Асық иіру ойыны

Сабақтың тақырыбы: Жетіген аспабы

Мақсаты

Жетіген аспабы туралы түсінік қалыптастыру: шығу тарихы, үні, ерекшелігі. Ұлттық аспапты қадірлеуге және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Әнді көңілді, серпінді сипатта орындауға үйрету.
  • Көркемдік талғамды дамыту, шығармашылық ізденіс дағдыларын жетілдіру.
  • Халық музыкасына қызығушылықты арттыру.
  • Өткен мен бүгінгі халық өмірінің өзара байланысын түсіндіру.

Қысқаша бағдар

Ұйымдастыру, үй тапсырмасын қайталау, ой қозғау арқылы жаңа тақырыпқа өту, кейін Жетіген туралы аңызбен танысу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Сәлемдесу
  • Түгелдеу

2) Үй тапсырмасын тексеру

Слайд арқылы суреттер көрсетіліп, таныс аспаптардың атауы, ойналу тәсілі және қай түрге жататыны талқыланады.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Аспап неден, қалай жасалған?
  • Қалай ойналады, қандай дыбыс шығарады?
  • Ертеде бұл аспап қай жерде, қандай мақсатта қолданылған?

Жұмбақ

Ұрасың оны, соғасың,
Жиналып мұнда қаласың.
Естіледі жаңғыра —
Дабыл қаққан...

Жауабы: даңғыра Түрі: ұрмалы

Ойналу тәсілі: ұрып ойнайды.

Жұмбақ

Кездеседі бұл аспап некен-саяқ,
Сыңғырлаған қоңырауы өзіне сай-ақ.
Бақсылардың қолында жүрдің талай,
Қазағымның аспабы — ...

Жауабы: асатаяқ Түрі: сілкімелі

Ойналу тәсілі: сілкіп ойнайды.

Жұмбақ

Екі ішекке бір тиекті қондыра,
Ойнаймыз біз қолымызды талдыра.
Білсең егер айта қойшы, балақай?!
Бұл қай аспап? Бұл — кәдімгі...

Жауабы: домбыра Түрі: ішекті

Ойналу тәсілі: шертіп, қағып ойнайды.

Орындау тапсырмасы

Домбыра мен асатаяқтың сүйемелдеуімен оқушылар халық әні «Еркем-ай» әнін орындайды:

  • Әзидолла — мүйіз
  • Ғалымжан — асатаяқ
  • Қуаныш — домбыра

3) Ой қозғау: «Асық иіру»

Асық — қазақ балаларының ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Бүгінгі сабақ осы асықпен байланысты туған көне музыкалық аспапқа жетелейді.

Сұрақ

Асық саны қанша?

Жауабы: жетеу

Нота сауаттылығының құпиясы

«7» санымен байланысты ұғымдарды атау: жеті ата, жеті күн, жеті қазына және т.б.

Осыдан қандай аспап ойға келеді? Жетіген

Оқушылар дәптерлеріне күннің жадын және тақырыпты жазады: «Жетіген аспабы».

Жаңа сабақ: Жетіген туралы аңыз

Ертеде, жаугершілік заманда бір кемпір мен шал өмір сүріпті. Олардың жеті ұлы болған екен. Ұлдары кішкентай кезінде асық ойнағанды жақсы көріпті. Уақыт өте келе жеті ұл ел қорғайтын ержүрек азамат, батыр болып өседі. Әкесі олардың ойнаған асықтарын көзінің қарашығындай сақтап қояды.

Бір жылы ауылға жұт түсіп, жұрт ашығып, мал қырылады. Сонда жеті ұл малды аман алып қалу үшін суы мен шөбі мол жер іздеп кетеді. Бірақ олар сол кеткеннен қайтып оралмайды.

Шал мен кемпір ұлдарын сағынып, қайғыға батады. Сонда шал ағаштан ойып бір аспап жасайды: әр ұлына арнап жеті ішек тағады. Дыбыс шығаруы үшін ұлдарының асықтарын тиек орнына пайдаланады. Сөйтіп, ұлдарына арнап күй тартады.

Бұл күй ел арасына тез тарайды. Халық оны «Жетігеннің жетеуі» деп атап, ал аспаптың өзін Жетіген деп атайды. Аңыз бойынша, сол аспапта шалдың жеті ұлының асықтары қалған деседі.

Талқылау сұрақтары

  • Аңызда қандай оқиға баяндалады?
  • Шал қандай аспап жасайды?
  • Аспапты қалай жасап, қалай дыбыс шығарған?
  • Неліктен аспап «Жетіген» деп аталған?