Достық ережесі

Сабақ: «Достық ережесі»

Бұл материал құқықтану сабағына арналған. Негізгі ой — достықтың мәнін түсіндіру, сынып ішінде сыйластық мәдениетін қалыптастыру және әр азаматтың тең құқылы екенін ұғындыру.

Сабақ типі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақ түрі
Аралас
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап, топтастыру, эссе, проблемалық әдіс, талдау, ой қорыту, бағалау.
Көрнекіліктер
«Қазақстан–2030» бағдарламасы, ҚР Конституциясы, Конвенция, Декларация, достық туралы суреттер мен нақыл сөздер, баптар жазылған плакаттар, кітапшалар.

Мақсаты

Білімділік

  • «Дос», «достық», «халықаралық достық» ұғымдарын түсіндіру.
  • Азаматтардың тең құқылы екенін ұғындыру.
  • Достық ережесін құрастыруға үйрету.

Дамытушылық

Оқушылардың ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін және өз пікірін дәлелдеп айту дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Сыпайылыққа, ізеттілікке, сыйластыққа және достыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың психологиялық дайындығын қалыптастыру.

«Досқа тілек»

Досыма жақсылық тілеймін.

II. Жаңа тақырып

Тақырып: «Достық ережесі». Сабақтың мақсаты айтылады, кіріспе сөз арқылы достықтың мәні ашылады.

Достық туралы түсінік

I. Дос болу — киелі ұғым

Ертеде достықты бекіту үшін ер азаматтар арнайы ырым жасаған: құрбандық шалған малдың қанына көйлектерін малып, бір-бірімен көйлек ауыстырып киіп, жүректерін түйістірген. Бұл рәсім «бір тамшы қанымыз қалғанша достықты сақтаймыз» деген серттің белгісі болған. Жүрек түйістіру — жанымыз жақын, жүрегіміз бір деген антты білдірген. Дос болудың ант су ішу, серттесу сияқты дәстүрлері де кездеседі.

II. «Дос» деген кім?

  • Дос саған шынайы ниетпен жақсылық тілейді.
  • Қиындықта көмектеседі.
  • Қуаныш пен қайғыны бірге бөліседі.
  • Қамқоршы, тірек, сенімді серік болады.
  • Ауыр күнде жаныңнан табылатын таянышың.

III. Достық деген не?

Достық — адам баласының бірлігін сақтап, өмір жолын өркениетті арнаға бағыттайтын құдіретті ұғым. Достық — жасалған ізгі іс, шынайы адамгершіліктің көрінісі. Адамгершілігі қалыптасқан әрбір жан баянды достық орнатуды өз борышы деп біледі. Достасу, бірлесу, ынтымақтасу — адамзаттың игі әрекеттері мен берекелі тіршілігінің нәтижесі.

IV. Атадан қалған асыл сөз

Достық екеу: адал достық және амал достық.

Адал достық — өмірлік нұсқа; амал достық — өрісі қысқа.

Жағдаяттық тапсырма

Мұқан есепті шығара алмай қиналып отыр. Сол сәтте ол Сәкенді еске алып, жүгіріп барады. Сәкен өз есебін шығарып қойған екен. Мұқан оны көшіріп алғысы келеді, бірақ Сәкен дәптерін бермейді. Мұқан ренжіп, есікке беттейді. Сәкен досын тоқтатып, екеуі бірге отырып есеп шығарады.

Сұрақ

Мұқан мен Сәкен қандай дос?

Жауап үлгісі: Менің ойымша, …

Сұрақ

Неліктен?

Жауап үлгісі: Себебі, …

Халықтар достығы және халықаралық байланыс

Достықтың ең жоғары түрі — халықаралық достық. Қазақстан — әлем елдерімен түрлі қарым-қатынаста байланыс орнатқан мемлекет. Ел азаматтары бір-біріне барып-келіп, тәжірибе алмасып, саяхат жасап, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтады. Балалар да әр елдің құрдастарымен достасып, ортақ құндылықтарды үйренеді.

Сұрақ

Қазақстан қай мемлекеттермен шекаралас және достық қарым-қатынаста?

