Қатаң дауыссыз дыбыстарды ата
Сыныптан тыс шара: Қазақ тілі — «Кім жүйрік?»
Бұл сайыс сабағы оқушылардың қазақ тілінен өткен тақырыптар бойынша білімін бекітуге, тілдік қорын байытуға және ойлау қабілетін дамытуға арналған. Ойын түрінде ұйымдастырылған кезеңдер арқылы балалардың белсенділігі артып, білімін көрсетуге мүмкіндік туады.
Көп тіл білсең — көкжиегің кең болар,
Құрметтейді «кісі екен» деп, төрге озар.
Қай елде жүрсең де бұл — дұрысы:
Мемлекеттік тілді білген жөн болар.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Өткен тақырыптарды пысықтау, ой-өрісті кеңейту, білім деңгейін арттыру.
Дамытушылық
Әдіс-тәсілдер арқылы тіл байлығын, сөйлеу дағдысын және логикалық ойлауды жетілдіру.
Тәрбиелік
Тілге қызығушылықты арттыру, Отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге, халық дәстүрін сыйлауға тәрбиелеу.
Ұйымдастыру бөлімі
Пәнаралық байланыс
Ана тілі, қазақ тілі, математика, дүниетану.
Сабақ түрі
Сайыс сабақ.
Көрнекіліктер
Суреттер, кеспе қағаздар.
Сайыс кезеңдері
-
1) Сөз мәйегі — мақал
Берілген тақырыптарға байланысты мақал-мәтел айту.
-
2) Тұрақты тіркестің мағынасын ашу
Фразеологизмдердің мағынасын түсіндіру.
-
3) Ойлан, тап (шығарманың атын тап)
Үзінді бойынша шығарма атауын, авторын анықтау.
-
4) Білгенге — маржан, білмеске — арзан
Грамматика мен тіл білімінен сұрақ-жауап.
-
5) Кім жылдам? (ребус шешу)
Берілген ребустарды жылдам шешу.
-
6) Суреттер бойынша сипаттау мәтінін құрау
Көрнекілік негізінде мазмұнды мәтін құрастыру.
-
7) Бір-біріне сұрақ қою
Командалар арасында өзара сұрақ-жауап ұйымдастыру.
Топтар және ұрандар
Сайысқа үш топ қатысады. Әр топ өздерін таныстырып, ұранын айтады.
«Зерек» тобы
Ана тілі — асыл нәрі бабамның.
Өнермен өрге шығар білетіндер,
Сайыста білімдімен белдесіңдер.
Батырлар, Өнерлер, қабыл алшы —
Сәлем беріп тұрған зеректілер!
«Батыр» тобы
Ерлік — ел мұраты.
Батырлар танылады даңқыменен,
Батыр боп бабалардың салтыменен.
Қарсылас команданы жеңе алады,
Білімпаз батырлықтың қалпыменен.
«Өнер» тобы
Өнер алды — қызыл тіл.
Құлақ салып тыңдап қал,
Өнер деген жұмбақ бар.
Шеттерінен қырағы команданың ұланы,
Өнермен өрге өрлеп, биік шыңға шығады.
Кезең тапсырмалары
I кезең — «Сөз мәйегі — мақал»
Тапсырма: берілген тақырыптар бойынша мақал-мәтел айту. Ең көп мақал айтқан оқушыларға ұпай беріледі.
Тақырыптар
- Отан, туған жер
- Еңбек
- Тіл
- Білім, оқу
Мысалдар (толықтыру)
- •Ана сүтін ақтамағанды — ешкім мақтамайды.
- •Жақсы туса — ел ырысы, жауын жауса — жер ырысы.
- •Балапан ұяда не көрсе — ұшқанда соны іледі.
II кезең — Тұрақты тіркестің мағынасын ашу
Ұлылардың ұрпағымыз — ой қалдырған, сөз қалдырған. Енді сайыс тұрақты тіркестердің мағынасын ашумен жалғасады.
I топ — «Зерек»
- Тілдің ұшында тұр — ұмытып тұр, жеткізе алмай тұр.
- Қас пен көздің арасында — лезде, өте тез.
- Төбесі көкке жетті — қатты қуанды.
- Қабағынан қар жауды — ашуланды.
- Бетінен оты шықты — ұялды.
II топ — «Батыр»
- Ай десе аузы, күн десе көзі — өте әдемі.
- Көзді ашып-жұмғанша — өте тез.
- Таяқ тастам жер — жақын.
- Тайға таңба басқандай — анық, нақ.
- Ақсақ қой түстен кейін маңырайды — кешігіп, жай қимылдайды.
III топ — «Өнер»
- Сақалын сипап қалу — алданып қалу.
- Жүрек жалғап алу — дәм тату.
- Қол ұшын беру — көмектесу.
- Жүрегі тас төбесіне шықты — қатты қорықты.
- Қой аузынан шөп алмас — жуас, момын.
III кезең — «Ойлан, тап» (шығарманың атын тап)
1-тапсырма: «Жақсылыққа жамандық бар… мен иемнің күні-түні ұйықтамай мүлкін, малын, өзін бағып қызмет қылып едім…»
Жауабы: Ы. Алтынсарин, «Баланың айласы».
Қосымша: «Таза бұлақ» шығармасындағы мақал-мәтелді еске түсір.
2-тапсырма: «Айналайын, қарағым, қыз да болсаң, мұрамды ұстарлық болып туыпсың. Көп жаса, қызым, көп жаса!»
Жауабы: Әбу Сәрсенбаев, «Халыққа жеткіз күйімді».
Қосымша: «Бір кесе меруерт» шығармасындағы мақал-мәтелді ата.
3-тапсырма: «Күз айының шуақты бір күні еді. Сәске кезінде бір топ киік өзінің ересек лақтарын ертіп суатқа келді…»
Жауабы: Ә. Қоңыратбаев, «Киіктің айласы».
Қосымша: Абайдың «Жазғытұрым» өлеңінен үзінді айтып көр.
IV кезең — «Білгенге — маржан, білмеске — арзан»
Тіл білімінің негізгі ұғымдары бойынша сұрақ-жауап кезеңі. Әр топқа 10 сұрақтан беріледі.
I топ сұрақтары
- Сөз таптарын ата.
- Сөйлем деген не?
- Етістік нені білдіреді?
- Мәтіннің қандай түрлері бар?
- Сөйлем мүшелері деген не?
- Бастауыш деген не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
- Қаратпа сөз деген не?
- Ұяң дауыссыз дыбыстарды ата.
- Жуан дауысты дыбыстарды ата. Дауысты дыбыстар нешеу?
- Сөз мағынасы нешеге бөлінеді?
II топ сұрақтары
- Сөз құрамы неден тұрады?
- Зат есімнің тәуелденуі деген не?
- Сын есім нені білдіреді?
- Күрделі етістік деген не?
- Баяндауыш деген не?
- Тұрлаусыз мүше деген не?
- Қатаң дауыссыз дыбыстарды ата.
- Туынды және негізгі зат есімдерге мысал келтір.
- Буын дегеніміз не? Нешеге бөлінеді? (Буын үндестігі, дыбыс үндестігі.)
- Жіңішке дауысты дыбыстарды ата.
III топ сұрақтары
- Зат есімдер нешеге бөлінеді? Сұрақтары қандай? Мысал келтір.
- Болымды және болымсыз етістік деген не?
- Үнді дауыссыз дыбыстарды ата (л, м, н, р, й, у).
- Тұрлаулы мүшелер қандай?
- Сөз және оның құрамы туралы айт.
- Жалқы есім мен жалпы есім дегеніміз не?
- Жалаң және жайылма сөйлемнің ережесін айт.
- Біздің мектептің атауы және мектеп директоры кім?
- Сөйлем мүшелері деген не?
- «У» дыбысы қай кезде дауысты, қай кезде дауыссыз болады?
V кезең — «Кім жылдам?» (ребус шешу)
Тапсырма: ребустарды мүмкіндігінше жылдам шешіп, жауапты дәл айту.