Жұмыстың мақсаты

Семей өңірінің этнодемографиялық жағдайы

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 24 жыл толады. Тарихи өлшеммен алғанда бұл — қысқа кезең. Алайда ғасырлар бойы азаттық пен теңдікті аңсаған қазақ халқы үшін де, елімізде бірге өмір сүріп жатқан өзге этностар үшін де бұл белестің мәні айрықша.

Негізгі ой

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Ел аумағында тегі, тілі, мәдениеті әртүрлі, бірақ тарихи тағдыры ортақ шамамен 130 этнос өмір сүреді.

Көпэтносты құрам және қоғам тұрақтылығы

Республикада негізгі ұлт — қазақтар. Сонымен қатар орыс, украин, белорус, неміс, өзбек, ұйғыр, татар, корей және басқа да этностардың өкілдері бар. Халық — қоғамның өндірістік күшінің негізгі көзі. Ал этнодемография бүгінгі күннің ең күрделі бағыттарының бірі ретінде демографиялық саясатпен тікелей байланысты.

Бұл мәселелерді дер кезінде және ғылыми негізде шешу қоғам тұрақтылығына, соның ішінде ұлтаралық қатынастардың орнықтылығына, тәуелсіздіктің жетістігін нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан этнодемографиялық мәселе қазіргі таңда ел алдында тұрған кезек күттірмейтін тақырыптардың біріне айналды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеті

Жұмыстың мақсаты — Семей өңірінде қалыптасқан қазіргі этнодемографиялық жағдайға жан-жақты талдау жасау.

  • Тарихи жағдайларға байланысты әр кезеңде өңірге қоныстанған этностардың тағдырын қарастыру.
  • Аумалы-төкпелі кезеңдерде шетелге кеткен қандастардың ата-мекеніне оралу үдерісін сипаттау.
  • Туу, табиғи өсім, өлім-жітім және көші-қон сияқты демографиялық көрсеткіштерді жаңа деректер негізінде талдау.

Осы зерттеу арқылы Семей өңіріндегі этнодемографиялық жағдайдың мәнін ашу міндеті қойылды. Талдау нақты материалдарға сүйеніп жүргізілді.

Өзектілігі

Мектеп бағдарламасын және сыныптан тыс оқулық материалдарын мазмұнды деректермен толықтыруға мүмкіндік береді.

Жаңалығы

Семей өлкесінде өмір сүретін этностардың тарихы, демографиялық ахуалы, көші-қон және оралмандар тақырыбы алғаш рет жүйелі түрде сөз болады.

Ерекшелігі

Оқу бағдарламасынан тыс мол материал қамтылып, жүйелі талдау жасалады.

Гипотеза

Егер Семей өңірінің этнодемографиялық жағдайы туралы бұл жұмыстың нәтижелері мектеп жасындағы балаларға жеткізілсе, онда олардың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігі артып, өзге ұлт өкілдерімен достық қатынасы нығайып, ынтымақ пен бірлік туралы түсінігі кеңейеді.

Семей өңірінің этностық құрамы және мектеп мысалы

Семей өңірінде негізгі ұлт — қазақтардан бөлек, орыс, неміс, украин, татар, өзбек, ұйғыр, шешен, әзірбайжан, күрд, корей, сыған және басқа да ұлт өкілдері тұрады. Өзім оқитын мектеп аралас мектеп болғандықтан, онда түрлі этнос өкілдерінің балалары бірге білім алады.

Сауалнама нәтижесі (мектеп оқушылары)

Қазақ

798

Орыс

87

Украин

2

Әзірбайжан

1

Қырғыз

2

Тәжік

3

Татар

4

Неміс

1

Ұйғыр

3

Қытай

1

Түрік

5

Осы этностардың ішінде татар, өзбек және неміс диаспораларының тарихына қысқаша тоқталуға болады.

Татар диаспорасы: тарихи деректердегі Семей

Орыс этнографтары В. Радлов пен В. Абрамовтың жазбаларына сүйенсек, татарлар Семей өңіріне Ресей патшасы Алексей Михайлович тұсында, шамамен 1676 жылдардан бастап қоныс аудара бастаған.

В. Радлов (1862) сипаттамасынан

В. Радлов 1862 жылғы жазбаларында Семей қаласын 6000 тұрғыны бар едәуір үлкен қала ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, тұрғындардың үштен бірі ғана орыстар болып, қалған бөлігі татарлар мен қазақтардан тұрған.

Сонымен бірге Семейдің Сібір, Батыс Қытай және Орта Азия бағыттарымен сауда жүргізетін маңызды орталық болғанын атап өтеді. Саудамен негізінен татарлардың айналысқаны айтылады.

Радлов сол кезеңде татарлар салған 60 үйді Мәскеу маңындағы жақсы үйлермен салыстырады. Бұл қоныс тұтастай қоршалып, «Татар слободкасы» аталған.

Кейін татар тұрғындарының саны артып, Орта Азиядан Бұхара көпестері де көшіп келіп жатқанын айтып, зерттеуші өз ойын түйіндейді.