Жауап үлгісі: Қазақстан 5 мемлекетпен шекаралас. Олар: …

Сергіту сәті

«Дос болайық бәріміз»

Құқықты білу: негізгі қағидалар

Сұрақ: Сен өз құқығыңды білесің бе?

1-бап

Барлық адам болмысынан тең құқылы және азат болып туады. Барлық адамға ақыл-ой берілген, сондықтан олар туысқандық, бауырмалдық қарым-қатынас жасауы тиіс.

2-бап

Әрбір адам ұлтына, тіліне, нәсіліне, жынысына, дініне, әлеуметтік тегіне, саяси сеніміне, байлығы мен кедейлігіне, сондай-ақ елінің көлемі мен әлемдік беделіне қарамастан осы Декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдалануы керек.

Достасу — ізгі ниетті адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға ниет қосып, іс-әрекетте ортақтасуы. Достасудан — бірлік, бірліктен — тірлік, тірліктен — жеңіс, қуаныш, бақыт туады.

Топтық жұмыс

1-топ: Әдебиеттанушылар

Жазушылардың достық туралы әңгімелеріне шолу жасау.

  • «Екі дос» (ертегі)

    Абай: «Досыңа достық — қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» дейді. Жақсы дос достықты адамгершілік міндеті деп біледі.

  • «Жаман жолдас» — Ы. Алтынсарин

    «Жаман дос — көлеңке: күн ашықта қойныңда, күн жабықта мойныңда».

2-топ: Жас ақындар

Достық туралы білетін өлеңдерден үзінді айту.

Мұхтар Шаханов — «Достық өлкесінің заңы»

Ә. Табылдиев — «Дос»

Достық — әдеп, сыйласым,
Дос — өмірлік, қимасың.
Дос — арыңдай қымбатты,
Достық сезім — тым тәтті.
Достық — игі жақсылық,
Достық ниет — жақсы үміт.
Достық жасап адамға,
Достаса біл әрдайым.
Дос ниетпен, адал кең,
Дос бол ізгі адаммен.

Мұзафар Әлімбай — «Тату бол»

Достар болса достық атын ақтаған —
Алыс жолда жақын жол.
Қара бала, сары бала, ақ бала,
Туыстардай тату бол!

Ә. Жәмішев — «Достық» (үзінді)

Достық — менің бағым да, қуатым да,
Биіктетіп бойымды тұратын да.
Достық әні қосылып шырқайтыным,
Достық сөзі — таусылмас жыр ақынға.

Роза Қунақова (үзінді)

Жанына жақсылықты жиып келген,
Көрінген әрқашан да биіктерден.
Достықтың туын тіккен Қазақстан —
Түлегімін осындай сүйікті елдің.

3-топ: Жас қаламгерлер

«Менің досым» тақырыбында шағын эссе жазу және сынып алдында оқып беру.

4-топ: Жас құқық қорғаушылар

«Достық ережесін» құрастыру және оны күнделікті өмірде дұрыс қолдану жолдарын талқылау.

Достық ережесі

  1. 1 Сертіңе берік бол.
  2. 2 Дос көңілін қалдырма.
  3. 3 Досыңа өтірік айтпа.
  4. 4 Досыңа адал бол.
  5. 5 Қиналғанда көмектес.
  6. 6 Досың үшін ешнәрсені аяма.

Бұл ереже тек жеке адамға ғана емес, қоғамға да маңызды. Ережені күнделікті өмірде ешкімнің мүддесіне қайшы келмейтіндей етіп орынды қолдана білу қажет: досыңмен ойнау, пікірлесу, сыр бөлісу, табиғат аясында уақыт өткізу, мәдени орындарға бару — мұның бәрі достықты нығайтады.

Қорытынды және бекіту

Талқылау сұрағы

Сен досыңның қандай болғанын қалайсың?

Үй тапсырмасы

«Менің досым» тақырыбында әңгіме жазу.

Бағалау

Бағалаушылар тобының пікірін тыңдау.

Қорытынды әрекет

«Досыма сыйлық» — жылы сөз, тілек, немесе символдық сый ұсыну.