Кенесары хандығы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тараз қаласы, №10 мектеп. Тарих пәні мұғалімі — Ақжігітқызы Айша.

Сабақтың тақырыбы

Кенесары хандығы

Сабақтың типі

Жаңа білім беру

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Пәнаралық байланыс

География, қазақ әдебиеті, математика

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Оқушыларға Кенесары ханның қоғамдық-саяси қызметін және Кенесары құрған хандықтың тарихи маңызын түсіндіру.

Міндеттері

  • Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың құрылу тарихын және патша өкіметіне қарсы бағытталған саясатын таныстыру.
  • Оқушылардың белсенділігін арттырып, ойлау, сөйлеу, танымдық ізденіс, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
  • Батырлар ерлігін ұрпаққа үлгі ете отырып, Отанды құрметтеуге және елін қорғауға тәрбиелеу.

Қолданылатын әдістер мен көрнекіліктер

Әдістер

  • СТО технологиясы
  • «Сиқырлы шеңбер»
  • Биопоэма
  • Топтастыру

Көрнекіліктер

  • Қазақстан Республикасының картасы
  • Слайд материалдары
  • Плакаттар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа назар аударту.

Кіріспе

Сүйетін әр уақытта Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сарыарқасын.
Ол сүйген туған, өскен жұртын,
Сол үшін жарқылдатқан көк найзасын.

Осы өлең жолдарымен сабақ басталады.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: 1837–1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс. Оқушылар 4 топ бойынша берілген тапсырмаларға сәйкес жауап береді.

1-тапсырма

  1. Көтерілістің себептері мен мақсаты.
  2. Көтерілістің қозғаушы күштері мен барысы.
  3. Көтерілістің жеңілу себептері мен нәтижесі.
  4. Көтерілістің тарихи маңызы.

2-тапсырма

Математикалық есептер: әр топқа есептер беріледі. Есептердің жауаптары арқылы картамен жұмыс жүргізіледі.

Нәтижесінде Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қамтыған аумақ кескін картаға түсіріледі.

III. Үй тапсырмасын қорытындылау

1837–1847 жылдар аралығында болған бұл көтерілістің тарихи маңызы зор: ол Қазақстан аумағын қамтыған ең ірі отаршылдыққа қарсы азаттық қозғалыстардың бірі болды.

Көтеріліс жеңіліске ұшырағанына қарамастан, қазақ халқының бостандық сүйгіш рухын көтеріп, тәуелсіздік үшін күрес жолына жұмылдыра білді. Халық ержүрек азаматтарын шабытпен жырға қосып, мақтаныш етіп, аңызға айналдырды.

Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі — болашақ ұрпаққа өшпес өнеге.

«Туған жерді сүю — парыз, сүю үшін тарихын білу — парыз» дегендей, бүгінгі ашық сабақтың тақырыбы — Кенесары хандығы.

IV. Жаңа сабақ: Кенесары хандығы

Тарихи деректер

  • Кенесары Қасымұлы — Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі, әкесі — Қасым.
  • 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген.
  • Қазақ хандығының ең соңғы ханы.
  • 1841 жылы үш жүздің басын қосып, хан сайланды.
  • Патша өкіметіне қарсы тәуелсіз хандық 1847 жылға дейін өмір сүрді.

«Сиқырлы шеңбер» әдісі

Берілген тапсырма бойынша 4 қиындыдан шеңбер құрастырылады. Әр топтан бір оқушы өз жұмысын қорғайды.

Шеңбер бейнесі барлық қазақ руларының бір шаңырақ астына жиналып, тәуелсіз мемлекеттің негізін қалауға ұмтылған бірлігін бейнелейді.

V. Сабақты бекіту: «Биопоэма»

Оқушылар ізденіс жұмыстары арқылы Кенесары хандығындағы беделді батыр-сұлтандарға қатысты биопоэма құрастырып, плакаттарды толтырады.

Биопоэма құрылымы

  1. Аты-жөні, айқындайтын белгілері.
  2. Оны ерекшелендіретін 3 қасиеті.
  3. Оның жақсы көретін 3 дүниесі.
  4. Оның жаны қаламайтын 3 дүниесі.
  5. Ол қорқатын 3 нәрсе.
  6. Ол мақтанатын 3 дүниесі.
  7. Нәтижесі: жеткен жетістігі және осал тұсы (жеңілісі).

Осы сұрақтар арқылы сұлтандардың болмысын сипаттап, хандықтың тарихтағы орнын бағалау көзделеді.

VI. Қорытынды

Кенесары хандығы аз ғана уақыт өмір сүрсе де, қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздікке ұмтылған айқын көрінісі болды.

Ханның арманы — азаттық еді. Бүгінде бұл арман орындалды: Қазақстан тәуелсіздігін алды.

Кенесары есімі егемендікке қол жеткізген халықтың жүрегінде мәңгі сақталады.

VII. Бағалау

Топтық бағалау жүргізіледі: әр топ өздері жинаған ұпайларды қосып, үздік топты анықтайды.

VIII. Үй тапсырмасы

«Кенесары хандығы» және «Қазақ хандығы» тақырыптарына Венн диаграммасы құру.