Біздің Ұлы Жеңісіміз көктем боп

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

№7 жалпы білім беру орта мектебі КММ

Бастауыш сынып мұғалімі: Темирбекова Ақмарал Жусипалиевна

Мақсаты

Тәрбиелік бағыт

Оқушыларды Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың, жерлестеріміздің ерлік істерімен таныстыру; оларды үлгі ете отырып, Отанын, елін, жерін сүюге және қорғауға баулу.

Құндылықтар

Батыр тұлғалардың ерлігіне терең үңіле отырып, оқушыларды ерлікке, батылдыққа, жауапкершілік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Сахна безендірілуі
  • Ұрандар жазылған плакаттар
  • Соғыс тақырыбындағы суреттер

Сабақ барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгінгі ұрпақ — бақытты ұрпақ атынан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Құрметті оқушылар, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

1 минут үнсіздік

Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.

Еске алу сәті: 1 минут үнсіздік жарияланады

1-жүргізуші

Жеңіс күні бар әлемге әйгілі,
Көктем шуағы — 9 мамыр күні.
Айтшы, кәне, біздің жеңіс шеруі,
Кездейсоқ па көктемге сай келуі?

2-жүргізуші

Жеңіс! Кім де болса, жеңіс туған сәтті өз өмірінің ең бақытты күніне балайды.

Арнау

Бүгінгі ашық тәрбие сағаты соғыс ардагерлеріне, қайтып оралмаған қаһармандарды еске алуға және бізге бақытты бейбіт өмір әкелген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналады.

Жеңіс жылнамасы

70 жыл — бейбіт көктем таң атқалы,
70 жыл — шуақты күн таратты әнін.
70 рет — көктемде содан бері,
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

Ән мен өлеңге шақыру

Жүрек біткен желпінсін, жүрек аттай,
Сезім біткен серпілсін дамыл таппай!
Дәл бүгін өлең айтпай, ән шырқалмай,
Қандай жүрек қалсын қанат қақпай?

Хор: «Бейбіт күн тілегі»

Оқушылардың ой-толғауы

Жеңіс — жақсылықтың сыңары

Жеңіс деген — жақсылықтың сыңары, жігер мен құштарлықтың құралы. Күрескердің арманы мен ұраны, қуаныш пен мерекенің бұлағы.

1945 жылғы 9 мамыр

Жеңіс күні — адамзат аңсап күткен күн. 1945 жылғы 9 мамыр — азаттық күрестің айбынды күні, Жеңіс туы тігілген тарихи сәт.

Жеңіс оңай келмеді

9 мамыр — Жеңіс күні адамзат жадынан мәңгі өше ме? Бірақ бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

Тарихи дерек

Соғыстың бас кезінде гитлершілдер 190 дивизияны, 5 мыңға жуық ұшақты, 3700 танкті, 50 мыңдай қару мен минометті шабуылға шығарды. Жерімізге басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны 5,5 миллион адамға жетті.

Қазақстандықтардың үлесі

Осы сұрапыл соғыста жауды талқандап, Ұлы Жеңіске жетуге қазақстандықтар да сүбелі үлес қосты. Жүздеген мың қазақстандық қолына қару алып, өз Отанының намысы мен бостандығы үшін күресті.

Батырлар ерлігі — мәңгілік өнеге

Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова

Халқымыз қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдерін мақтанышпен атайды.

Бейнеңізге бас иіп тәу еткенде,
Ерік-жігер дариды жүректерге.
Мәншүк пен Әлияның қасиеті ғой,
Қазақты бауыр етіп бір еткенде!

Ән: «Мәншүк»

Өшпес рух туралы шумақтар

Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққан ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.

Даламыздың даңқысың,
Балауса гүл, балғын қыз.
Жанын қиып халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.

28 панфиловшы — қаһармандық символы

Халқымыз Мәскеуді қайсарлықпен қорғаған 28 панфиловшы батырларды ғұмыр бойы құрметпен есте сақтайды.

Қасарысты жиырма сегіз,
Тынбай атты гранатты.
«Отан!» деген отты лебіз —
Жандарынан жалын атты.

Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде.
Ерлік даңқы — жеңіс таңы,
Жарқыратып келді бізге.

Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін бұл ұрыста 28 панфиловшының 23-і қаза тапты. 28-дің 22-сі — қазақстандықтар еді.

Кеңес Одағының Батырлары және жерлестеріміз

Теңдесі жоқ ерлігі үшін 500 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың қатарында екі мәрте батыр атанған Талғат Бигелдинов, Н. Әбдіров, шығыстың қос қанаты — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы сияқты ержүрек батырлар бар. Сондай-ақ жерлестеріміз Қашаған Жаманғараев пен Рақымжан Тоқатаев аталарымыздың есімі де құрметпен аталады.

Ән: «Батыр бала Болатбек»

9 мамырдың мәні

Бейбіт өмірдің бастауы

Бұл күн — талай жылдар бойы бейбіт өміріміздің бастауы болған күн; адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған күн.

Еске алу және тағзым

Бұл күн — фашизмді жеңген қаһарман халықтың мерекесі; қуаныш үшін өмірін қиған боздақтарды еске алу күні.

Сағыныш пен үміт

Бұл күн — үйіне, отбасына, ата-анасына оралмаған аталарымыз бен ағаларымызды сарғая күткен сағыныш күні; қыршын боздақтардың асқақ рухы ұлықталатын күн.

Әділеттің салтанаты

Бұл күн — әділеттің әділетсіздікті жеңген күні; бүгінгі ұрпақтардың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын жалғастырып жатқан күні.

Хормен айтылатын тілек

Тыныштық тулары биікке самғасын.
Тыныштық ұраны қиырды шарласын.

Жасасын, Жеңіс!

Жасасын, Жеңіс! Еңбегі барлық солдаттың,
Болашақ ұрпақ ерлігін айтар жалғап мың.
Қаншама адам ерлік жасап майданда,
Қазақтың атын, халықтың атын самғаттың!

Жеңіс — халық мерекесі

Барша халық Жеңіс күнін тойлайды,
Жас сәбилер думандатып ойнайды.
Ардагерлер көздеріне жас алып,
Ұрпақтардың амандығын ойлайды.

Қорытынды

1-жүргізуші

Бақытты елім күле бер! Тәуелсіз болып, болашағыңда жүре бер!
Болмасын соғыс! Болмасын соғыс! Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық, түрегел!

Мұғалімнің түйіні

Бүгінгі өнеге сабағымыз халқымыздың Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетіп, бейбіт заман орнағанының 70 жылдығына арналды. Жас ұрпаққа жеңістің оңай келмегенін, соғыстың қасіретін ұғындыра отырып, бейбіт күннің қадірін біліңдер, Отанды сүйіңдер, өз еліңнің нағыз патриоттары болыңдар дейміз.

2-жүргізуші

Осымен «Жеңіс күні — Ұлы күн!» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Елімізді қорғап, Жеңіс туын желбіреткен аға-апаларымызды ұмытпау — ұрпақ міндеті.