Әлия әні

Сабақтың мақсаты

Бұл сабақ Ұлы Отан соғысы туралы түсінікті тереңдетіп, ел еркіндігі мен бостандығын қорғаған қазақстандықтардың ерлік істерін таныстыруға бағытталады.

Көрініс: «Бейбіт өмір»

Ауылдың тыныш тіршілігі. «Желсіз түнде жарық ай» әуені естіледі. Сахнада ауыл жастары серуендеп жүреді.

1-жігіт

Оу, қыздар, жігіттер, бұл не тұрыс? Көңілімізді көтеріп, Абай атамыздың бір әнін шырқасақ қайтеді?!

1-қыз

Дұрыс айтасың. Айтайық.

Ән басталып, көпшілік қосылады. Ән аяқталар тұста күн райы бұзылып, күн күркірейді. Радиодан дауыс естіледі.

Радио дауысы

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Мәскеу! 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кірді.

1-келіншек

Соғыс дейді… Естідіңдер ме?

2-келіншек

Сұмдық-ай… Енді қайттік? Күніміз не болар екен?

1-келіншек

Қойыңдар, жамандық шақырмаңдар! Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?!

1-азамат

«Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер. Ер басына күн туса, етігімен су кешер», — деген бар емес пе?! Жыламаңдар! Көз жастарыңды тыйыңдар!

2-азамат

«Отан үшін отқа түс — күймейсің», — деген дана халқымыз. Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр.

1-азамат

Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз! Ендеше, Отан үшін аттанайық!

Барлығы: Отан үшін аттанайық!

Осы сәтте Ұлы Отан соғысы туралы кинофрагмент көрсетіледі.

Тарихи кіріспе

1-жүргізуші

1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 4-те бейбіт елімізге фашистік Германия тұтқиылдан опасыздықпен соғыс ашты. Суық хабар сол сәтте-ақ кең байтақ елімізге, ауыл-селоларға тарады. Отанымызға қатерлі күн туды. Мөлдір аспанды қара бұлт торлады: шаттық әні қайғылы үнге, нұрлы күн қаралы күнге айналды. Адольф Гитлер бастаған фашистік Германияның зобалаңы — соғыс жарасы — адамзат жүрегінде әлі де сақтаулы. Отанды қорғау үшін мыңдаған ер-азаматтар мен қайсар қыздар майданға аттанды.

2-жүргізуші

Кең байтақ Қазақстанда да соғыс оты шарпымаған шаңырақ кемде-кем. Жүз мыңдаған ата-әжелеріміз соғыстың алғашқы күндерінде-ақ майданға аттанды. Жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды деген дерек — тыл еңбегінің ауқымын көрсетеді.

1-оқушы

Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса-дағы ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным, басымды иіп бір минут,
Еске алам сол бір апат қайғыны.

2-оқушы

Аңыздардан тере жүріп мақсұты,
Рас, рас — көзімізден жас ақты.
Бірақ сол дауыл жылдар, от жылдар
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

Бөлім

«Батырлар биі» (сахналық қойылым/би)

Ерлік — мәңгілік мұра

Отанын қасық қанымен, албырт жанымен қорғаған батырларымыздың ерлігі тарихта мәңгі сақталады. Кеңес Одағы Батыры атағын алған тұлғалардың есімдері ұрпақ жадында.

Бауыржан Момышұлы Талғат Бигелдинов Әлия Молдағұлова Мәншүк Мәметова Рақымжан Қошқарбаев Төлеген Тоқтаров

Бауыржан Момышұлы

1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Көлбастау ауылында дүниеге келген. Даңқты жауынгер, гвардия полковнигі, жазушы. Ерлігімен ел жадында қалған. Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағына ие болды.

Бауыржан Момышұлы — қара басы,
Халқымыздың болған адам садағасы.
Бауыржан Момышұлы — қазақ деген,
Ғаламат ұлы сөздің баламасы.

Әлия Молдағұлова

1924 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында дүниеге келген. Екі жасында жетім қалып, Әубәкір ағасының тәрбиесінде болды. Кейін Санкт-Петербург қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1943 жылы, 19 жасқа толмай жатып, Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Даламыздың даңқысың, балауса гүл — Әлия!
Шоқ жұлдыздай жарқырап, ағып түскен — Әлия!
Мәңгі жасап жерде енді, биіксің сен, Әлия!
Саған деген еліңнің көңілі — шексіз дария.

«Әлия» әні орындалады.

Мәншүк Мәметова

1922 жылы 8 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы өңірінде дүниеге келген. Әкесі Ахмет — дәрігер. Мәншүк те дәрігер болуды армандаған. 1943 жылы 15 қазанда ерлікпен қаза тапты. 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды.

Қыр қызы орындады берген антын,
Халқына адал болу — ердің салты.
Ел үшін қасық қанын аямаған,
Жүректе мәңгі өшпейді Мәншүк аты.

«Мәншүк апай» әні орындалады.

Жерлестер ерлігі: Мәлік Ғабдуллин

Ұлы Отан соғысына біздің жерлестеріміз де қатысты. Солардың қатарында Мәлік Ғабдуллин, Баян Жанғалов, Александр Иванович Шестаков және басқа да ерлер бар.

Өмір жолы мен майдандағы еңбегі

Ғабдуллин Мәлік Ғабдоллаұлы 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген. Ол — Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер.

1941 жылы соғыс басталғанда, алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанды. Майданда қаһармандықтың жоғары үлгісін көрсетті. «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», «I дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.

1943 жылдың 30 қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оған «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені тапсырылды.

Мұрасы

  • 1973 жылы 2 қаңтарда дүниеден өтті.
  • Алматы, Астана және Көкшетау қалаларында көшелерге есімі берілді.
  • Тұрған және еңбек еткен үйлеріне мемориалдық тақталар орнатылды.
  • Көкшетау қаласында мұражай ашылды.

Жеңіс күні — ұрпақ жады

1-жүргізуші

Халқымыздың зердесіне 1945 жылдың 9 мамыры мәңгі сақталады, ғасырлар бойы ұмытылмайды. Себебі бұл — Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталған күні. Әлем фашистік құлдық қаупінен азат етілген күн.

2-жүргізуші

Иә, бұл — Жеңіс күні.

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні — әрқашан тарихымыздағы қасиетті мерекелердің бірі болып қала береді.

1-оқушы

68 жыл — бейбіт көктем таң атқалы,
68 жыл — шуақты күн таратты әнін.
Есімде содан бері 68 рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

2-оқушы

Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.

3-оқушы

68 жыл — үзілмеді құстар әні,
Кетті енді сұм соғыстың қыспағы әрі.
68 жыл — жауымыздың ажал оғы
Біздің ел үстіменен ұшпағалы.

Қорытынды ән

Оқушылар «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындайды.