Қандай сезімде тұрсыңдар
Қысқа мерзімді сабақ жоспары (География, 10-сынып)
Мақсаты
Білім берудегі жаңа тәсілдерді қолдана отырып, Түркіменстан Республикасының өзіндік ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастыру; пайдалы қазбаларын және шаруашылығын анықтау; сыни тұрғыдан ойлау арқылы бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамытуға жағдай жасау.
Күтілетін нәтижелер
- Түркіменстан Республикасының даму тарихын сипаттап, негізгі кезеңдерін анықтайды.
- Алған білімдері негізінде постер дайындап, проблемалық жағдаят ұсынады.
- Өзгелерді тыңдай отырып, білімін толықтырады және дәлелді пікір айтады.
- Ойды қорытындылап, мәселені шешудің үлгісін ұсынады.
- Идея алмасу арқылы топтасуды үйреніп, бірлескен жұмыста сыни ойлау дағдыларын дамытады; ойын еркін жеткізеді.
Қолданылатын модульдер
Құрал-жабдықтар
- Флипчарт
- Түрлі-түсті бояулар
- Маркер
- Дүниежүзі саяси картасы
- Атлас
- Интербелсенді тақта
- Постер
- Стикер
- Ноутбук
I кезең — Ұйымдастыру
Психологиялық ахуал қалыптастыру (алғашқы рефлексия). Уақыты: 3 минут.
Жетекші сұрақтар
- Балалар, көңіл-күйлерің қалай?
- Қандай сезімдесіңдер?
Тренинг: «Жылы алақан»
Топ мүшелері үлкен шеңберге тұрып, алақандарын бір-біріне тигізе отырып жылы лебіз айтады. Жақсы ой, жүректегі жылы сезім және қолмен жасалған жақсылық өмірді де, қоғамды да жақсартады — адамды адам ететін құндылықтар осы.
II кезең — Үй тапсырмасын тексеру
«Себет ішіндегі алмалар» әдісі. Уақыты: 10 минут.
Тексеру сұрақтары (Қырғызстан тақырыбы бойынша)
- Қырғызстанның аумағы қанша? Астанасы қай қала?
- Географиялық орнының қандай ерекшеліктері бар?
- Табиғат жағдайлары мен ресурстар шаруашылық мамандануына қалай әсер етеді?
- Халықтың жас құрылымы мен ұлттық құрамына қандай факторлар ықпал етеді?
- Ел экономикасын дамытудың қандай бағыттары анықталған?
- Өнеркәсіптің маманданған салаларын атаңдар.
- Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыты қандай?
- Шаруашылықтың негізгі түрлері қандай?
- Көлік жүйесі мен сыртқы экономикалық байланыстарын сипаттаңдар.
Құндылықтарға назар
«Жасыл желек — жердің сәні, саялы. Қамқор болсаң, жапырағын жаяды. Мейіріммен жүректің жылуын арна, соған қоса алақан керек аялы. Өсімдік — өмір тірегі, талас бар ма? Тіршілік өсімдіксіз жарасқан ба?»
Осы ойды негізге ала отырып, «даналық ағашын» бірге әрлейміз.
III кезең — Қызығушылықты ояту
Ойтолғау: ассоциация стратегиясы. Уақыты: 1 минут.
Бағдарлау сұрағы
«Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», — дегендей: жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір туысқан жұрт Азияда орналасқан қандай мемлекет деп ойлайсыңдар?
Сол мемлекет туралы нені білеміз? Білгенімізді қысқа тірек сөздермен атап өтейік.