Нақыл сөздер

Тақырып

«Әйел аты — ұлылық»

Мақсаты

  • Баланың анаға деген құрметін дәріптеу.
  • Адамгершілікке және ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
  • Ананы сүю арқылы елге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Ұстаз–ата-ана–оқушы ынтымақтастығын кеңейту.

Ұйымдастыру

Жүргізуші/ұйымдастырушы
Химия пәні мұғалімі Жұмақұлова Гүлбану Жолдиевна
Сынып
11-сынып
Түрі
Әдеби-сазды монтаж
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, ойындар
Көрнекіліктер
Шарлар, гүлдер, нақыл сөздер жазылған плакаттар, музыкалық құрылғылар және т.б.

Нақыл сөздер

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең, әйел деп сүрін.

Әлемге сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

Авторы: Ж. Ерман

Мұхаммед пайғамбарға зор күнә істеген бір адам келіп: «Енді маған тәубе ету мүмкін бе?» — деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Анаң бар ма? Болса, анаңа, және анаңа, тағы да анаңа қызмет қыл», — депті.

Бұл хадис әкеге қарағанда ананың хақы үш есе артық екенін көрсетеді.

Хадис мағынасы

Тәрбие сағатының барысы

(Музыка баяу ойналады.)

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар? Қош келдіңіздер!

Сәулелі әлем төрінен

Сыр-сезім тасып төгілген.

Әйелдің пәк жанында

Бір патшалық бар — пайымда:

Балауса балғын бағында

Тәңір берген аманат —

Сенім, Үміт, Махаббат

Үш пірі отыр тағында!

Шұғылалы шалқар көңілден

Ақжарқын пейіл өрілген.

Анаңның пәк жанында

Бір патшалық бар — пайымда:

Миуалы жомарт бағында

Тәңір берген аманат —

Сенім, Үміт, Махаббат

Үш пірі отыр тағында!

Авторы: Нәзікен Алпамысқызы

Иә, жас кезінде Сенім, Үміт, Махаббат атты үш патшалықта өмір сүріп, кейінгі ғұмырында әр ісіне сабырмен қарап, ұрпаққа өнеге қалдырып, қысқа ғұмырда өзінен кішілерге мейіріммен жол көрсетіп, Құдай бергеніне шүкіршілік ететін әйел қауымына құрметпен бас имеу мүмкін емес.

Әйел — Ару.

Әйел — Ана.

Әйел — Әже.

Әйел — ұрпақ жалғастырушы.

Әйел болмаса, өмір де болмайды.

Бүгінгі ашық тәрбие сағатындағы «Әйел аты — ұлылық» атты әдеби-сазды мерекелік тартуды қабыл алыңыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Тарихқа шолу: 8 наурыздың қалыптасуы

  1. 1

    1908 жыл, 8 наурыз (Нью-Йорк)

    Жұмысшы әйелдер жұмыс уақытын қысқартуды және жалақыны көбейтуді талап етіп, демонстрацияға шықты.

  2. 2

    1910 жыл (Копенгаген)

    Социалист әйелдердің II халықаралық конференциясы 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылдады.

  3. 3

    1911–1913 жылдар

    1911 жылы Германия, Австрия, Швейцария, Дания елдерінде; 1913 жылы Петерборда мерекеленді.

  4. 4

    1917 жыл, наурыз

    Әйелдер «Балаларға нан берілсін!», «Соғыс жойылсын!», «Патша жойылсын!» деген талаптар қойды.

  5. 5

    1945 жыл, 26 қараша (Париж)

    Тұңғыш халықаралық әйелдер конгресі өтіп, әйелдердің халықаралық федерациясы құрылды. Әйелдер әлемдегі бейбітшілік үшін үн көтерді.

Ана — бейбітшілік. Екеуі егіз ұғым. Бейбітшілікті жақтаған күрескер аналардың бірі — Клара Цеткин: Германияның және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері, Германия коммунистік партиясын құрушылардың бірі, 1890 жылы социал-демократиялық әйелдер қозғалысын басқарған тұлға.

Ел үшін еңіреген ерлік пен аңыздардағы даналық

Елі үшін еңіреген Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира сияқты аяулы апаларымыздың орны ерекше. Сондай-ақ, бағзы замандардан жеткен аңыз-әңгімелер де әйелдің ел қорғаны, ақылдың кені бола алатынын дәлелдейді.

