Жұмыстың міндеттері
Кіріспе
Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері. Ол өз заманының ең өзекті мәселелерін көтеріп, жыр төккен азамат ақын әрі жаңашыл жазушы, сол жаңалықтың тынымсыз жаршысы болды.
Ыбырай Алтынсарин қазақ ағартушылығы тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол өз бойындағы қуат-жігерін халық мүддесі үшін аямай жұмсаған адал азамат еді.
Алғашқы мектептер
Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оқыту ісін жүйелеуге күш салды.
Оқулық және әдістеме
Орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазып, өзі сабақ берді; жаңа талапқа сай мұғалімдер даярлауға ерекше мән берді.
Таңдап-талғау
Еуропа және орыс педагогикасындағы озық идеяларды сол күйінде көшірмей, қазақ баласының түсінігіне лайықтап бейімдеді.
Жаңа бағыттар
Ауыл шаруашылығы және қолөнер мектептерін ұйымдастырды, қазақ жерінде алғаш қыздар мектебін ашты.
Ұлы ағартушы-ұстаз халқымызды білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бар күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, бүкіл саналы ғұмырын соған арнады.
Жұмыстың өзектілігі
Ыбырай Алтынсарин — ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де, қазақ балаларына «Кел, балалар, оқылық» деп жар салудан танбаған бірегей тұлға. Ол осы үндеуі арқылы жас ұрпақтың надандық қамытын киюіне жол бермеуді мақсат етті. Бұл қанатты сөздер бүгін де өз күшін жойған жоқ.
Сондықтан Ыбырай атамыздың ісін жалғастырып, арманын жүзеге асыру — біз үшін үлкен құрмет әрі зор міндет.
Мен Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 6 «В» сынып оқушысымын. Бұл мектепті Ыбырай атаның өзі 1889 жылы ашқан. 1960 жылдан бастап оқу орнына ұлы ағартушының есімі берілді. Осы мектепте оқи жүріп, менің Ыбырай атаның өмірбаянына, ағартушылық қызметіне және шығармашылығына деген қызығушылығым артты. Онымен тереңірек танысқым келді, соның нәтижесінде осы жұмысты жазуға мақсат қойдым.
Жұмыстың мақсаты
Халқын қалтқысыз сүйген, сол кездегі аянышты ахуалына күйінген, болашағына зор үміт артқан Ыбырай Алтынсариннің өміріне, шығармашылық жолына және ғылыми еңбектеріне шолу жасап, оның өсиетінің бүгінгі қазақ жастары үшін өзектілігін көрсету.
Жұмыстың міндеттері
- Ыбырай Алтынсариннің шыққан тегі мен қызмет жолын қарастыру.
- Ғылыми-зерттеу бағыттарын анықтау.
- Шығармалары мен аудармаларын зерделеу.
- Қазіргі кезеңдегі Ыбырай еңбектерінің рөлі мен маңызын көрсету.
I. Ыбырай Алтынсарин өмірінің ерекше белестері
1.1. Өмірбаяны, отбасы және туған-туысқандары
Талай дана мен дарабоз тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген дархан Қостанай топырағында ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан ұстаз Ыбырай Алтынсарин де дүниеге келді.
- Аты-жөні
- Ыбырай (шын аты — Ибраһим) Алтынсарин
- Туған күні
- 1841 жыл, 20 қазан
- Туған жері
- Қостанай қаласы, Затобол ауданы
- Тәрбиесі
- Әкесінен айырылғаннан кейін атасы Балғожа бидің қолында тәрбиеленді
Ыбырай үш жасқа келгенде әкесі Алтынсары қайтыс болады. Оны Кенесары шапқыншылығы кезінде өлтіріп кетеді. Сол оқиғада Ыбырайды әкесінің досы Жетібай Өтемісұлы аман алып қалады.
Білім жолындағы алғашқы қадам
1846 жылы Балғожа би Ыбырайды Орынбордағы Шекара комиссиясы жанынан ашылатын мектепке жаздырып қояды. 1850 жылғы 22 тамызда ол сол мектепке қабылданған алғашқы 30 оқушының бірі атанады. Осы кезден бастап Ыбырай уақытын жан-жақты білім алуға арнап, ерекше ынтамен оқуға кіріседі.