Әдепті бала ата - анасын мақтатар
Қызылорда қаласы
Таңқыбаева Ботакөз Рахманқызы
Тақырып
Әке – тірек, ана – жүрек, бала – тілек
Бұл тәрбие сағаты отбасы құндылықтарын жаңғыртып, ата-анаға құрмет пен бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті терең түсіндіруге бағытталған.
Мақсаты
Білімділігі
Бала бойына сүйіспеншілік пен жылылық ұялату; ата-ананы құрмет тұтып, адал әрі парасатты ұл мен қыз болып қалыптасуына ықпал ету.
Дамытушылығы
Халық тәлім-тәрбиесінің ана ақ сүтімен, әже өнегесімен, ата ақылымен берілетінін ұғындыру; ұлттық қасиеттерді бала бойына дарыту.
Тәрбиелілігі
Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдыққа, қайырымдылыққа, достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Көрнекілік
- Мультимедиада дайындалған слайдтар
- Нақыл сөздер
- Сұрақтар
- Бейнероликтер
Сабақтың барысы
Кіріспе сөз
Отбасы тәрбиесі туралы түркі ойшылы Жүсіп Баласағұн былай деген:
Бала нені білсе жастай ұядан —
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Осы ойды негізге ала отырып, «Әке – тірек, ана – жүрек, бала – тілек» атты тәрбие сағатының ашық екенін жариялаймыз.
Музыкалық сәт
Ғаниева Жансұлудың орындауында «Мереке» әні.
Әке мен ана туралы ой
«Әке», «ана» — осы екі сөздің өзінде қаншама ұлылық жатыр.
Кейде әкесі мен шешесі қасында жүрсе де, тәрбиенің қадірін толық аңғармайтындар немесе әкенің отбасындағы орнын терең түсінбейтін жағдайлар кездеседі.
Көрсетілім:
«Әке мен бала» бейнеролигі.
Қазақ қоғамында әкеге құрмет ежелден қалыптасқан: әкеге қарсы келмеу, алдында оғаш қылық көрсетпеу, отбасындағы орнын ардақтау — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүр. Сонымен бірге әке де бала тәрбиесінен қол үзбеуді басты міндет санайды. Осындай үлгі болар әкелер көбейе берсін.
Ал ана — үш әріптен тұратын, бірақ мағынасы шексіз құдіретті ұғым. Қазақ халқы ананы ардақтап, құрметтен ешқашан таймаған.
Көрсетілім:
«Соқыр ана» бейнефильмі.
Баяндама: Отбасының мәні мен міндеті
Отбасы — адамның ең маңызды әрі жауапты жан ұясы. Себебі отбасы адамға бақыт пен толыққанды тыныс-тіршілік әкеледі. Ол — қоғамдық құрылымның кіші тобы, алғашқы ұясы.
Қоғамның негізгі мақсаты — адамдарды бақытты ету. Ал бұл мақсатқа жету, ең алдымен, терезесі тең, берік отбасымен байланысты.
Отбасы әлеуметтік институт ретінде адам қоғамының қалыптасуымен бірге пайда болды. Дербестігі болғанымен, отбасылық қатынастар қоғаммен және оның дамуымен тікелей сабақтас.
Отбасы мүшелері некемен немесе қандас туыстықпен, тұрмыстың ортақтығымен және өзара адамгершілік жауапкершілікпен байланысады. Отбасы — қоғамның әлеуметтік құрылымының негізі.
Ер мен әйел — отбасының екі ірге тасы; бұл іргетас некемен қаланады. Отбасында ұрпақ жалғасады, сондай-ақ қоғамның қартайған, еңбекке жарамсыз мүшелеріне қамқорлық көрсету де осы ортада жүзеге асады.
Ең маңызды қызмет: тәрбие
Отбасының тәрбиелеушілік міндетін қоғамдық тәрбиенің ең тиімді жүйесі де толық алмастыра алмайды. Негізгі міндет — баланы өмірге әкелу ғана емес, оған әлеуметтік-мәдени құндылықтарды қабылдаттыру, үлкен ұрпақ тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу, яғни баланы қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру.
Ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің өмір тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін адал атқаруы, бір-бірін құрметтеп сыйлауы — бәрі де тәрбиенің үлкен мектебі.
Орта ықпалы туралы
Отбасынан тыс та тәрбие бар. Халық даналығы: «Ұлың өссе — ұлы жақсымен, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол», — дейді. Алайда арақ ішу, тәртіп бұзу, балағат сөз, жалқаулық сияқты жағымсыз әдеттер тәрбиелеуге кері әсер етеді.
Тәрбиелеумен қатар отбасының дамытушылық міндеті де бар. Ата-ана баланың жеке ерекшеліктерін мүмкіндігінше ертерек байқаса, бала қабілеті мен дарынын тезірек дамытады. Жасынан қабілетін танып, соған сай бағыт беру қажет. Үздіксіз даму мен шығармашылық әлеуетті іске асыру отбасынан басталады.
Әке мен шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапты.
Шығармашылық сәт
Ермұрат Гүлсімнің өз шығармашылығынан отбасы туралы өлең шумақтары.
Талқылау сұрақтары
«Ақ сөйлеп адал күлетін бол, шындықты жақтап жүретін бол, сыйласудың сырын білетін бол» деген ойды негізге ала отырып, төмендегі жағдаяттар бойынша пікір алмасайық:
- Бала анасына деген махаббатын қалай жеткізеді?
- Өзгенің баласын өз балаңдай сүю кез келген ананың қолынан келе ме?
- Адам қай уақытта ата-анасының үмітін ақтай алады?
- Өзің шеше алмаған мәселелерді ата-анаңмен еркін бөлісе аласың ба?
- Анаң немесе әкең қай уақытта саған риза болады?
Поэзия минуты
Малдыбаева Айжанның орындауында Мұқағали Мақатаев шығармаларынан «Бұлқынып жатыр» өлеңі.
Мақал-мәтелдермен жұмыс
Отбасына байланысты мақал-мәтелдердің бірінші бөлігін оқимыз, екінші бөлігін жалғастырыңыз:
1) Атаңның баласы болма,
… халықтың баласы бол.
2) Ұяда не көрсең,
… ұшқанда соны ілерсің.
3) Әдепті бала ата-анасын мақтатар,
… әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
4) Әке тұрып ұл сөйлегеннен без,
… шеше тұрып қыз сөйлегеннен без.
5) Ананың сүті — бал,
… баланың тілі — бал.
6) Туған үйдің түтіні жылы,
… туған ананың күтімі жылы.
7) Үйінде ұлы-қызы бардың,
… көгінде сөнбес жұлдызы бар.
8) Тәрбие басы —
… тал бесік.
9) Балалы үй — базар,
… баласыз үй — қу мазар.
Қорытынды
Бүгін біз үлкен тақырып аясында ой бөлістік.
Ата-ананы ардақтау, құрметтеу, сыйлау — әрқайсымыздың басты міндетіміз.
Отбасы — қоғамның негізі.
Баланың ертең жақсы азамат болып өсуі, тәрбиелі болуы — отбасында берілген тәрбиеге тікелей байланысты.
Қош сау болыңыздар!