Тәуелсіздіктің түп тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас

Сабақтың мақсаты

Негізгі бағыт

Оқушылардың ұлттық тарихқа деген көзқарасын қалыптастыру; елді, Отанды сүюге баулу; егемен елімізді сақтап, гүлдендіруге құштар, патриоттық рухы жоғары жастарды тәрбиелеу.

Тағзым

Желтоқсан оқиғасында қаза болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне құрмет көрсету.

Көрнекіліктер

  • Плакаттар
  • Суреттер
  • Буклеттер
  • Нақыл сөздер
  • Интерактивті тақта

Кіріспе сөз

Өлең жолдары

Көк туым көтерілді, бағым жанып,
Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.
Шырқадым Әнұранды бар дауыспен,
Арманым — Ата заңым қабылданып.

Тәуелсіздікке бастар жол

Тәуелсіздік туын көтеріп, қазақтың көк байрағын биік ұстап, ел екенімізді әлемге танытқан әрі дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына биыл 25 жыл толды.

«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын, ұранға Алаш деген атты аламын» деп азаттықты аңсаған алаш арыстары қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік террордың құрбаны болды. Сол азаттық идеясын жалғастырған кейінгі толқын 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.

Тарихтың тамыры

Тәуелсіздіктің түп-тамыры Желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты. «Түбін білмеген — тексіз» деген сөз осындайда ойға оралады: азаттықтың негізі бабалардың ар-намысынан бастау алады.

Бейбіт шеруге шыққан жастардың бір бөлігі қанды қақтығыста қаза тапты, ал аман қалғандары аңсаған еркіндіктің игілігін көріп отыр. Уақыт емші дегенмен, қыршын кеткен бауырлар еске түскенде жан жарасы қайта жаңғырады.

Есімдері ұмытылмайды

Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды азаматтарды естен шығару мүмкін емес.

Желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланады.

1986 жылғы Желтоқсан: оқиғаның қысқаша өрбіуі

16 желтоқсан

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрын Ульянов облыстық партия комитетін басқарған Г. В. Колбин сайланды.

Бейбіт шерудің себебі

Бұл шешім студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруге шығуына түрткі болды.

Қуғын мен қысым

Алаңға шыққан жастар қарулы күшпен басып-жаншылды. Демонстрация аяусыз түрде таратылды. Бұл оқиға ұлттық сана мен намысы оянған жаңа, қайсар буынның келгенін әлемге әйгілеп берді.

Тәрбие сағатының атауы

«Тәуелсіздік бастауы — Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағаты басталады.

Хор: Мемлекеттік Әнұран

Қайрат Рысқұлбеков тағдыры

Жапқан жала

1986 жылғы Алматы оқиғасының бас қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековке ауыр айып тағылды: 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында «бұзақылық жасады» деген айыппен жауапқа тартылды.

Небәрі жиырма бір жастағы жігіттің мойнына мұндай ауыр қылмысты арту — сол кезеңдегі солақай саясаттың айқын көрінісі еді.

Сот үкімі

Сот процесі 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін өтті. Сот Қайрат Рысқұлбековті Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 173-бабының 1-тармағына сәйкес ату жазасына кесті.

Кейін ең ауыр жаза 20 жылға ауыстырылды. Алайда 1988 жылы 21 мамырда ол белгісіз жағдайда дүниеден өтті.

Ән. Көрініс.

Желтоқсан құрбандары: жас тағдырлар

Ләззат Асанова

Ұлт намысын қорғап алаңға шыққан жалын жүрек жастардың қатарында Чайковский атындағы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова да болды. Ол Желтоқсан құрбанына айналарын, бәлкім, білген де емес. Ар-ожданы тапталып, озбырлық көрген Ләззаттың қазасы бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып келеді.

Сәбира Мұхамеджанова

Сәбира Мұхамеджанова 8 жылдық мектепті үздік бітірген. Ол Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шындығын білгісі келді. 26 желтоқсанда өткен жиналысқа анасымен бірге барған Сәбираға айып тағылып, қысым көрсетіледі. Содан кейін ол жатақханадағы бөлмесінің терезесінен секіріп кетеді.

Ақталу

1991 жылғы 12 желтоқсандағы «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлыққа сәйкес бірқатар азаматтар ақталды: Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Түгелбай Тәшенұлы, Қайыргелді Күзембайұлы, Жамбыл Тайжанұлы.

Өлең жолдары

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған.

Қорытынды

Тарихтан жеткен аманат

Қазақ халқы талай зұлматты бастан өткерді: туған жерінен, елінен айырылып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін көрді. Сондай ауыр шақта бір қария баласына:

«Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың», — деген екен.

Бүгінгі ұрпаққа тілек

Бүгінде сол қарияның баласы болмаса да, ұрпағы егемен ел болып, ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр.

Ендігі тілек — тәуелсіздік туын көкке көтерер, көк байрағымызды желбіретер жас ұрпақ ата-бабалар аманатына адал болып, өз жерін, өз елін қадірлеуді ешқашан ұмытпаса екен.

Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болсын. Егемендігіміз мәңгі жасай берсін.

Осылайша «Тәуелсіздік бастауы — Желтоқсан» атты тәрбие сағаты тәмамдалады.