Топтың аттары
Сабақтан тыс іс-шара
«Не? Қайда? Қашан?» брэйн-ринг (6-сынып)
Интеллектуалды тарихи-танымдық ойын Ежелгі Қазақстан тарихы бойынша оқушылардың білімін тексеріп, ойлау жылдамдығын арттыруға және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Мақсаты
- Білімділік: брэйн-ринг тәсілі арқылы Ежелгі Қазақстан тарихынан алған білімдерін сынау.
- Дамытушылық: жылдам ойлау, сауатты жауап беру және топпен жұмыс дағдыларын жетілдіру.
- Тәрбиелік: ізденімпаздыққа, елжандылыққа, еңбексүйгіштікке және тарихқа құрметке тәрбиелеу.
Ұйымдастыру
- Көрнекілік
- Интерактивті тақта
- Қатысушылар
- 6 «А» және 6 «Б» сынып оқушылары
- Топтар
- «Ғұн» және «Сақ»
Ойын құрылымы
- I «Не? Қайда? Қашан?»
- II «Кім жылдам?»
- III «Тапқыр болсаң, тауып көр»
- IV «Ойлан, тап»
- V «Кім картаны жақсы біледі?»
- VI «Капитандар сайысы»
Кіріспе сөз (жүргізуші)
Армысыздар, қадірменді ұстаздар мен оқушылар! Армысыздар, ақ ниетпен келген қадірлі қонақтар! «Отан», «туған жер», «атамекен», «елім», «ауылым» деген сөздер жүректі тебірентіп, қуаныш сезімін оятады. Туған жердің тарихын, шежіресін білу — әрбір ұрпақтың азаматтық борышы.
«Не? Қайда? Қашан?» тақырыбы аясында өтетін брэйн-ринг интеллектуалды тарихи-танымдық ойынын бастауға рұқсат етіңіздер.
Жатқанда елің еркін, азат болып,
Әркімге жүрмеу үшін мазақ болып.
Халқыңның өткенін біл, жұртыңды таны —
Сонда көгересің қазақ болып.
Ендеше, бүгінгі ойынға қатысушыларды ортаға шақырайық. Оқушылар кіріп, түрлі түсті қағаз қиындыларын алып, орындарына жайғасады. Ойынның әділ бағасын беретін қазылар алқасымен таныстырылады.
Топтардың таныстырылымы
«Ғұн» тобы
6-сынып оқушылары команда атауын таныстырып, ұран/ережелерін жариялайды.
«Сақ» тобы
6-сынып оқушылары команда атауын таныстырып, ұран/ережелерін жариялайды.
Ал іске сәт! Ойынымызды бастайық.
I тур — «Не? Қайда? Қашан?»
«Ғұн» тобына сұрақтар
- 1. Алғашқы адамдардың бастапқы кезеңдегі топтасу жүйесі — тобыр.
- 2. Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы — епті адам.
- 3. Орта тас ғасыры қамтитын кезең — б.з.б. 12–5 мың жыл.
- 4. Жер бетінің күрт суый бастауы — 100 мың жыл бұрын.
- 5. Мезолит дәуірінің үлкен жаңалығы саналатын ұсақ жаңқа тастардан жасалған құралдар — микролит.
- 6. Тұрмыста тұңғыш пайдаланылған металл — мыс.
- 7. Үйсіндердің астанасы ретінде аталатын қала — Қызыл Аңғар.
- 8. Ғұн державасының негізін қалаған — Мөде.
«Сақ» тобына сұрақтар
- 1. Адамзат тарихы дамуының ең алғашқы кезеңі — тас дәуірі.
- 2. Ежелгі «тік жүретін адам» өкілі — синантроп.
- 3. Жаңа тас ғасыры қамтитын кезең — б.з.б. 5–3 мың жыл.
- 4. Ежелгі адамдардың жіп орнына пайдаланған заттары — жануарлардың сіңірлері.
- 5. Неолиттік саздан жасалған қыш ыдыс атауы — көзе.
- 6. Ежелгі грек авторларының сақтарды атауы — азиялық скифтер.
- 7. Қаңлылар туралы негізгі дерек көздері — Қытай деректері.
- 8. Сарматтардың қоғамдық басқару құрылымы — әскери демократия.
II тур — «Кім жылдам?»
Тапсырма: берілген сөздерден мағыналы сөйлем құрастыру.
1-топқа берілген сөздер
Питекантроп пен синантропты тік жүретін адамдар деп атаған. Питекантроп Ява аралынан табылған. Синантроп Солтүстік Қытайда табылғандықтан, «қытай адамы» деген ат берілген.
2-топқа берілген сөздер
Саналы адамның сүйегі алғаш рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған. Сондықтан саналы адамды «кроманьондық» деп атаған.
III тур — «Тапқыр болсаң, тауып көр»
Тапсырма: таратылған қағаз қиындыларын құрастырып, шыққан сурет бойынша тарихи мазмұнын сипаттап беру.
IV тур — «Ойлан, тап»
Тапсырма: алдын ала дайындалған 5-сынып оқушыларының бейнесұрақтарына жауап беру.
- 1. Шырақ өз денесін жаралап, «парсыларға сақтардан кек алып берем» деген айламен алдап соққанын жазған қай елдің тарихшысы?
- 2. Аттиланы көрген адам оның нағыз азиялық екенін айтатынын, көзқарасы сұсты әрі қозғалысы шапшаң, сенімді екенін сипаттаған қай елдің елшісі?
V тур — «Кім картаны жақсы біледі?»
Интерактивті тақта арқылы Қазақстан және Дүниежүзі карталары көрсетіледі. Әр топ сұрақтарға жауап беріп, картадан тиісті орындарды белгілейді.
1-топқа
- 1) Үйсіндер Қазақстанның қай бөлігін мекендеген?
- 2) Сарматтар орналасқан аймақ қай өңір?
2-топқа
- 1) Синантроп қай жерден табылған?
- 2) Епті адам қай жерден табылған?
VI тур — «Капитандар сайысы»
Тапсырма: капитандарға берілген сұрақтарға жедел әрі дәл жауап беру.
Қорытынды
Ойын қорытындыланып, жеңімпаз топ анықталады. Жеңген топқа мақтау қағаздары табысталады.