Озық ойлы оқушы
Кіріспе: «Білім керек бәріне!»
Мұғалім: «Білімді, тәрбиелі ұрпақ — ел келешегі». Бүгінгі жиынымыздың тақырыбы — «Мектеп ережесін сақтайық!»
Сендердің мектепке келудегі басты мақсаттарың — білім алу. Білім — тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз үдерісі. Білім арқылы адам өзін де, қоршаған ортаны да, кең дүниені де таниды; өз табысы мен жетістігін көрсете алады; қоғамға қызмет етеді.
Егемен еліміздің болашағы — білімді ұрпақ. Ол үшін әрқайсыңда мүмкіндік те, уақыт та бар. Сондықтан тынбай еңбек етіп, ізденіп, білім алуға ұмтылу керек.
Негізгі ой
Білім — өмір жолын жарық ететін шырақ. Мектеп ережесін сақтау — сол білімге апарар мәдениетті, жауапкершілікті жол.
«Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы»
Мұғалім: «Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы». Оқу арқылы адам бойына білім жинақталады. Оқу — білімнің қайнар көзі. Шырақ әрдайым айналаға нұр шашып тұратыны сияқты, сендер де білімді болсаңдар, өмірде жарық сәуледей жарқырайсыңдар.
Енді мектеп, оқу, білім туралы оқушылардың өлең-тақпақтарына кезек берейік.
Мектеп — қамқор анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін,
Біз оқушы боламыз!
Мектеп — анам бүгінде,
Мектеп — алтын босағам.
Мектеп берген біліммен,
Марқаяды жас ұлан.
Кітап — білім бұлағы,
Білім — өмір шырағы.
Осы мақал мәнісін
«Қалай?» — деп інім сұрады.
Болғың келсе білімді,
Кітаппен достас мәңгілік.
Жадында білім жаңғырып,
Оятар сана-сезімді.
Танырсың жатты, өзіңді,
Ашарсың сөйтіп көзіңді.
Алақай-ау, алақай!
Алақай-ау, алақай!
Бұдан былай мен енді,
Емеспін жай балақай.
Осыдан да көлемді,
Оқи алам өлеңді.
Бардым мен мектепке,
Оқушымын мен енді!
Кемені басқарып,
Көк жүзінде самғасам.
Тауды бұзып, тас жарып,
Мұхиттарды жалғасам.
Таңғалдырар бар елді,
Ғажап қалалар сала алсам.
Жасартатын әжемді,
Дәрі ойлап таба алсам.
Оқушы анты
Бұл ант — оқушының мектеп ережесін сақтауға, білімге адал болуға және азаматтық жауапкершілікті сезінуге берген уәдесі.
Мен Қазақстан азаматы ретінде сүйікті Отаным — Қазақстанның дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы, әділетті, өркениетті ел болуы үшін сапалы білім аламын. Туған халқымның ата-дәстүрін жалғастырамын. Мемлекетімнің Президентін құрметтеймін. Ата Заңды бұлжытпай орындаймын. Елімнің Туын, Әнұранын, ана тілімді, келешекке жолдама беретін алтын ұя мектебімізді сыйлап, қастерлеймін — деп ант етемін.