіпейілділікке тәрбиелеу — баланың жеке тұлға болып қалыптасуы мен дамуының маңызды бағыты. Бұл үдеріс баланың ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өзіне деген қатынасын қалыптастыруды көздейді.

Адамгершілік қасиеттер жақсы мінез-құлықтан, жақсы әдет пен жақсы әдептен құралады. Ол ана сүтімен, әкенің үлгі-өнегесімен, ата-әженің өнегелі тәрбиесімен бойға сіңеді. Мектепте ұстаздар жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты ажырата білуге көмектеседі және өмірде дұрыс бағыт таңдауға үйретеді.

Ең маңыздысы — өзіңе керегін саралап, таңдап, бағалап, байыппен қабылдай білу. Жақсылыққа үйрену, жамандықтан жирену — әр адамның өз жауапкершілігі. Жақсы адам боламын, өмірде мақсатыма жетемін десең, бойдағы қасиеттерді ізгілендіріп, адамгершілікке ұмтылған жөн. Әдептілік, сыпайылық, ізеттілік бар жерде адам бейнесі де парасатты, келбеті де жарасымды көрінеді.

Ұлағатты сөз

Мұғалімнің сұрағы

«Ұлы ойшыл Әл-Фараби тәрбие туралы қандай өсиет айтқан?»

Шолпанның жауабы

«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы».

Тақырыптық өзек

Тәрбие нәтижесі — тәртіп. Сондықтан бұл тәрбие сағатының тақырыбы: «Тәртіп — тәрбие бастауы, тәртіпсіздік — өміріңнің қас жауы».

Тәрбиенің бағыттары

  • Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие
  • Рухани-адамгершілік тәрбиесі
  • Отбасы тәрбиесі
  • Өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту қажеттілігін қалыптастыру
  • Әлеуметтік мәнді және жеке қасиеттерін қалыптастыру
  • Коммуникативті мәдениетті қалыптастыру

Коммуникативті мәдениет нені білдіреді?

Назиғат

Тәртіп қағидасын айқындайды.

Шолпан

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді дәріптейді. Әдепті, ізетті, кішіпейіл болуға жетелейді.

Еркебұлан

Сабақтан тыс уақытта және көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білуге дағдыландырады, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретеді.

Ортақ мақсат: жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру арқылы оқушылардың жасампаз әлеуетін ашу және рухани-адамгершілікке тәрбиелеу.

Семинар-сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Саяхат сабағы форматында карта бойынша бірнеше «ауылды» аралаймыз. Әр аялдамада әдеп, тәртіп және мәдениет тақырыбы ашылады.

І. «Ауылдарға саяхат» бөлімдері

Әдептілер

Ізеттілік, құрмет, кешірім, қамқорлық.

Тәртіптілер

Жауапкершілік, өзін-өзі бақылау, ортақ ережені сақтау.

Мәдениеттілер

Сөз мәдениеті, қарым-қатынас әдебі, көпшілік ортадағы мінез.

ІІ–V. Қосымша кезеңдер

  1. II Ескірмейтін есті сөз: ұлылардан қалған нақылдар.
  2. III «Жалғасын тап»: мақал-мәтелдердің жалғасын табу.
  3. IV Шығармашылық жұмыс: «Әдепті бала — арлы бала» тақырыбында ойтолғау.
  4. V «Хаттар сырына үңілейік»: өмірлік жағдаяттарды талдау.

І кезең: «Әдептілер» ауылына аялдама

Жолсерік хабарламасы

«Құрметті оқушылар! Біздің отарба Әдептілер ауылына келіп тоқтады. Тұру уақыты — 5 минут. Кешігіп қалмаңыздар!»

Шолпан

Әдептілік — адамдардың өзара қарым-қатынасы мен жүріс-тұрысын реттейтін ереже.

Маржан

Адам боламын деген бала жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез бен жаман әдеттен аулақ болуға ұмтылуы керек. Иманды бала дөрекілікке бармайды. Имандылық бар жерде рухани тазалық, сенім және ізгілік бар.

Қажымұқан

Әдептілік — әдеп, ізет, инабат, сыйластық, құрмет, қамқорлық деген ұғымдарды білдіреді. Сонымен бірге бір-бірімізге кешірімді болу да — әдептіліктің белгісі.