Ару қыз
Тәрбие сағатының мазмұны
Білімділік
Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
Дамытушылық
Балалардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік
- Көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу.
- Ананы құрметтеуге, ардақтауға баулу.
Жүргізуші сөзі
Құрметті ақ жаулықты аналар, ұлағатты ұстаздар, сұлу арулар! Сіздер 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ару қыз!» атты мерекелік ертеңгілікке жиналып отырсыздар.
Өлеңмен арнау
Армысыздар, ақ тілекті әжелер,
Ертегімен өмірімді әсемдер.
Мерекеңмен аялаған аналар,
Бір өзіңнен бар қуаныш таралар.
Шуақ шашқан алтын көңіл арулар,
Дарынды боп өнерменен қарулан.
Міне, алдарыңызда — сіздердің балаларыңыз, еліміздің болашағы, менің шәкірттерім. Олар бүгін өз өнерін көрсетпек. Құрметті жиналған қауым, бәріміз де «ана» деген асыл жаннан жаралғанбыз. Сол аналарымызға ұзақ өмір, талмас қанат, таусылмас бақыт тілей отырып, мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.
Иә, бәрімізге осы әлемнің жарығын сыйлаған ана есімі қашанда биік те қымбат.
Жұмбақ және шағын сұхбат
Жұмбақ
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Бұл кім?
Балалар: Ана, ана, ана.
Жүргізуші: Тамаша, білімді екенсіңдер!
Ата-анаға көмек туралы сұрақтар
Балалар, сендер үйде ата-аналарыңа көмектесесіңдер ме? Шындарыңды айтыңдар! Қазір мен аналарыңнан сұраймын.
1-сұрақ: Күні бойы ойнай беретін, ойнап болған соң ойыншықтарын жинауға ерінетін, ештеңе істемейтін жалқау бала бар ма?
Аналар: Жоқ, жоқ!
2-сұрақ: Ал таңертең ерте тұрып, мектепке өзі киінетін, үйде анасына көмектесетін әдепті, тәртіпті бала бар ма?
Аналар: Бар, бар!
Ана — перзент тәрбиелеуші. Ендеше осы асыл аналарымызға арналған балаларымыздың тілектеріне кезек берейік.
Балалардың тілектері мен өлеңдері
Хор: «Анашым»
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын ашайық.
Іңкәр
Ана десем алғыс алам халқымнан,
Ана десем теңіз болам шалқыған.
Ана десем ашылады қабағым,
Ана десем әділдікті ұғамын.
Шарапат
Еркелеткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін.
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді,
Анамызға мың алғыс!
Адал бол деп, балдырған,
Әділдікке баулыған.
Жүрегінде мейірім бар —
Анамызға мың алғыс!
Жанарыс
Бүгін — Наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз адамның —
Анаға айтар лебізі.
Айзере
Жүре берсем қасымда,
Айбат анам, әй анам.
«Ботам» деген даусыңнан
Мен мәз болып оянам.
Талғар
Анамды мен жақсы көрем,
Айтқан тілін алып жүрем.
Қасымда апам жүргенде,
Шаттанып ойнап күлем.
Қорытынды тілек
Қадірлі аналар, көңіліңіз көктемдей жайнап, гүл ашсын.
Өміріңіз бақытқа толып, шаттыққа шаттық ұлассын.
Құтты болсын осы мерекелі күніңіз,
Бақытты да ұзақ ғұмыр сүріңіз.
Қуанышты жүзіңізбен әрдайым,
Бұл өмірде күліп қана жүріңіз.