Жалаң және жайылма сөйлем туралы түсінік беру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән / сынып

Қазақ тілі, 3-сынып

Сабақтың тақырыбы

Жалаң және жайылма сөйлем (презентациямен)

Сабақтың түрі

Жаңа білімді меңгерту

Пәнаралық байланыс

Дүниетану

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Жалаң және жайылма сөйлем туралы түсінік қалыптастыру.

Міндеттері

  • Сөйлемнің жалаң және жайылма болып бөлінуі тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерге байланысты екенін меңгерту; сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру; сөйлем мүшелеріне талдау дағдысын қалыптастыру.
  • Ізденімпаз, тапқыр, еңбекқор, өз ойын және пікірін еркін жеткізе алатын шығармашыл тұлға тәрбиелеу.
  • Сөз қорын байыту; ауызекі және жазба тілін дамыту; логикалық және шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Қоңырау соғылды,
Сабақ басталды.
Балалар, жиналдық,
Құралды түгелдедік.

II. Үй тапсырмасын тексеру

№76 жаттығу

  • Оқушылардың орындаған жұмысы тексеріледі.
  • Жазған өлеңді жатқа айтып, сөйлем мүшелеріне ауызша талдау жасайды.
  • Бағалау жүргізіледі.

III. Жаңа сабақ

Бүгінгі сабақта жалаң және жайылма сөйлемді ажыратып, сөйлем мүшелері арқылы дәлелдеуді үйренеміз.

1) Психологиялық дайындық

Слайдтан Ы. Алтынсариннің портреті көрсетіледі. Мұғалім сұрақ қояды: «Бұл кім? Ол туралы не білеміз? Қандай өлеңдерін білесіңдер?»

Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.

Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар!

Мұғалім сабаққа қатысып отырған қонақтарды таныстырып, оқушыларға сәттілік тілейді.

Өткенді еске түсіру: тест тапсырмасы

Оқушылар монитордағы тест сұрақтарын кезекпен ауызша орындайды.

  1. 1. Қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөзді бастауыш дейді.

    A) сапасын    Ә) иесін    Б) қимылын

  2. 2. Бастауыштың ісін, қимылын білдіретін сөздерді … дейді.

    A) баяндауыш    Ә) тұрлаулы мүше    Б) тұрлаусыз мүше

  3. 3. Бастауыш та, баяндауыш та … жасалса, бастауыштан кейін сызықша қойылады.

    A) сан есімнен    Ә) етістіктен    Б) зат есімнен

  4. 4. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін тап: «Бүгін қар қалың жауды.»

    A) бүгін, жауды    Ә) қар, жауды    Б) қалың, жауды

  5. 5. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін тап: «Балалар әдемі аққала жасады.»

    A) әдемі аққала    Ә) балалар    Б) жасады

2) Тақырып пен мақсатты нақтылау

Оқушылар сөйлемнің негізгі белгілерін еске түсіреді:

Мағыналық байланыс

Сөздер бір-бірімен мағыналық байланыста болады.

Аяқталған ой

Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.

Жазылу ережесі

Бірінші сөз бас әріппен жазылады.

Тыныс белгілері

Соңына нүкте, леп немесе сұрау белгісі қойылады.

Слайдтан тірек-сызба көрсетіледі.

3) Диалог арқылы түсіну

Оқушылар Негеш пен Білімбектің арасындағы әңгімені оқиды. Диалог мазмұнына сүйеніп, тірек-сызбаны толтырады және қорытынды жасайды.

4) Ойын: «Тиісті пойызға орналастыр»

№79 жаттығу ойын түрінде орындалады: сөздерден сөйлем құрастырып, сөйлем мүшелеріне талдайды, жалаң не жайылма екенін анықтайды. Содан кейін сөйлемдерді тиісті «пойызға» орналастырып, дұрыстығын слайдтан тексереді.

5) Сергіту сәті

Слайдтағы анимациялық кейіпкерлердің қимылын «Би билейміз» әнімен қайталап, бой сергіту жаттығуы жасалады.

Иілеміз оңға бір, иілеміз солға бір,
Бір анда, бір мұнда —
Өзіңді-өзің айнала. (2 рет)

Бас, аяқты топ-топ,
Шапалақта хоп-хоп,
Бір анда, бір мұнда —
Өзіңді-өзің айнала. (2 рет)

Басымызды иеміз, би билейміз, күлеміз,
Бір анда, бір мұнда —
Өзіңді-өзің айнала. (2 рет)

6) Көркем жазу

Ж ж   Ж ж   Ж ж   Ж ж   Ж ж

Жадыраның жеңгесі жақсы жаңалығын жұртына жеткізді.

7) №81 жаттығу

Оқушылар кезекпен тақтада бір жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдырып жазады.

8) №82 жаттығу

Қима қағаздағы сөйлемдер таратылады. Оқушылар сөйлемдерді тақтадағы екі бағанға — жалаң және жайылма сөйлемдерге — ажыратып іледі. Дәптерге көшіріп жазып, сөйлем мүшелерін талдап, тиісті сызықтармен сызады.

9) №83 жаттығу

Ребусты шешіп, мақал-мәтелді оқиды. Дәптерге жазып, сөйлем мүшелеріне талдайды және сөйлем түрін анықтайды.

IV. Қорытынды

10) Дәлелде және түсіндір

Слайдтағы сөйлемдердің бірін таңдап, жалаң немесе жайылма екенін дәлелдеп айтып береді:

  • Күн шайдай ашылды.
  • Ешкі лақтады.
  • Көбелек қонды.
  • Бақта құстар сайрады.

Мұғалім оқушыларға ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді: «Неліктен? Дәлелде».

11) Тірек-сызба арқылы бекіту

Оқушылар бүгінгі жаңа ұғымды сызбаға өз бетімен орналастырады: сөйлем мүшелерін анықтап, жалаң және жайылма сөйлемнің айырмашылығын жинақтайды.

Негізгі идея

Жалаң сөйлем — тек тұрлаулы мүшелерден құралады.
Жайылма сөйлем — тұрлаулы мүшелермен бірге тұрлаусыз мүшелері де болады.

V. Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауына сәйкес беріледі.

VI. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталады. Барлық оқушының жұмысы әділ бағаланады.