Гидросфераны құрайтын барлық судың мөлшері қанша

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сынып

6-сынып

Сабақтың түрі

Интерактивті тақта арқылы жаңа тақырыпты түсіндіру.

Оқыту әдістері

Түсіндірмелі-иллюстративті және жартылай іздену әдістері.

Көрнекіліктер

  • Дүниежүзінің физикалық картасы
  • Глобус, атлас
  • Тірек-сызба слайдтары
  • Бағалау парағы

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Дүниежүзілік мұхит туралы түсінік қалыптастыру және тақырыпты меңгерту; материк, арал, түбек, теңіз, шығанақ, бұғаз ұғымдарын бекіту.

Дамытушылық

Шығармашылық ізденіске баулу; картамен жұмыс дағдысын дамыту; мұхиттарды және олардың бөліктерін картадан көрсете отырып сипаттап айтуға үйрету.

Тәрбиелік

Ойын арқылы білімді бекіту; сабаққа қызығушылықты арттыру; ізденімпаздыққа және жылдамдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сабақ мақсатымен таныстыру және сабақтың ерекшелігін түсіндіру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

а) «Блиц-турнир»

Дұрыс жауаптар балл жүйесі бойынша бағаланады.

1) Күн жүйесіндегі қай планетада су сұйық күйде таралған?

Жерде.

2) Жер бетіндегі су қандай қабықты құрайды?

Гидросфера.

3) Гидросфераны құрайтын суларға нелер жатады?

Мұхиттар, теңіздер, көлдер, өзендер, бөгендер, мұздықтар, жер асты сулары және атмосферадағы ылғал.

4) Гидросферадағы судың жалпы мөлшері қанша?

1,6 млрд км³.

5) Әртүрлі сулардың үлесі қанша пайызды құрайды?

  • Тұзды су (мұхиттар мен теңіздер): 96,5%
  • Тұщы су: мұздықтар мен тұрақты қарлар — 1,7%
  • Жер асты сулары — 1,7%
  • Өзендер, көлдер, батпақтар — 0,06%

6) Гидросфераның маңызы қандай?

Тіршілік үшін қажет.

7) Тұщы су не үшін пайдаланылады?

Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және күнделікті тұрмыста.

8) Су қалай жылынады және суынады? Климатқа әсері бар ма?

Су баяу жылынады және баяу суынады. Жаз бойы жылуды жинап, қыста ауа температурасын жұмсартады.

9) Мұхиттар мен теңіздерден жыл сайын қанша су буланады?

450 мың км³.

10) Құрлыққа түсетін жауын-шашын түрлері қандай?

Қар, жаңбыр, бұршақ.

ә) «Білім биржасы»

Ойын шарты: тақтаға конверттер ілінеді. Әр конвертте әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар беріледі. Оқушы өз мүмкіндігіне қарай тапсырма таңдап, дайындалып жауап береді.

Бағалау

  • Сары — толық емес жауап
  • Жасыл — дұрыс жауап
  • Қызыл — дұрыс, бірақ кеңейтілмеген жауап

Деңгейлік тапсырмалар

  1. Бұлт қалай түзіледі?
  2. Су айналымы барысында құрлыққа түсетін су неліктен тұщы болады?
  3. Дүниежүзілік су айналымы деген не?
  4. Табиғаттағы су айналымының маңызы қандай?
  5. Ғаламшардағы орасан мол су массасы қалай пайда болған? Болашақта судың көлемі көбеюі мүмкін бе?
  6. Дүниежүзілік су айналымының схемасын салып, су айналымының қалай өтетінін түсіндір.

III. Жаңа тақырып: Дүниежүзілік мұхит және оның бөліктері

1) Дүниежүзілік мұхит ұғымы

Жер шарының су басып жатқан бөлігін Дүниежүзілік мұхит деп атайды. Ол Жер бетінің шамамен 3/4 бөлігін алып жатыр және аумағы 361 млн км².

Картамен жұмыс сұрағы

Мұхиттың кез келген нүктесінен құрлықты кесіп өтпей-ақ, келесі нүктесіне жетуге бола ма?

Дүниежүзілік мұхит біртұтас: ол еш жерде толық бөлінбейді, тек бөліктері әртүрлі атаулармен аталады.

2) Құрлық бөліктері және негізгі ұғымдар

Мұхиттар мен теңіздер қоршап жатқан ірі құрлықтарды материктер (континенттер) деп атайды. Материктер мен аралдар біртұтас мұхитты ірі бөліктерге ажыратады.

Арал

Құрлықтың барлық жағынан су қоршаған шағын бөлігі.

Түбек

Құрлықтың су кеңістігіне терең сұғына кіріп тұрған бөлігі.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Дүниежүзілік мұхит құрлықты неше бөлікке бөліп жатыр?
  • Дүние жүзінде қандай материктер бар?

Материктер: қысқаша сипаттама

Еуразия

Ең үлкен материк.

Солтүстік Америка

Негізінен Солтүстік жарты шарда орналасқан.

Африка

Ең ыстық материк.

Оңтүстік Америка

Ең ылғалды материк.

Аустралия

Ең кішкентай материк.

Антарктида

Ең суық материк.

3) Өзара оқыту: «Төрт мұхит»

Материктер мен аралдар біртұтас Дүниежүзілік мұхитты төрт бөлікке — төрт мұхитқа бөледі. Бұл бөлімде оқушылар мәтінді жұппен оқып, бір-біріне түсіндіру арқылы меңгереді.

Жұмыс тәртібі

  1. Әр оқушыға тапсырма беріледі, дайындалуға уақыт бөлінеді.
  2. Оқушы өз тақырыбын серігіне түсіндіреді (мұғалім рөлінде).
  3. Серігі тыңдап болған соң, рөлдер ауысады.

Бақылау сұрақтары

  1. Материктер мен аралдар мұхиттарды қандай бөліктерге бөледі?
  2. Жер бетінде қандай мұхиттар бар?
  3. Ең үлкен мұхиттың көлемі қанша? Оны немен салыстыруға болады?
  4. Неліктен ол «Тынық мұхит» деп аталады?
  5. Тынық мұхиты қай материктердің арасында орналасқан?
  6. Дүниежүзілік мұхиттың ең терең жері қайсы?
  7. Тынық мұхиттан екі есе кіші мұхит қайсы және оның көлемі қанша?
  8. Ол қай бағытта созылып жатыр? Жағалауында қандай материктер бар?
  9. Дүниежүзіндегі ең жылы мұхитты ата.
  10. Оның жағалауында қандай материктер бар?
  11. Дүниежүзіндегі ең кішкентай мұхитты ата.
  12. Қандай материк жағалауларымен шектеседі?
  13. Солтүстік Мұзды мұхитының қандай ерекшеліктері бар?

Автор туралы

Семей қаласы, география пәнінің мұғалімі

Бектурсынова Айгерім Амангелдиновна