Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны
Сабақтың тақырыбы
Өлкенің тума таланты
Тәрбие сағатының мақсаты
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлының қаламгерлігі, қайраткерлігі және саясаткерлігі туралы оқушыларға кеңірек таныстыру.
Тәрбиелік мәні
Әйгілі сөз зергерінің замандастары, достары, әріптестері, іні-қарындастары әр жылдары жазып, газет-журналдарда жариялаған ой-толғамдары мен ыстық лебіздерін ұсына отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Жазушының шығармалары бойынша плакаттар.
- Жазушының өмірінен сурет-шежеіре: интерактивті тақтада слайд арқылы көрсету.
Кіріспе сөз
Тәрбие сағаты Әбіш Кекілбайұлы туралы мұғалімнің өлең оқуымен басталады.
Өлең
Ұрпақтарды тамсантқан сымбат, нәрі,
Ғұмырыңыз тірліктің түрлі ақпары.
Тәуелсіз ел төрінде жарқыраған,
Бұл ғасырдың өзіңіз бір мақтаны.
Бақыт кейде десек те азапты нұр,
Өмір сізге сыйлапты ғажап ғұмыр.
Қаламменен біліммен, парасатпен,
Көтердіңіз қазақты биікке бір.
Жылытса жүректерді жан шуағы,
Біліммен көңіл кірі аршылады.
Нұр шашсын деп әлемге сыйға тартқан,
Сияқтысыз Маңғыстау шамшырағы!
Жүргізушілер сөзі
Арайлым
Тылсым тарихын балбал тастарға мүсіндеген, рухани әлемін зергерлік әшекейлеріне күміспен күптеп, күйлерінің күмбірімен көмкеріп, жырларымен жиектеген — өткені өнегелі, бүгіні бай да баянды, келешегі көңілге шалқар шабыт ұялататын Киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлына арналған «Өлкенің тума таланты» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Гүлнар
Осы бір қасиетті топырақта, киелі жерде дүниеге келіп, қалың қазақтың қамын жеп, Алаштың ардағына айналған ұлы тұлғалар аз емес. Оларды дәл қазір түгелдеп тауыса алмасымыз анық. Дегенмен, олардың еңбегіне ілтипат білдіру, рухына тағзым ету — ұрпақ парызы.
Амангүл
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы осыдан он бес жыл бұрын Ақтауда туғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты жиында:
«Алпысқа жеткен адам да алыстан келе жатқан жолаушы ғой. Жол үстінде талай қуанып, талай құлазиды екен. Сондайда бала-шағасының тілегіне қосып, сенің тілегіңді де тілесе отыратын ақ пейіл ата қауымның барлығы — Құдайдан кейінгі қуатың екен. Бұны мен ешқашан естен шығармақ емеспін. Тұрғанда тәубама, жатқанда кәлимаға қосып келемін.
Шырғалаң ғасырды да таусып келеміз. Пікір ете білсек, талай шыңырауға бойлаппыз. Шүкір ете білсек, талай шыңға өрмелеппіз. Жарығы таусылмаған жанға бақыттымын деп қомдану — тасырлық, бақытсызбын деп мұңаю — пақырлық шығар.
Мен де бүгін жер ортасынан асқанда бабаларымыз айтқандай: “Жаратқан ием, осы бергеніңе тәуба!” — десек, ерсі болмас. Бұл үшін әуелі Тәңірге, сосын ел-халқыма қарыздармын».
Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны
Ақтілек, Нұржан, Жанар
Қасиетті Маңғыстаудың әрбір тасы тарихи шежіреге толы. Енді осы Маңғыстаудың ой-қырын кім зерттейді, ән-жырын кім жазады деп жүргенде, Мырзайырдың топырағынан Әбіш атты алып кемеңгер дүниеге келді.
Ол — ойшыл, дана, қарапайым тілмен айтқанда, ғажайып өлкенің қыр-сырын ашып, өзгелерге туған өлкесін танытқан бірегей тұлға. Бүгінде есімін шартарап танытып қана қоймай, ұлы Алаштың ұлылығын әлемге паш етіп жүрген ХХ ғасырдың қазақ халқына берген үлкен сыйының бірі — Әбіш Кекілбайұлы.
Жыр жолдарынан үзінді
Шытыра аппақ шыңдары,
Шыр айнала қоршаған.
Бытыра сусыл құмдары,
Бұлтия шөккен ортадан.
Мырзайыр деген жер бар-ды,