Алма бағы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Атамекен орта мектебі · Мектеп психологы: Абитова Камшат
Ой шақыру: Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны — бесіктің қалай тербетілетініне байланысты.
Станислав Ежи Лец: «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын». Халық мақалы
Тәрбие — үздіксіз әрі жауапты үдеріс
Ұрпақ тәрбиесі — қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселесі. Тәрбие ана сүтінен басталып, адамдардың бір-біріне ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс.
Бала тәрбиесі салғырттыққа да, себеп-сылтау іздеуге де төзбейді. Нәтиже болуы үшін педагогикалық ұжымның кәсіби біліктілігі, ата-аналардың саналы көзқарасы және осы қағидаларға сүйенген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланыс қажет.
Соңғы кезде жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ келеңсіз оқиғаларға жиі ұрыну, «қиын бала» санатын толықтыру байқалады. Бұл жағдай, сөз жоқ, мұғалімдер мен мектеп ұжымын алаңдатпай қоймайды.
«Қиын оқушы» ұғымын туындататын факторлар
1) Қоғамдық және тұрмыстық жағдай
Қоғамдағы өзгерістер, тұрмыстық қиындықтар мен тұрақсыздық бала мінез-құлқына тікелей ықпал етеді.
2) Мінез-құлық және психика ерекшелігі
Жағымсыз мінез ерекшеліктері, психиканың өзіндік қалыптасуы немесе қалыпты нормадан ауытқу қиындыққа әкелуі мүмкін.
3) Педагогикалық тәрбиедегі олқылық
Жүйесіз талап, тұрақсыз тәртіп, мақсатсыз ықпал — тәрбиенің нәтижесін әлсіретеді.
Әлеуметтік жағдайлар
- Бақылаусыздық
- Назардан тыс қалу
- Бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы
- Отбасының толық болмауы
Психологиялық жағдайлар
- Ерте жаста педагогикалық қолдаудың жеткіліксіздігі
- Қайта тәрбиелеудегі асығыстық
- Балдырған шақта қатал болып, жеткіншек кезінде талапты орындата алмау
- Жасынан шектен тыс еркіндік беру
Отбасылық факторлар
- Отбасындағы келіспеушілік, кикілжің
- Жауапкершілікті терең сезінбеу
- Бала қабілетімен санаспау
- Балаға сенім білдірмеу
- Мінез-құлық ерекшелігін ескермеу
- Ұлттық тәрбиенің әлсіреуі
Тәрбиедегі үлгі мен қарым-қатынастың рөлі
А. С. Макаренко: «Тәрбие баламен сөйлесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие — тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде».
Баланы жас кезінен сыйлап, қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлеп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал. Бала айтқысы келген өтінішін немесе ақылдасқысы келген мәселесін ата-анасы тыңдап, байыппен кеңес бергені маңызды.
Отбасында үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлау мәдениеті орнықса, бала да соған ұмтылады. Берекелі отбасының тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы әсері зор.
Практикалық бөлім: тренинг жаттығулары
«Бәрібір де сен жақсысың, өйткені…»
Қолдау көрсету дағдысын дамыту
Ойын шарты:
- Қатысушылар арасынан 6 адам шығады.
- Екі топқа 3-3 адамнан бөлінеді.
- Бірінші топ: «Оқушы мені жақсы көрмейді, себебі…» деп бастайды.
- Екінші топ тыңдап болып: «Бәрібір де сен жақсысың, өйткені…» деп жалғастырады.
Талдау сұрақтары:
- Серіктесіңіздің әңгімесіне толық әрі лайықты жауап бере алдыңыз ба?
- Жауап беру қиын болмады ма?
- Қиындық неден туындады деп ойлайсыз?
- Қолдау тапқан кезде қандай сезімде болдыңыз?
«Эмоция» жаттығуы
Эмоционалдық икемділік және рөлдік шеберлік
Мақсаты: мұғалім бойында әртістік, эмоционалдылық, икемділік дағдыларын, сондай-ақ оқушылармен қарым-қатынаста образдық және әрекет техникасын дамыту.
