Монтажды сымдар мен кабельдер туралы түсінік

1 курс Арнайы пән Таратушы құрылғылары бойынша электр құрастырушы

Сабақ тақырыбы: Электр кабельдері, сымдар және электр баусымдар (шнурлар)

Сабақ типі

Аралас сабақ

Пәнаралық байланыс

Электртехника, Физика, Материалтану

Техникалық құралдар

Мультимедиялық проектор, ноутбук

Сабақтың мақсаты

А

Білімділік

Сымдар мен кабельдердің қималары, маркілері, түрлері және бұйымдардың сипаттамалары туралы түсінік қалыптастыру. Ток өткізгіш бұйымдардың электротехникадағы маңызын меңгерту.

Ә

Дамытушылық

Пәнаралық байланысты жүзеге асыру арқылы студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту, ізденімпаздыққа ынталандыру және мамандыққа дұрыс бағдар беру.

Б

Тәрбиелік

Еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыру, ұқыптылыққа және үнемділікке баулу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Студенттердің қатысуын түгендеу және оқу құралдарын тексеру.
  2. Жаңа сабаққа назар аударту, сабақ мақсатын жариялау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. Электр қондырғыларының шартты белгілерін сәйкестендіру тесті.
  2. «Жұбын тап»: екі бағандағы терминдерді сәйкестендіру.

III. Жаңа сабақ

Тақырып: электр кабельдері, сымдар және электр баусымдар (шнурлар).

Сабақ жоспары

  1. Монтаждық сымдар мен кабельдер туралы түсінік (презентация).
  2. Монтаждық сымдар мен кабельдердің маркілері (презентация, бейнеролик).
  3. Сым қимасын есептеу.

1) Монтаждық сымдар мен кабельдер туралы түсінік

Монтаждық сымдар мен кабельдер электр аппараттарында және басқа да электротехникалық қондырғыларда әртүрлі қосылыстар жасауға арналған.

Монтаждық сымдар мен кабельдердің ток өткізгіш желілері негізінен мыс өткізгіштен жасалады. Олар бір сымды және көп сымды болып бөлінеді. Монтаждық сымдардың қима диапазоны әдетте 0,05–2,5 мм², ал кабельдердікі 0,35–2,5 мм². Желілер саны 1-ден 52-ге дейін болуы мүмкін.

Жоғары қыздыруға төзімді (шамамен 200–220°С) монтаждық сымдарда никельденген мыс желілер қолданылуы мүмкін.

Кабель ұғымы

Кабель (голл. kabel — «арқан, сым арқан») — сыртында қорғағыш қаптамасы бар, бір немесе бірнеше оқшауланған өткізгіштен (ток өткізетін талсымдардан) тұратын өткізгіш. Ол электр энергиясын және сигналдарды қашықтыққа жеткізу үшін пайдаланылады.

Кабель түрлері

  • Күштік кабельдер — өндіріс орындарында кең қолданылады.
  • Бақылау кабельдері — басқару, бақылау және автоматтандыру тізбектері үшін.
  • Арнайы кабельдер — жару жұмыстары, геологиялық және геодезиялық жұмыстарға.
  • Байланыс кабельдері — магистральды, облысішілік, қалааралық, суасты.
  • Ақпарат кабельдері — антенна, телефон, компьютер кабельдері.

Жарықдиодты кабельдер

Жарықдиодты кабельдер — күштік кабельдердің қызықты түрлерінің бірі. Мөлдір қаптамасы бар оқшаулама бойымен жарықдиод элементтері тізбектей жалғанып, декоративті түрлі-түсті суреттер мен композициялар жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әртүрлі механизмдер мен сахналық аппаратураларды қосуда қолданылады.

Күштік кабельдің құрылымдық мысалдары

Брондалған күштік кабель

  1. Ток өткізгіш талсым
  2. Талсымдардың оқшаулама қабаты
  3. Белдеулік оқшаулама
  4. Мырыштық қабат
  5. Қорғаныстық жабын

Жеке мырышталған домалақ талсымды күштік кабель

  1. Ток өткізгіш талсым
  2. Жартылай өткізетін қағаздан жасалған экран
  3. Қағаз-майлы оқшаулама
  4. Жартылай өткізетін қағаздан жасалған экран
  5. Мырыштық қабат
  6. Сіңдірілген кабельдік жіптермен толықтыру
  7. Сымды брон
  8. Қорғаныс қабаты

Бекіту сұрақтары

  1. Кабельге анықтама беріңіз.
  2. Кабельдің негізгі түрлерін атаңыз.

2) Монтаждық сымдар мен кабельдердің маркілері

Көптеген кабельдер мен сымдардың оқшаулама қабы сыртқы механикалық әсерден мақта-мата өріммен қорғалады. Маркілеу сым талсымдарының және оқшаулама қабының материалына байланысты жүргізіледі.

Маркілеудегі әріптердің мағынасы

A

Алюминий талсым

Егер бұл әріп болмаса — мыс талсымды.

Р

Резеңке оқшаулама

В

ПВХ (поливинилхлорид) оқшаулама

Н

Наирит оқшаулама

П

Сым

ПП

Жалпақ сым

О

Ортақ қабы бар (біріктірілген) сымдар

Т

Труба (құбыр) ішімен жүргізуге арналған

Г

Иілгіш

Д

Қос сым

Ш

Баусым (шнур)

Мысал маркілер: АПН, ПРТО, ПГВ.

ВВГ

Мыс талсымды, ПВХ оқшауламасы және ПВХ қабы бар, сыртқы қорғанысы жоқ күштік кабель. 50 Гц жиілікте, 600–1000 В кернеудегі токты тарату және жеткізуге арналған.

  • Талсым саны: 1–5
  • Қима диапазоны: 1,5–240 мм²

АВВГ

Алюминий талсымды, ПВХ оқшауламасы және ПВХ қабы бар, сыртқы қорғанысы жоқ күштік кабель. 50 Гц жиілікте, 600–1000 В кернеудегі токты тарату және қолдануға арналған.

  • Талсым саны: 1–5
  • Қима диапазоны: 1,5–240 мм²

ВББШВ

Мыс талсымды брондалған күштік кабель. Талсымы бір сымды немесе көп сымды болуы мүмкін. Оқшаулама мен кембрик аралығында ПВХ қолданылады, кейін екі лентамен брондалады.

  • Талсым саны: 1–5
  • Қима диапазоны: 1,5–240 мм²

ПП (жалпақ сым)

Бір сымды мыс талсымды, ПВХ оқшауламасы және ПВХ сыртқы қабы бар жалпақ сым. Стационарлық жарықтандыру желілерінде және розеткаларды монтаждауда қолданылады.

  • Номинал кернеу: 250 В
  • Жиілік: 50 Гц
  • Талсым саны: 2 немесе 3
  • Қима диапазоны: 1,5–6 мм²
  • Жұмыс температурасы: −15°С-тен +50°С-қа дейін
  • Иілу радиусы: 10 дм-ден аспауы керек

Бекіту тапсырмасы

Кабель және сым маркілерін ажыратып, әріптердің мағынасын түсіндіріңіз.

3) Сым қимасын есептеу

Қауіпсіздікті сақтау үшін кабель немесе сым таңдалған жүктемеге сәйкес болуы тиіс. Сондықтан өткізгіштің қимасын дұрыс анықтау маңызды.

Бір талсымды сым үшін

Сыртқы қабын ашып, диаметрін өлшейміз. Қима ауданы:

Формула

S = π · d² / 4

Мұнда: S — қима ауданы (мм²), π = 3,14, d — диаметр (мм).

Жақындатылған түрі

S ≈ 0,8 · d²

Есептеуді жеңілдету үшін қолданылады.

Мысал

d = 1,5 мм болса: S = 0,8 · 1,5 · 1,5 = 1,8 мм².

Көп талсымды сым үшін

Талсымдарды жеке-жеке ажыратып, ішіндегі талсым санын анықтаймыз. Алдымен бір талсымның қимасын s есептейміз, кейін жалпы қиманы S табамыз:

S = n · s

Есеп

Сым ішінде 37 талсым бар, әр талсым диаметрі d = 0,3 мм.

Бір талсым:

s = 0,8 · 0,3 · 0,3 = 0,072 мм²

Жалпы сым:

S = 37 · 0,072 = 2,66 мм²

Бекіту

Берілген диаметрлер бойынша бір талсымды және көп талсымды өткізгіштердің қимасын есептеп көріңіз.

Қорытынды бөлім

V. Үй тапсырмасы

  • Интернеттен тақырыпқа байланысты мақалалар жинап келу.
  • Ж. Жәнібеков, «Электрмонтер», 27-бет.

VI. Бағалау

Студенттердің сабаққа қатысуы, сұрақ-жауапқа белсенділігі және есеп шығару нәтижелері бойынша бағаланады.

Авторлық дерек

Атырау индустриалды колледжі
Арнайы пән мұғалімі: Дауылбаева Алтынай Орынғалиқызы