Әкелер аман болсыншы

10-сынып оқушысы Коваленко Виктория

Әке — асқар тау

«Әке… Әкетай… Әкешім… Әкежан…» — осы сөздерді айтқанда, өзіме қанат біткендей сезінемін; құс сияқты қалықтап, жүрегім жылып кетеді.

Әке — арманға жетелейтін, еркелетіп, ерлікті танытатын, жолыңды жарық етер шуағын төгетін асқар шың. Кейде көз алдыма күннің бар нұрын өзіне жиып алып, биіктен төніп тұрған, бірақ қорған болатын тау елестейді. Нұрға бөленген мейірлі де мықты тірек — ол әке.

Әкенің орны

Иә, әке — асқар тау, асқар шың, биік белес. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше.

Әке — отбасының асыраушысы, әр мүшесінің тірегі мен қамқоршысы. Оның мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы, өнері мен білімі — баланың көз алдындағы үлгі. Бала әкеге қарап бой түзейді, өмірге көзқарасын қалыптастырады.

Отбасының берекесі мен ынтымағы үшін әкенің тәрбиелік рөлі зор. Әке қаласа да, қаламаса да, ұлы мен қызы үшін адалдық пен шындықтың, ер мінездің өнегесіне айналады.

Әкелер аман болсын!