Өлең құдіретін таныту

7-сынып әдебиет сабағы: Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңі

Бұл сабақ жоспары Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңін оқытуға бағытталған. Сабақта ақынның өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, өлеңнің идеясы мен көркемдік ерекшелігі талданады. Оқу үдерісі оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіріп, өзіндік ой қорытуына жағдай жасайды.

Сабақтың тақырыбы

Қасым Аманжолов. «Өзім туралы» өлеңі.

Сабақтың типі

Жаңа білімді меңгерту.

Сабақтың түрі

Оқыта үйрету.

Әдіс-тәсілдер

  • Проблемалық ізденіс
  • Көрнекілік
  • Талдау
  • Жеке оқушымен жұмыс

Көрнекіліктер

  • Электронды оқулық
  • Слайд

Пәнаралық байланыс

Тарих, география.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Қ. Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік беру; поэзиясының ерекшелігін таныту; өлеңнің мән-мағынасын ашып, идеясын анықтау.

Дамытушылық

Оқушылардың дүниетанымын кеңейту; өзіндік зерттеу арқылы ой қорытуға дағдыландыру.

Тәрбиелік

Пәнге қызығушылық пен белсенділікті арттыру; өлең құдіретін сезіндіру.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: «Ана махаббаты» — эссе.

3) Өткен тақырыпты пысықтау («Зерек оқушы»)

  1. «Ананың анасы» әңгімесінің идеясы қандай?
  2. Саятшы Ораздың қасиеттері қандай еді?
  3. «Есіл бойында» шығармасы қай шығармадан алынған?
  4. Аңыз дегеніміз не?
  5. М. Әуезовтің өмір сүрген жылдары қандай?
  6. Қазақ поэзиясындағы ұйқас түрлерін ата.

4) Сабақтың мақсатын қою

Күн реті мен жаңа сабақтың тақырыбы хабарланады. Оқушыларға күтілетін нәтиже түсіндіріледі.

5) Жаңа сабақ: ақын өмірі мен шығармашылығы

Сабақ басында бейнетаспадан Қасым Аманжолов туралы деректі үзінді көрсетіледі.

Қасым Рақымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Қызыларай өңірінде дүниеге келген. Жастайынан жоқшылық пен жетімдікті көріп өсті.

Семейдегі мал дәрігерлік техникумды бітірген. 1931 жылы Ленинградқа барып Орман шаруашылығы институтына оқуға түседі, бірақ денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайды.

1931–1941 жылдары «Лениншіл жас», «Екпінді құрылыс» редакцияларында және Орал облыстық театрында қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылға дейін әскер қатарында болды.

Әскерден оралғаннан кейін біраз жыл «Әдебиет және өнер» журналының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Тұңғыш өлеңі Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланды. Ал алғашқы жинағы «Өмір сыры» 1938 жылы жарық көрді.

Ақын қаламынан халық өмірі мен өзі ғұмыр кешкен дәуірдің шындығы түйдек-түйдек жыр болып өрілді. Көркемдік сапасы жоғары туындыларының қатарында «Ақын», «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Жалғыз жалау», «Дүниеге жар», «Орамал» сияқты өлеңдер бар.

Сондай-ақ «Ақын өлімі туралы аңыз», «Құпия қыз», «Бикеш», «Жамбыл тойында», «Боран», «Біздің дастан» тәрізді эпикалық поэмалары белгілі.

Ақынның өзі әнін шығарған «Дариға сол қыз», «Туған жер», «Өзім туралы» шығармалары халық сүйіспеншілігіне бөленген. Ол А. С. Пушкиннің «Полтава» поэмасын, Низамидің «Ләйлі–Мәжнүн» дастанын, Лермонтовтың «Маскарад» шығармасын қазақ тіліне аударған.

Қасым поэзиясы Отанды, туған жерді сүюге және қастерлеуге үндейді.

Мәтінмен жұмыс

  • Өлеңді мұғалімнің мәнерлеп оқуы.
  • Оқушыларға кезекпен мәнерлеп оқыту.
  • Дауыс ырғағы, кідіріс, екпін сияқты дағдыларға назар аудару.

Салыстыру және үндестік

Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген ойымен Қасымның өлеңіндегі қай жол үндеседі?

М. Мақатаевтың «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген идеясы өлеңнің қай жолдарымен үйлеседі?

Талдауға арналған сұрақтар

  1. Ақын өз бойындағы адамгершілік қасиеттерін қай жолдар арқылы сипаттайды?
  2. Ақынның өлең туралы ойы қандай?
  3. Өлеңнің негізгі ой қазығын ұстап тұрған шумақты тап.
  4. Өлең бір-бірімен жалғасқан неше бөліктен тұрады? Әр бөлікке ат қой.
  5. Өлеңдегі лирикалық қаһарман кім?

Өлең құрылысына талдау

Өлеңге сатылай кешенді талдау жүргізіледі: тақырып, идея, композиция, көркемдік құралдар, ырғақ-ұйқас және тіл өрнегі жүйелі қарастырылады.

Білімді бекіту

Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр. — Т. Ахтанов

«Қар лақтыру» әдісі

Модульдік технология элементі ретінде оқушылар бір-біріне қысқа сұрақтар қойып, жауаптарын нақты дәлелмен негіздейді.

Ассоциация құру

«Қасым» сөзіне ассоциация жасап, ақын тұлғасын, мінезін, мұратын сипаттайтын тірек сөздер мен ойларды жинақтау.

Үй тапсырмасы

  • «Өзім туралы» өлеңін жаттау.

Бағалау және рефлексия

Сабақ соңында оқушылардың жұмысы бағаланады. Рефлексия кезеңінде: «Бүгінгі сабақ ұнады ма?» деген сұраққа жауап беріп, көңіл күйін білдіретін суреттер арқылы пікірін білдіреді.

Рефлексияға бағыттайтын сұрақтар

  • Бүгін қандай жаңа ақпарат алдым?
  • Өлеңнің қай тұсы ерекше әсер етті?
  • Келесі сабаққа қандай сұрағым бар?