Тапсырмалар:
- Үзіліс кезінде балалар шулап жатыр. Қоңыраудың соғылғанын да, сіздің сыныпқа кіргеніңізді де байқамады. Бір оқушы лақтырған бас киім бетіңізге тиіп кетті. Сіз не істейсіз?
- Сіз сабақ өткізіп жатырсыз. Мектепке сирек келетін ата-ананың бірі есік қақпастан кіріп, еш түсіндірместен партада отырған қызының жанына барып, оны ертіп алып шығып кетті. Сіздің әрекетіңіз қандай?
- «Тез келсін!» деп директор шақыртты. Кабинетке кірсеңіз, директор сіздің қатысыңыз жоқ оқиға үшін ашуланып, ұрыса жөнелді. Не істейсіз?
- Сыныбыңызда бір оқушының темекі тартып жүргенін байқадыңыз. Оған ескерту жасағанда, ол мойындамады. Қандай әрекет етесіз?
- Сыныбыңыздағы ұлдар өте тентек, сіз жиі ескерту аласыз. Шаштарын қысқартуды да үнемі ескертесіз, бірақ орындалмайды. Ата-анаға барсаңыз: «Жалғыз сол ма?» деген уәж айтады. Сіздің әрекетіңіз қандай?
Аутотренинг
Зейін мен ішкі ресурсты қалпына келтіру
Көз алдыңызға жаңа көрген табиғат көріністерін елестетіңіз. Терең дем алып, әуен ырғағына зейін аударып, сөздерге құлақ салыңыз.
- Соқпақ жолмен жүріп келесіз…
- Жол ұзақ. Шаршадыңыз, шөлдедіңіз…
- Кенет алдыңыздан ғажайып бақ көрінді…
- Алма бағы…
- Қып-қызыл алмалар қол созым жерде…
- Сіз үзіп алып жей бастадыңыз… Дәмі керемет…
- Жеген сайын жегіңіз келеді…
- Қалтаңыздан дорба алып, алмаларды жинай бастадыңыз…
- Күн кешкірді. Қайту керек…
- Бақтан шығып жолға түстіңіз. Иығыңызда дорба…
- Жүгіңіз ауыр. Жол бітер емес. «Тастап кетсем бе екен?» деген ой келді…
- Сіз дорбаны емес, жалқау ойыңызды тастап кетіңіз…
- Міне, қалашыққа да жеттіңіз…
- Алдыңыздан қуана секіріп балалар шықты…
- Оларға өзіңіз терген алмадан үлестіре бастадыңыз…
- Балалардың бақытты күлкісі сіздің де көңіліңізді көтерді. Балалар да, олардың ата-аналары да дән риза…
«Менің ең қиын оқушым»
Жағымды қатынас қалыптастыру және тәжірибе алмасу
Мақсаты: мұғалімнің балаға деген жағымды эмоциялық қатынасын дамыту, қиын балалармен қарым-қатынас жасау жолдарын бөлісу.
Шарты:
Сынып жетекші өз сыныбындағы бір «қиын» оқушы туралы қысқаша сипаттама береді: сыртқы келбеті, сабақ үстіндегі мінез-құлқы, үлгерімі және соған байланысты бір жағдайды баяндап береді.
Талдау сұрақтары:
- Жаттығуды орындау қиын болды ма?
- Қиын оқушының эмоциясын бейнелеу барысында қандай ойда болдыңыз?
- Нақты қандай қиындық кездесті?
Қорытынды: бірлескен әрекет қана нәтижеге жеткізеді
Тренинг сабағын қорытындылай келе, тәрбиесі қиын жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесін ата-аналар, психологтар, педагогтар бірлесе қолға алуы қажет. Өйткені тәрбие саласындағы кемшіліктерді уақыт өткен соң қайта қалпына келтіру қиын.
Жас шыбықтың шорт сынбай, иілсе де қайта орнына келуі секілді, қиын баланы тәрбиелеу де қажырлы, қайратты еңбекті талап етеді.
Ұрпағымыздың жұмсақ мінезді, мейірімді болып өсуі және қарым-қатынаста қиындық тудырмауы үшін, «қиын бала» атанған бауыр етіміз балалардың тәрбиесіне бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып кірісуіміз керек.