Барыс септіктегі сөздердің қандай сұрақтарға жауап беретінімен және оның жалғауларымен таныстыру
Сабақтың тақырыбы: Барыс септік
Бұл сабақ жаңа білімді меңгертуге бағытталған. Оқушылар зат есімнің септелуі туралы түсініктерін тереңдетіп, септік жалғаулары мен сұрақтарын жүйелі түрде меңгереді.
Сабақтың мақсаты (білімділік)
- Зат есімнің септелуі туралы білімді кеңейту.
- Септік жалғаулары мен сұрақтарын толық меңгерту.
- Барыс септіктегі сөздердің сұрақтары және жалғауларымен таныстыру.
Сабақтың мақсаты (дамытушылық)
- Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту.
- Сабаққа қызығушылығын арттыру.
- Сөздік қорын және күнделікті сөйлеу тілін дамыту.
Сабақтың мақсаты (тәрбиелік)
- Дәптермен жұмыс барысында ұқыптылыққа тәрбиелеу.
- Өз ойын дәлелдеуге үйрету.
- Адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже
Оқушылар барыс септіктегі сөздерді сұрақ қою арқылы анықтай алады.
Сабақтың форматы
- Сабақтың түрі
- Жаңа білімді меңгерту
- Сабақтың әдісі
- Жеті модуль
- Көрнекіліктер
- Слайдтар, сызбалар, деңгейлік тапсырмалар, үлестірмелі қима қағаздар, түрлі түсті фишкалар
- Құрал-жабдықтар
- Компьютер, интерактивті тақта
- Пәнаралық байланыс
- Математика, ана тілі, музыка
Сабақтың барысы
Сабақ құрылымы кезең-кезеңімен ұйымдастырылады: ұйымдастыру, қайталау, жаңа тақырыпты ашу, түсіндіру, бекіту және қорытындылау.
- I Ұйымдастыру кезеңі
- II Үй тапсырмасын тексеру
- III Өткен сабақты еске түсіру
- IV Жаңа сабаққа даярлық
- V Жаңа сабақты түсіндіру
- VI Тапсырмалар орындау арқылы жаңа сабақты меңгерту
- VII Жаңа сабақты бекіту
- VIII Рефлексия
- IX Оқушыларды бағалау
- X Үйге тапсырма
I. Ұйымдастыру кезеңі
Кіріспе сөз
Балалар, бүгінгі сабағымыз ерекше болады. Сабаққа белсенді қатысып, өз білімдеріңді жақсы көрсетеді деп сенемін. «Сәлем — сөздің анасы» деген мәтелді ескеріп, ең алдымен амандасайық.
Сабақты бастауға арналған шумақ
Қазақ тілі — өз тілім, ана тілім.
Абай, Мұхтар сөйлеген дара тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дана тілім.
Психологиялық дайындық
Балалар, біз қай мемлекетте тұрамыз? Иә, біз Қазақстан деп аталатын тәуелсіз, үлкен мемлекетте тұрамыз. Сендер — осы мемлекеттің азаматтарысыңдар, еліміздің болашағысыңдар.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында» деп, сендерге зор үміт артады. Себебі еліміздің ертеңі сендердің қандай азамат болып қалыптасуларыңа байланысты, ал болашақтарың бүгінгі алған білімдеріңе байланысты.
Сондықтан жақсы білім алып, сабақты жауапкершілікпен оқу қажет. Еліміздің жері кең байтақ, ал сендер алған білімдерің арқылы еліміздің гүлденуіне өз үлестеріңді қоса аласыңдар.
(6–7-слайдтар)
II. Үй тапсырмасын тексеру
30-жаттығу (96-бет). Өткен септіктерді қайталау.
III. Өткен сабақты еске түсіру
Өткен сабаққа қысқаша шолу жасайық. Төмендегі 7 сұраққа ойланып жауап беріңдер. Әр сұраққа бір оқушы жауап береді.
1-сұрақ
Морфология нені зерттейді?
2-сұрақ
Зат есім деген не?
3-сұрақ
Зат есімнің септелуі деген не?
4-сұрақ
Қазақ тілінде неше септік бар? Атап беріңдер.
5-сұрақ
Атау септігі туралы не айтасыңдар?
6-сұрақ
Ілік септігі туралы не білесіңдер?
7-сұрақ
Ілік септігі жалғанған сөздерге мысал келтіріңдер.
IV. Сабақтың тақырыбы мен мақсатын ашу
«Ойлан тап» кезеңі
Құпия сөзді табу арқылы бүгінгі сабақтың тақырыбы мен мақсаты анықталады.
Шарты
- Берілген амалдарды орындаймыз.
- Шыққан нәтиже бойынша керекті әріпті таңдаймыз.
- Таңдалған әріпті төмендегі ұяшықтарға жазамыз.