Ауытқу өзгерісін есептеңдер

Жаңа сабақ Математика Статистикалық ұғымдар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Арифметикалық орта, ауытқу өзгерісі және мода ұғымдарын меңгерту, есеп шығаруда қолдану.

Дамытушылық

Логикалық ойлауды, есептеу дағдыларын жетілдіру; өздігінен жұмыс істеуге және белсенділікке баулу.

Тәрбиелілік

Ойды нақты әрі дұрыс жеткізуге, тапқырлыққа және жылдамдыққа тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Жаңа сабақ.

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндірмелі әдіс
  • Ой қозғау
  • «Жуан–жіңішке» сұрақтар
  • Кестемен және оқулықпен жұмыс

Көрнекіліктер

Нақыл сөздер, сызғыш, компьютер.

I. Қызығушылықты ояту

Тренинг: «Күн шуағы»

Оқушылар қағаз қиындыларынан күннің бейнесін құрастырады. Жарқыраған күннің шуағын көріп, жаңа күнге қадам басу — әр адам үшін үлкен бақыт. Әр күніңіз шуақты, бүгінгі сабағыңыз сәтті өтсін.

Ұйымдастыру

  • 1 Сәлемдесу.
  • 2 Оқушыларды түгендеу.
  • 3 Назарды сабаққа аудару.
  • 4 Үй тапсырмасын тексеру: №886, №887.

«Ой қозғау»: тақырыпқа алып келетін сұрақтар

Сұрақтарға жауап беру арқылы алдыңғы білім еске түсіріліп, жаңа тақырыпқа өтеді.

  1. 1. Бөлшек неден тұрады?
  2. 2. Екі баласы, екі әкесі 3 алманы тең қалай бөліп жейді? Жауабы: атасы, баласы, немересі.
  3. 3. Дұрыс бөлшек дегеніміз не?
  4. 4. Ұшақ A қаласынан B қаласына 1 сағат 20 минут ұшады, ал кері қайтқанда 80 минут ұшады. Себебін түсіндір. Ескерту: 1 сағ 20 мин = 80 мин.
  5. 5. Бұрыс бөлшек дегеніміз не?
  6. 6. 4 пен 5-тің арасына қандай таңба қойғанда 4-тен артық, 5-тен кіші сан шығады? Жауабы: үтір — 4,5.
  7. 7. Аралас сан неден тұрады?
  8. 8. Үш пар ат 30 км шапса, әр ат қанша км шабады? Жауабы: 30 км.
  9. 9. Бұрыс бөлшекті аралас санға қалай айналдырамыз?
  10. 10. Төрт қойдың неше аяғы бар? Жауабы: 16.
  11. 11. Аралас санды бұрыс бөлшекке қалай айналдырамыз?
  12. 12. Бөлімдері бірдей жай бөлшектерді қалай қосамыз және азайтамыз?
  13. 13. Барлық қабырғалары тең фигура? Жауабы: шаршы.
  14. 14. Бөлімдері әртүрлі жай бөлшектерді қалай қосамыз және азайтамыз?
  15. 15. Жай бөлшекті ондық бөлшекке қалай айналдырамыз?
  16. 16. Кері сандардың көбейтіндісі неге тең?
  17. 17. Екі адам 4 сағат шахмат ойнады. Олардың әрқайсысы неше сағат ойнады? Жауабы: 4 сағат.

II. Мағынаны тану

«Жаңа сабақ — жаңа белес»: негізгі ұғымдар

Арифметикалық орта

Бірнеше санның арифметикалық ортасы — олардың қосындысын сол сандардың санына бөлгендегі бөлінді.

Формула: A = (қосынды) / (қосылғыштар саны)

Ауытқу өзгерісі

Ең үлкен және ең кіші мәндердің айырымы ауытқу өзгерісі деп аталады.

Формула: R = max − min

Мода

Берілгендер қатарында ең жиі қайталанатын сан немесе шама мода деп аталады.

Ереже: ең көп кездесетін мәнді таңдаңыз.

Мысал: орташа бой

Сыныптағы 4 оқушының бойлары: 157 см, 142 см, 136 см, 136 см. Орташа бой:

(157 + 142 + 136 + 136) ÷ 4 = 571 ÷ 4 = 142,75 ≈ 143

Жауабы: 143 см.

