Сөз өнері жайлы ғылым

Кіріспе: Сөз өнері жайлы ғылым

Бұл сабақ 5-сынып оқушыларына сөз өнері туралы бастапқы түсінік беруге арналған. Оқушылар әдебиеттің өнердің бір түрі екенін ұғынады және сөз өнерінің ерекшелігін өзге өнер салаларымен салыстыра отырып түсінеді.

Негізгі идея

Әдебиет — өнер, ал әдебиеттің материалы — тіл. Сондықтан әдебиет сөз өнері деп аталады.

Сабақтың нәтижесі

Оқушылар мәтін бойынша сұрақ құрастырып, жауап беріп, қорытынды жасайды; кейбірі өз пікірін дәлелдеп айта алады.

Сабақ мақсаттары

Барлық оқушылар орындай алады

  • Сөз өнері — әдебиет екенін және оның өнердің бір түрі екенін түсіндіреді.
  • Мәтін бойынша сұрақтар құрастырады.

Оқушылардың көпшілігі орындай алады

  • «Сөз өнері жайлы ғылым» тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап береді.
  • Оқылған мәтіннен негізгі ойды бөліп алып, қорытынды жасайды.

Кейбір оқушылар орындай алады

  • Тақырып бойынша өз пікірін білдіріп, дәлел келтіреді.

Сабақ барысы (басы: білу, түсіну)

  1. 1. Әріптер арқылы оқушыларды 2 топқа бөлу. Әріптерден екі сөз құрастырылады: «өнер» және «әдеп». Осы сөздер топ атауы болады.

  2. 2. «Сөз» дегенді естігенде қандай ассоциация пайда болады? Топтастыру әдісімен ой жинақтау.

  3. 3. «Өнер туралы не білесіңдер?» Оқушылар өз ойларын білдіреді.

  4. 4. «Сабағымыздың тақырыбы қандай болуы мүмкін?» Оқушылар болжам жасайды.

  5. 5. «Сөз өнері жайлы ғылым» мәтінімен танысу және талдау.

Мәтін: «Сөз өнері жайлы ғылым»

Қандай да бір құбылыстың теориясын пайымдамас бұрын, алдымен оның өзін анық танып, біліп алған жөн. Ендеше, әдебиет дегеніміз не?

«Әдебиет» сөзінің түп төркіні араб тіліндегі атаудан шығып, «сөз», «асыл сөз» деген мағына береді. Ал орыс тіліндегі «литература» атауы латын сөзінен тараған: «әріп», «жазу-сызу» деген ұғымда қолданылған.

Әдебиет — өнер. Өнердің түрі көп: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура) және т.б. Ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет — сөз өнері.

Мүсіншінің құралы — саз балшық, суретшінің құралы — бояу, ал әдебиетшінің құралы — тіл. «Сөз — әдебиеттің құрылыс материалы» (Федин).

Өнердің көп салаларының ішінде ең қадірлі әрі қасиеттісі — көркем әдебиет. Ол өзге өнер түрлерімен ортақ сипатта болғанымен, ерекшелігі де мол.

Сөз өнерін сурет пен музыка секілді баршаға бірдей түсінікті деу қиын: сөз — бояу да емес, дыбыс та емес. Әр халықтың өз тілі бар; әдеби шығарма сол тілдің топырағында ғана туады.

Әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты. Симфонияны тыңдаған адамның бәрі бірдей нақты түсіне бермейді; театр сахнасындағы бүгінгі қойылым ертеңгі ұрпаққа дәл сол қалпында «қолға ұстайтын» мұра болып қала бермеуі мүмкін. Ал әдебиетте әрі нақтылық, әрі заттылық бар.

Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері нақты әрі затты болғанымен, көбіне жансыз, қимылсыз күйде көрінеді. Ал әдебиет кез келген шындықты қимыл-қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады.

Осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін «өнер атаулының ең қиыны әрі күрделісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) деуге болады.

Қазақ халқының «Өнер алды — қызыл тіл» деген тұжырымы да бекер айтылмаған. Көркем сөз — құдіретті нәрсе. Оны ойынға айналдыру да, әжуалау да — терең түсінігі жоқ адамның ісі.

Сөз өнері жалпы мағынадағы жай әдебиет емес, ең алдымен, көркем әдебиет. Әдебиеттің эстетикалық байлығы шығарманың көркемдігі арқылы ғана жасалады.

Демек, әдебиеттің танымдық мәні де, тәрбиелік мәні де, түптеп келгенде, сөз өнерінің эстетикалық маңызына, яғни көркем туындының көркемдік құнына келіп тіреледі. Сондықтан сөз өнері — қоғамдық сананың әрі күрделі, әрі іргелі саласы.