Аңыз 1: Ел амандығы үшін жасалған таңдау

Бір кезеңде қазақ ханының сұлу қызына жоңғар батыры құда түседі. Ал қыз жүрегінде орыс князының ұлына деген сезім бар еді. Ел тыныштығын ойлаған хан, қимаса да, құдалыққа келісім береді. Мұны естіген орыс жігіті қасіреттен: егер сүйіктісі жоңғарға кетсе, қазаққа ойран салатынын айтып ант етеді.

Қыз екі оттың ортасында қалады: бір жағында — ата-баба жерін жайпаған жау, екінші жағында — өзге елдің қаһары. Сонда ол: «Көрмеген рақатым, татпаған ләззатым — халқымның, жерімнің амандығынан садаға!» — деп, балғын тәнін Еділдің асау толқынына тапсырады.

Аңыз 2: Қаланы аман алып қалған айла

Ерте заманда жау қалың қолмен бір қаланы қоршап, ауыз суды тоқтатады. Қорғаннан өте алмаған дұшпан халықтың берілетінін күтіп, күндер өтсе де қалада тірлік белгісін байқамайды.

Ақыры әскербасы жарлық береді: «Қаладағы әйелдерге көтергенінше зат алып кетуге рұқсат. Ерлері жоқ әйелдер бәрібір ұрпақ өрбітпейді. Халықты осылай құртамыз», — деп масаттанады.

Бірақ жау олжаны бөлісіп болған соң еркектерді іздесе, қалада бірде-бір жан қалмаған екен: әйелдер ер азаматтарды қапқа салып алып кеткен болып шығады. Аңыздың түйіні — кейде ерлердің қолынан келмегенді нәзік жандылар тапқырлықпен жүзеге асырады.

Бұл оқиғалардан шығатын ой: әйелдің ақылымен санасу, сыйлау, мүддесін қорғау — қоғамның өркениетті өлшемі. Бүгінде елімізде әйел құқықтарын қорғайтын орталықтардың болуы да — осы жауапкершіліктің көрінісі.

Ән тартуы

Көктеммен бірге келетін, тіршілікке жаңару әкелетін Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Аналарымызға арнап О. Иманәлиевтің сөзіне жазылған, Е. Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әні орындалады.

Орындау:

«Анаға сәлем» (хор)

Ана туралы тебіреніс (үзінділер)

(Музыкалық құрылғыдан ана тағдыры туралы ән қойылады.)

Гүлшат

О, дариға, аспан астында анаңның барын, жер басып жүргенін сезінуден артық бақыт бар ма? Күн нұры, таң самалы, гүл иісі — бәрі де сені тапқан анаңның қасиетінен тараған, мейірімінен жаралған рахат екен. Тіршіліктің қызығы — анаңның сен үшін барын сарп еткен жанарында тұрады. Анаң бұл дүниеден өткенде, жарық өмірдің жылылығы да жарымы солғындағандай болады.

Құралай

Ана, ана!.. Сені қолымен жасап, саған жарық көрсетіп, бір-ақ рет кешер ғұмыр сыйлаған құдірет — ана деген ұғым. Құдайды алыстан іздеген жұрттың да шын мәніндегі құдіреті — Ана. Жаратушы да, өзіңмен өзің болып кеткенше жаныңды сақтаушы да — сол Ана.

Жаңылай

Сен дүниеге айғайлап келдің. Кімге жыладың, кімге бұлдандың? Әрине, анаңа. Ал анаң үшін сенің сол үніңнің өзі — бақыт: азаптан қалжыраған денесін әрең қозғап жатып, сенің даусыңа жүрегі елжіреп, мәз болады. Қайран ана, мейірімді көзі мөлдіреп, сол үннен күш жинайды, медет табады.

Ләззат

Сен бейкүнә нәрестесің. Сол сәтте сені алақанына салып алғаш көтерген, ыстық құшағына алып бауырына басқан — ана. Дүниеде ана кеудесінен асқан жұпар иіс, кең тыныс бар ма?!

Елубай

Егер сен таңғы ауадай таза, кең болсаң — жөргегіңде ана көкірегінің еркін тынысын сезінгенсің. Ал егер кеудең тар, күйкі болса — ана мейірімінің жұпарынан құр қалғансың.

Қуандық

Сен жарық дүниеге алғаш көз ашқанда көргенің — анаңның күлімдеген ақ жүзі. Алғаш қимылдағанда тепкілегенің — анаңның кеудесі. Алғаш дәмге ұмтылғанда аузыңа тигені — анаңның ақ сүті.

Гауһар

Ана тоғыз ай бойы құрсағында көтерді. Сен анаңның мүсінін бұздың ба? Жоқ. Анаңның ең сұлу шағы — дәл сол сені көтеріп жүрген кезі. Жер үстінде аяғы ауыр әйелден артық қандай сұлулық бар?

Шынболат

Ана тоғыз күн толғатып жүрді. Сен оны өмір мен өлімнің шегіне әкелдің. Сенің ғұмыр бойғы рақымың анаңның сол бір минуттық азабына тең келе ме? Келмейді. Ендеше, сен анаға мәңгі қарыздарсың.

Нұржауған

Ана сені жылдар бойы түн ұйқысын төрт бөліп тербетті. Қаз тұрғызды, қасына ертті. «Өз қолың өз аузыңа жетсін, адам бол» деп тілейді. Бәрібір ана көзі сенде, ана тілегі сенің үстіңде. Анаң сен үшін құрбан болуға әрқашан дайын.

Батырбек

Сондай анаға сен қандай мінез көрсеттің? Көп ренжіттің бе? Ана бәрін кешіреді. Көзінде күдік емес, тап-таза үміт тұрады. Сол үмітті — ана үмітін — қалай ақтадың? Немен ақтадың?

Талқылау сұрақтары

Бұл тебіреністер академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» романынан алынған үзінділер негізінде құрастырылды.

  • Сен анаңды қалай мақтан тұтасың?
  • Тыңдалған ән мазмұнынан нені түсіндің, қандай ой түйдің?
  • Қоғамда қатігездіктің алдын алу үшін не істеу керек?

Оқушылар өз ойларын ортаға салады, сыйлықтар табыс етіледі. Мұғалім қорытынды пікірін білдіреді.

Ойын: Жемістерді сәндеу

Ортаға үш ер бала шақырылады. Міндет: берілген ыдыстардағы жемістерді әсемдеп, жеке-жеке тәрелкелерге орналастыру және жасаған тәсілі туралы қысқаша түсінік беру.

Қажетті құралдар

  • жеміс-жидектер (әрқайсысы 3 данадан)
  • 3 тәрелке
  • 3 тақтайша
  • 3 пышақ
  • қосымша керек-жарақтар

Бағалау өлшемдері

  • ұқыптылық
  • эстетика
  • қауіпсіздік
  • түсіндірудің нақтылығы

Өнер көрсету: би және құттықтау

Оқушылар би билеп, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Сыныбымызда гүлдей жайнаған алты бойжеткен қызымыз бар. Сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ендігі кезек — сынып жігіттерінің қыздарға арналған құттықтау жырларында.

Шынболат

Қыздар, қыздар — қызғалдағы көктемнің,
Жадыраған жарығындай төккен күн.
Қыз қараса жасарғандай дүние,
Жаңарғандай бәрі-бәрі өткеннің.

Елубай

Қыздар, сендер — сезімдердің мөлдірі,
Сендер — көңіл сарайының кеңдігі.
Сендер жоқта жауып әлем қабағын,
Керек болмай қалар өмір ендігі.

Қуандық

Қыздар, қыздар — қуаныштың базары,
Әрбір таңның бірге туған ажары.
Қызғалдақтай гүл атыңдар санада,
Қыз болмаса дүние де азады.

Батырбек

Қыздар, сендер — арқауы да ән-күйдің,
Ақ жансыңдар пәктігіндей сәбидің.
Қандай теңеу айтса-дағы жетпейтін,
Қыздар, сендер — қызғалдағы әр үйдің.

Өлең авторы: Қадір Жүсіп

Айсұлтан

Қыздар, қыздар, сұлу қыздар —
Неткен ғажап сұлусыңдар,
Дархан көңіл, дәру қыздар!

Қыздар, қыздар, сұлу қыздар —
Аққу мойын, ару қыздар!

Өлең авторы: Г. Өмірбекова

Аналарға арналған тапсырма

Бүгінгі мерекелік сағатымыздың басты қонақтары — өздеріңіздің аналарыңыз. Енді сол кісілерді де сөзге тартайық. Алдымен ортаға үш ана шақырылады. Олар берілген тіркестермен аяқталатын өлең жолдарын құрастырады:

Тапсырма үлгісі

… арманбысыңдар,

… алғанбысыңдар?

… аққуымсыңдар,

… ұшыңдар!

Негізгі мәтін (үзінді)

Аққанат ару — арманбысыңдар,
Жанымды жаулап алғанбысыңдар?

Ә. Қалмырзаұлының «Аққанат ару» өлеңінен