Мысал: ауытқу өзгерісі

Осы қатар үшін ең үлкені — 157, ең кішісі — 136:

157 − 136 = 21

Жауабы: 21.

Мысал: мода

157, 142, 136, 136 қатарында ең жиі кездесетіні — 136:

Mode = 136

Жауабы: 136.

«Алғырлық кілті»: оқулықпен жұмыс

Оқушылар фигураларды таңдау арқылы есеп нөмірлерін алады.

Шаршы — №889

Пойыз 1-сағатта 62 км, 2-сағатта 63 км, 3-сағатта 64,5 км, 4-сағатта 67,5 км жүрді. Орташа жылдамдығын табыңдар.

Орта
(62 + 63 + 64,5 + 67,5) ÷ 4 = 257 ÷ 4 = 64,25

Жауабы: 64,25 км/сағ.

Цилиндр — №890

Мұрат балық аулағанда 3 балық ұстады: 0,125 кг, 0,205 кг, 0,18 кг. Балықтардың орташа салмағын табыңдар.

Орта
(0,125 + 0,205 + 0,18) ÷ 3 = 0,51 ÷ 3 = 0,17

Жауабы: 0,17 кг.

Конус — №891

Жәшіктегі апельсиндердің жалпы салмағы 21 кг. Егер жәшікте 125 апельсин болса, 1 апельсиннің орташа салмағын табыңдар.

Орта
21 ÷ 125 = 0,168

Жауабы: 0,168 кг.

Тіктөртбұрыш — №892

Төмендегі төрт топ бойынша ең үлкен және ең кіші мәндерді көрсетіп, ауытқу өзгерісін есептеңдер.

Ауытқу

1-топ

12 тг; 148 тг; 326 тг; 700 тг

700 − 12 = 688

2-топ

78 т; 326 кг; 760 кг

Бірліктерді бірдей өлшемге келтіреміз: 78 т = 78000 кг.

78000 − 326 = 77674

3-топ

160 мин; 1 сағ 60 мин; 2 сағ; 200 мин

Уақытты минутқа айналдырамыз: 1 сағ 60 мин = 120 мин; 2 сағ = 120 мин.

200 − 120 = 80

4-топ

17,3; 0,73; 173,1; 17,31

173,1 − 0,73 = 172,37

«Ғажайып кесте»: Пифагордың ойы

Плакаттағы ежелгі грек ойшылы әрі математигі Пифагордың сандар туралы пікірін цифрларды қазақ әліпбиіндегі әріптердің ретімен алмастыру арқылы оқуға болады.

Жауабы:

«Бар болмыстың бастамасы — сан».

Қосымша тапсырма

Ауытқу өзгерісі мен моданы табыңдар.

Нәтиже

Ауытқу өзгерісі: 37 − 1 = 36

Мода: 1

Қосымша есеп: өлшеу жұмысы

6 қадамның ұзындығын өлшеңдер. Бір қадамның орташа ұзындығын табыңдар.

Нұсқау: 6 қадамның жалпы ұзындығын 6-ға бөліңдер.

III. Толғаныс

«Жуан–жіңішке» сұрақтар

  1. 1 Бірнеше санның арифметикалық ортасы қалай табылады?
  2. 2 Берілген сандардың ауытқу өзгерісі дегеніміз не?
  3. 3 Сандардың модасы қалай табылады?

«Лездік тапсырма»: үй жұмысы

Үй тапсырмасы: №888, №893.

Жылдам есептеулер

  • 555 − 547 = 8
  • 136 − 128 = 8
  • 824 − 103 = 721
  • 976 − 122 = 854
  • 853 − 844 = 9
  • 963 − 321 = 642

«Шешуші сәт»: бағалау

Әр тапсырма үшін ұпайлар беріліп отырды. Сабақ соңында жинаған ұпайлар қосылып, қосылғыштар санына бөлінеді.

(5 + 4 + 3) ÷ 3 = 4

Оқушылар осы тәсіл арқылы өз бағаларын шығарады.

Қорытынды

Сабақты бабаларымыздың сөзімен түйіндейік:

«Бір бала әкеден кете туады,
Бір бала әкеге жете туады,
Бір бала әкеден өте туады».
Мағынасы: өзімізден де озық болатын ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылайық.