Отан туралы

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құмжарған негізгі мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Балгарина Айзада Романовна

Сабақ тақырыбы

Сырбай Мәуленов — «Менің Республикам»

Әдісі

Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту

Түрі

Ашық сабақ

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Тәуелсіз Қазақстан туралы білімді кеңейту.
  • Тәуелсіз Қазақстанды сын тұрғысынан бағалай білуге үйрету.
  • Ізденімпаздық пен шығармашылыққа деген ынтаны арттыру.

Дамытушылық

  • Оқушылардың алған білімін шығармашылық және зерттеушілік әрекетпен ұштастыру.
  • Жинақтау дағдыларын қалыптастыру, тіл байлығын молайту.

Тәрбиелік

  • Ана тілі арқылы шешендікке, ізеттілікке тәрбиелеу.
  • Отансүйгіштік сезімді күшейту.

Сабақтың жүру барысы

1) Ұйымдастыру

Сыныптың назарын сабаққа шоғырландыру, жұмыс форматын нақтылау.

2) Үй тапсырмасын сұрау

а) Ж. Молдағалиевтің «Ар-ұят» тақырыбындағы өлеңінен ұнаған шумақтарды теріп жазу және жаттау.

ә) Өлеңдегі ой-пікірлерге өз көзқарасын салыстырып айту.

Топтастыру

Ар-ұят

3) Ой шақыру

Үнтаспадан Бекболат Тілеухановтың орындауындағы «Менің елім» әнінен үзінді тыңдау.

Сұрақ-жауап

  • Тыңдаған ән не туралы? — Отан туралы.
  • Отан дегеніміз не? — Адамның туып-өскен жері, туғандарымен, отандастарымен бірге өмір сүретін мекені.
  • Біздің Отанымыз қалай аталады? — Қазақстан Республикасы.

Қазақстан туралы көптеген ақындар өлең жазған. Солардың бірі — Сырбай Мәуленов.

4) Мағынаны тану: Сырбай Мәуленов туралы мәлімет

  • 1922 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданында дүниеге келген.
  • Алғашқы «Өлеңдер» жинағы 1948 жылы жарық көрді.
  • «Жолдас», «Жас жүрек», «Жұлдыз жырлар», «Жол үстіндегі жалындар» және басқа да қырыққа жуық жыр жинақтың авторы.
  • Балаларға арналған «Барлаушы бала», «Құлыншақ», «Бала жолбарыс», «Қорқақ торпақ» сияқты шығармалар жазған.
  • А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Т. Г. Шевченко, Ә. Науаи шығармаларын қазақ тіліне аударған.
  • «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағымен (1970), І дәрежелі Отан соғысы орденімен (1985), «Қызыл Ту», «Халықтар достығы» (1982) марапаттарымен наградталған.

«Менің Республикам» өлеңімен танысу

Поэзия минуты

Өлеңді мәнерлеп оқу, интонация мен екпінге назар аудару.

Тауды көрсең күн көзімен таласқан,

Аспан көрсең Ай мен Күнге жол ашқан.

Менің байтақ Республикам таулары,

Менің көгім — мөлдіреген сол аспан.

Дала көрсең көкжиекпен ұштасқан,

Көлді көрсең секілді бір түскі аспан.

Менің байтақ Республикам даласы,

Менің көлім теңізбен қол ұстасқан.

Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,

Көрсең ашық Алатаудың күндерін.

Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген,

Ұлан-байтақ Республикам бұл менің.

Сырбай Мәуленов, «Менің Республикам»

Өлеңнің негізгі ойы

Ұлы Отанымыз — Қазақстанның кең-байтақ даласы, асқар тауы, жасыл орманы, мөлдір өзені мен көлдері адамды тәнті етеді. Осындай Отанға ие болу — мақтаныш.

«Менің Отаным — Қазақстан» деген ұғым жүрекке жақын, көңілге ыстық. Өлең туған елге деген сүйіспеншілікті күшейтеді.

Көркемдік ерекшелік: метафора

Ақын туған елге деген мәңгілік сезімді тау, аспан, Ай, Күн, көл, теңіз сияқты мәңгі құбылыстар арқылы береді. Бұл — метафора.

Көркемдеуіш сөздер арқылы «Отан да, оған деген сүйіспеншілік те мәңгі» деген ой түйінделеді. Өлең өршіл рухпен, көтеріңкі леппен оқылуы керек.

Ой толғаныс

Еркін жазу: тірек сөздермен эссе

Ұланымын ұлы елдің Туған өлке Таулы жер Хош иісті гүлдер Өзен Қазақстан Республика Кең Халық Елім Тіршілік Отан Ақын Ырыс Бақыт Болашақ

Осы сөздерді пайдаланып, туған ел туралы шағын эссе жазу.

Ұйқаспен өлең құрау

............................................ жерім
— (Қазақстан — кең-байтақ менің жерім)

............................................ белің
— (Ыстық маған тау-тасың, қырың-белің)

............................................
— (Көгінде күні әрдайым қалықтаған)

............................................ елім
— (Жасай берші, Тәуелсіз менің елім)

Қорытынды ой

Сабақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы оймен түйінделеді:

Еліміздің болашақта көркейіп, бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақтың қандай білім мен тәрбие алатынына тікелей байланысты. — Н. Ә. Назарбаев

Алдағы уақыттағы басты міндет — білім алу. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы сапалы біліммен қаланады.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, мәтінді талдау деңгейі, ой қорытуы және шығармашылық жұмыстары негізінде бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • С. Мәуленовтің «Менің Республикам» өлеңін жаттау.
  • Тақырыпқа сәйкес сурет салу.