Ананың көңілі балада
Отбасы — өмір аясы
Мақсаты
- Отбасы ұғымының қыр-сырына терең бойлай отырып, ата-ана мен бала арасындағы сенімді нығайту.
- Оқушылардың ойлау қабілеті мен сөйлеу шеберлігін дамыту.
- Әдептілікке, ізеттілікке, сыйластық пен татулыққа, кішіпейілділікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Тірек сызбалар, нақыл сөздер.
Негізгі ой
Баланың бас ұстазы — ата-ана. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы отбасы тәрбиесінің мәнін айқындайды.
Тақырып өзегі
Ата-ана — отбасының негізгі тірегі, алғашқы дәнекері.
Бала әкеден — ақыл, анадан — мейірім алады.
Сұрақ
«Ана» сөзінің мағынасын сен қалай түсінесің?
Іс-шара барысы
Кіріспе және көңіл күйді анықтау
«Сәлеметсіздер ме, балалар, ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі іс-шарамыз “Отбасы — өмір өзегі” тақырыбына арналады».
Іс-шара басталмас бұрын оқушылардың көңіл күйі анықталады: тақтадағы үш түрлі көңіл күй бейнеленген суреттерге қарап, әр оқушы қағазға өз қазіргі көңіл күйін салады.
Өсиет және ой қозғау
Нақыл
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің».
Талқылау
Жақсы ата-ана отбасыға береке әкеліп, шаңырақты бақытқа бөлейді. Осындай отбасынан шыққан баланың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Осы сұраққа ата-аналар өз ойларын ортаға салады.
Ой түйін
Баланың жанын ұға білетін, баланың жан сарайына бойлай алатын сезімтал да сұңғыла жан — ата-ана.
Отбасы туралы тақпақтар
1-оқушы
Аналарды құрметтейміз, елейміз,
Аспандағы ай мен күнге теңейміз.
О, аналар, сіздерді үлгі тұтып,
Бақыт пен денсаулықты тілейміз.
2-оқушы
Ата-анам — бақытымсың, барымсың,
Тірегімсің, сүйенішім, бағымсың.
Жалғасындай ата-ананың баласы —
Жақсы атымен бар әлемге танылсын.
3-оқушы
Бақытты отбасы — келешек кепілі,
Тәрбие — жұмбақтың шешімі.
Үйрету, үлгі ету, өнеге көрсету —
Әрқашан үлкеннің міндеті.
4-оқушы
Арманым — елдің аңсағаны,
Әкелсем бақыт мен саған.
Ұрпағың болып жалғадым,
Қуаншы, әке, сен маған.
5-оқушы
Жүрегі қазағымның бүлкілдеген,
Өнерлі екендігін кім білмеген?
Қарасаң қара шанақ домбырасы —
Халықтың кеудесіндей күмбірлеген.
Ситуациялық сұрақтар
Оқушыларға арналған тапсырма
Отбасында кездесетін баланың жағымсыз қылығы туралы ойланайық. Төмендегі хатты мұқият тыңдап, пікір білдіріңдер.
Хат
Үй тапсырмасын орындауға құлықсыз Арман бір күні анасына хат жазыпты:
«Апа, маған үй жұмысын істеткеніңіз үшін төмендегідей қарызыңыз бар:
нанға бардым — 100 теңге,
бөлмені жинастырдым — 50 теңге,
қоқыс төктім — 40 теңге,
кір киімдерді кір жуғыш машинаға салдым — 50 теңге,
компьютерде ойнамадым — 100 теңге.
Барлығы: 340 теңге. Уақытында төлемесеңіз, үстеме қосатынымды ескертемін».
Талқылауға сұрақтар
- Арманның хаты дұрыс па? Неліктен?
- Сен Арманның анасы болсаң, қандай жауап қайтарар едің?
Ата-аналарға арналған сұрақтар
Жағдай 1
«Ура, мама, мен бес алдым!» — деп бірінші сынып оқушысы қуанышын жасыра алмай үйге жүгіріп келді. Бірақ жылдар өте келе мұндай қуанышты сөздер сирей бастады. Неліктен?
Жағдай 2
Қызы мектептен келіп анасына: «Сізге маңызды бір нәрсе айтқым келеді», — дейді. Анасы: «Сенсіз де басым ауырып тұр, мазамды алма», — деп жауап береді. Сіз қалай жауап берер едіңіз?
Мақал-мәтелдер
Халқымыз «Сөздің көркі — мақал» деп бекер айтпаған. Ендеше, отбасы құндылығын айқындайтын мақал-мәтелдерге кезек берейік:
Шығармашылық тапсырма: «Менің отбасым»
Гүл бейнесі арқылы таныстыру
Әрбір ата-анаға өз отбасын гүл бейнесінде салу ұсынылады. Кейін суретті «сөйлетіп», әр бөлшегі нені білдіретінін қысқаша түсіндіреді: гүлдің күлтелері — отбасы мүшелері, сабағы — бірлік, тамыры — тәрбие мен дәстүр, жапырағы — қамқорлық пен қолдау.
Нәтиже
- Отбасылық құндылықтарды нақтылау
- Баланың ішкі дүниесін түсінуге қадам
- Сенімді диалог орнату
Шаттық шеңбері: «Мейірімді жүрек»
Жақсы тілектер
Барлығымыз шаттық шеңберіне тұрып, бір-бірімізге жылы лебіз айтамыз: мейірімді бол, аспанымыз ашық болсын, жүзіңнен күлкі кетпесін, инабатты бол, тәртіпті бол.
Өнегелі отбасыға тән қасиеттер
Достық, бақыт, қуаныш, денсаулық, қажымас қайрат және өзара құрмет.
Қорытынды
Осымен бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды. Назар қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Үшқұлын мектебі
Шокина Зару Рахымжановна