Бастауышы жоқ сөйлем

8-сынып • Қазақ тілі

Жалаң және жайылма сөйлем

Бұл сабақ оқушылардың жай сөйлем құрылымын тереңірек түсінуіне, жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыра білуіне және сөйлем мүшелерін дұрыс талдау дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Жалаң және жайылма сөйлем туралы түсінікті тереңдету.
  • Жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыруға үйрету.
  • Сөйлемді мүшелеріне талдауға дағдыландыру.

Күтілетін нәтиже

  • Жалаң және жайылма сөйлемді ажыратады.
  • Сөйлемге тұрлаусыз мүшелер қосып, жайылта алады.
  • Сөйлем мүшелерін дұрыс анықтап, талдау жасайды.

Қосымша мәлімет

Сабақ түрі:
жаңа сабақ
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, тарих
Көрнекілік:
интербелсенді құрал, слайдтар, семантикалық карта, тапсырмалар, ортақ бағалау парағы

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Оқушылармен амандасу.
  • Сынып оқушыларын түгелдеу.
  • Назарын сабаққа аудару.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Қазақ тілі – өз тілім, ана тілім,

Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.

Қастерлейді ұл-қызым мәңгі сені,

Болашағым, бақытым, дара тілім!

Балалар, кемеңгер ғұламалар сөйлеген қасиетті ана тілімізді қадірлей білейік. Бүгінгі сабағымызды көтеріңкі көңіл-күймен бастайық. Іске сәт!

Сабақ жоспары

  1. Білгенге маржан (ауызша сұрақтар)
  2. Жаңа сабақ
  3. Кім жылдам?
  4. Ойлан, тап
  5. Шығармашылық жұмыс
  6. Сабақты бекіту. Тест жұмысы

Үш топқа бағалау парақтары таратылады.

II. «Білгенге маржан» (ауызша)

  1. Сөйлем құрылысына қарай нешеге бөлінеді?
  2. Жай сөйлем дегеніміз не?
  3. Жай сөйлемнің түрлері қандай?
  4. Жақты және жақсыз сөйлем дегеніміз не?
  5. Жақсыз сөйлемнің жасалу жолдары қандай?

III. Жаңа сабақ: жалаң және жайылма сөйлем

Тақтаға сөйлемдер жазылып, сөйлем мүшелеріне талдату арқылы жаңа тақырып түсіндіріледі.

Жалаң сөйлемге мысалдар

  • Қар жауды.
  • Ұшақ көтерілді.
  • Мұғалім кірді.
  • Күн жылынды.

Талдау: бұл сөйлемдерде тұрлаусыз мүшелер жоқ, тек тұрлаулы мүшелер қатысқан.

Жайылма сөйлемге мысалдар

  • Қар қалың жауды.
  • Ұшақ биікке көтерілді.
  • Мұғалім сыныпқа кірді.
  • Күн көктемде жылынады.

Талдау: тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер де қатысып тұр.

Негізгі анықтамалар

Жалаң сөйлем

  • Тек тұрлаулы мүшелерден тұратын жай сөйлем.
  • Бастауыш пен баяндауыштан ғана құралған жай сөйлем.

Жайылма сөйлем

  • Тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер қатысқан сөйлем.
  • Тұрлаусыз мүшелері бар сөйлем.

Қорытынды: жалаң сөйлемді тұрлаусыз мүшелер қосу арқылы жайылма сөйлемге айналдыруға болады. Сондай-ақ жайылма сөйлемнің негізінде жалаң сөйлем жатады.

Оқулықпен жұмыс

114-жаттығу: жазбаша орындау (тақтада талдау жасау).

IV. «Кім жылдам?» (түрлендіру тапсырмасы)

Берілген жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге, ал жайылма сөйлемді жалаң сөйлемге айналдырыңыз.

1-топ

  • Абай отыр.
  • Хамит күндегісінен ерте тұрды.

2-топ

  • Анам келді.
  • Жаңбыр қатты жауып тұр.

3-топ

  • Сыныптастар жиналды.
  • Айжан қыздармен қатты жүгірді.

V. «Ойлан, тап»

Семантикалық кесте арқылы жалаң және жайылма сөйлемдерді ажыратып, дәлелдеңіз.

Сергіту сәті: аутотренинг

Орындыққа ыңғайланып отырыңыз. Қолды санға қойып, көзді жұмып, бұлшық етті босаңсытыңыз.

  • Мен ыңғайлы орналасамын.
  • Ешқайда асықпаймын.
  • Ақырын әрі байыппен рақаттанып дем аламын.
  • Мен тынышталамын.
  • Мен тынышпын, маған өте жақсы.
  • Денемнің барлық жері тыныш.
  • Қолым босаңсиды.
  • Бүкіл денем тыныш.
  • Денеме өте жағымды, ыңғайлы. Мен дем алып жатырмын.
  • Мен жақсы дем алдым.
  • Қолымнан, аяғымнан, бүкіл денемнен ауырлық сезімі арылды.
  • Басым сергек.
  • Өзімді жақсы сезінемін.
  • Ақырын көзімді ашамын.

VI. Шығармашылық жұмыс

Жазылым

«Қыс келбеті» тақырыбына жалаң және жайылма сөйлемдерді қатыстырып шағын шығарма жазыңыз.

Оқылым

Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдерді мәнерлеп оқыңыз.

Сабақты бекіту: тест жұмысы

1. Жай сөйлемнің ережесін табыңыз.

  • А) Бір ғана ойды білдіреді, бір интонациямен айтылады.
  • Ә) Екі немесе одан көп жай сөйлемнен тұрады.
  • Б) Күрделі ойды білдіреді.
  • В) Дыбыстардың жазудағы таңбасы.
  • Г) Адамның әр түрлі көңіл күйін білдіру.

2. Жай сөйлемнің түрлерін атаңыз.

  • А) Жақты сөйлем.
  • Ә) Салалас сөйлем.
  • Б) Құрмалас сөйлем.
  • В) Жай сөйлем.
  • Г) Лепті сөйлем.

3. Жақсыз сөйлемді табыңыз.

  • А) Марат жүгіріп кетті.
  • Ә) Аяғын аспаннан келтіру.
  • Б) Оларға келуге болмайды.
  • В) Жаз.
  • Г) Ақ жейделі бала.

4. Жай сөйлемді көрсетіңіз.

  • А) Сырын жасырмау.
  • Ә) Мен тауда ойнадым.
  • Б) Ауылдың малы.
  • В) Тон пішер.
  • Г) Жаздың жайлы күні еді, мен көрші ауылға барғанмын.

5. Жайылма сөйлемді табыңыз.

  • А) Мен кітапханадан қызық кітап алдым.
  • Ә) Асқар – инженер.
  • Б) Күз.
  • В) Бала – болашақ.
  • Г) Еңбекті бағалау.

6. Тек тұрлаулы мүшелерден тұрған сөйлемді көрсетіңіз.

  • А) Жаздыгүні.
  • Ә) Білім – адамның қанаты.
  • Б) Атам келді.
  • В) Күн қатты ысып кетті.
  • Г) Көгілдір түс.

7. Бірыңғай мүшелі сөйлемді табыңыз.

  • А) Қызық кітап.
  • Ә) Япыр-ай, Абайжан-ай.
  • Б) Марат, дүкенге баршы.
  • В) Ол – шындық.
  • Г) Табиғатты қорғау, сақтау – біздің парызымыз.

8. Үтір не үшін қойылған? Дұрыс жауабын белгілеңіз.

Құс қалықтайды, ұшады, сайрайды.

  • А) Бірыңғай баяндауыш.
  • Ә) Құрмалас сөйлем.
  • Б) Қаратпа.
  • В) Қыстырма.
  • Г) Оқшау сөз.

9. Жалаң сөйлем дегеніміз не?

  • А) Бастауыш пен баяндауыштан ғана құралған сөйлем.
  • Ә) Тұрлаулы мүшелерімен қатар тұрлаусыз мүшелері де бар сөйлем.
  • Б) Мазмұны толық берілген сөйлем.
  • В) Бастауышы жоқ сөйлем.
  • Г) Бастауышы әрдайым жасырын тұратын сөйлем.

10. Айқындауыш мүше қатысып тұрған сөйлемді тап.

  • А) Біз, жастар, еңбекте, оқуда алда болуымыз керек.
  • Ә) Содан бері бір қыс, екі жаз өтті.
  • Б) Айқыз ірілеу бір тасқа келіп, отыра кетті.
  • В) Мүйізінен ұстады да, сол қалпы қатып қалды.
  • Г) Ұжым тамаша табыстарға жетіп келеді.

Жауап кілті

1 — А; 2 — А; 3 — Б; 4 — Ә; 5 — А; 6 — Ә; 7 — Г; 8 — А; 9 — А; 10 — А.

Рефлексия

Оқушылар бүгінгі сабақта не түсінгенін, қандай тапсырма қиын болғанын және қай тұсты қайталау керек екенін қысқаша айтады.

Үй тапсырмасы

112-жаттығу: қарамен жазылған жай сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талдаңыз.

Оқушылардың білімі бағаланады.

Автор туралы

Өңірі:
Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Алтынды ауылы
Мектебі:
Тұрсынбек Кәкішев атындағы Алтынды орта мектебі
Пәні:
Қазақ тілі мен әдебиеті
Мұғалім:
Искакова Майра Сәркенқызы