Жас ұлан

№98 орта мектеп • Салтанатты жиын сценарийі

«Тәуелсіздік ұландары»

Бұл материал — оқушыларды «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарына қабылдау салтанатына арналған, мазмұны редакцияланып, тілдік тұрғыдан түзетілген сценарий.

Мақсаты

Оқушылардың қоғамдық-әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту; мектептің озат, белсенді оқушыларын «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау.

Міндеттері

  • Әлеуметтік тәжірибені байыту және дамыту.
  • Әлеуметтік-танымдық бастамаларды іске асыру.

Көрнекілігі

ҚР мемлекеттік рәміздері, қанатты сөздер, гүл шоқтары және басқа безендіру элементтері.

Шақырылатын қонақтар

Ауыл әкімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мектеп директоры Мектеп оқушылары Ата-аналар комитетінің төрағасы

Жиынның ашылуы

Жүргізушілердің сәлемдесуі

І жүргізуші: Қайырлы күн, қадірлі қонақтар!

ІІ жүргізуші: Аса құрметті ардагерлер!

І жүргізуші: Ұлағатты ұстаздар!

ІІ жүргізуші: Қымбатты Отансүйер жастар!

І жүргізуші: Бүгін №98 орта мектепте өтетін «Тәуелсіздік ұландары» атты салтанатты жиынға қош келдіңіздер!

Поэтикалық кіріспе

Мен қазақпын — ұланымын елімнің,

Мен қазақпын — тірегімін жерімнің.

Ұланымын туын көкке көтерген,

Ертеңімін егеменді елімнің.

Менің елім — Қазақстан, Отаным!

Жырлар жазып, өзіңді әнге қосамын.

Мәңгілікке қымбаттысың, туған ел,

Арта берсін абыройың, атағың!

«Жас Ұлан» қозғалысының қалыптасуы

І жүргізуші: 2011 жылғы 11 ақпанда өткен «Нұр Отан» ХДП-ның XIII съезінде Елбасы, партия төрағасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарын біріктіретін «Жас Ұлан» бірыңғай жасөспірімдер қозғалысы және «Жас Қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру қажеттігін атап өтті.

ІІ жүргізуші: 2011 жылғы 6 шілдеде, Елорда күніне орай, жастар ұйымдары көшбасшыларынан құралған бастамашыл топ «Бірыңғай Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Ұйымға қабылдау ерікті түрде жүргізіледі және мүшелерді Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ортақ мақсат біріктіреді.

Елбасының құттықтау сөзінен

«Жас Ұлан» бүкіл Қазақстанға таралып, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге, оқудың және тәртіптің үлгісін көрсетуге, Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға, еліміз үшін қызмет етуге, патриот болуға баулысын!

Саптық бөлім және рәміздер

Бірлестік президентінің пәрмендері

Бірлестік президенті: «Жас Ұлан! Түзеліңдер! Тік тұрыңдар!»

Бірлестік президенті: «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымы топ басшыларының дайындық туралы рапорттары қабылдансын.

Бірлестік президенті: Назар аударыңыздар! «Жас Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің туы кіргізілсін!

Ту кіргізіледі. Қатысушылар туға қарап сап түзеп тұрады.

Іріктеу қағидасы

Бүгін ұйым мүшелігіне мектеп жастарының ішінен ең үлгілі, әдепті, терең білімді, озық ойлы және шығармашыл оқушылар қабылданады.

Қабылдау рәсімі

ІІ жүргізуші: Тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп, қамқор Отан-Ананың құшағында бақытты балалық шақ кешіп жүрген жас достарымыздың «Жас Ұлан» қатарына қабылдану салтанатына куә боламыз.

Қатысушылар саны

  • Жас Ұлан: 5–10-сыныптардан — 15 оқушы.
  • Жас Қыран: 2–4-сыныптардан — 17 оқушы.

Рәсім мазмұны

Құттықтау сөз, ұйымға «ақ жол» тілеу, галстук пен төсбелгі тағу, шығармашылық нөмірлер, тәуелсіздікке арналған монтаж және ант беру.

«Жас Ұлан» қатарына ұсынылған оқушылар (үзінді)

  • Аяғанов Асылбек

    5-сынып • Мектепішілік сайыстар жеңімпазы

    Үміткер
  • Бижанов Аман

    5-сынып • Мектепішілік сайыстар жеңімпазы

    Үміткер
  • Раймбаев Нұрбақыт

    5-сынып • Мектепішілік сайыстар жеңімпазы

    Үміткер
  • Тізім жалғасады…

Құттықтау сөз және белгі тағу

№98 орта мектепте өтетін «Тәуелсіздік ұландары» жиынында «Жас Ұлан» ұйымына ақ жол тілеп, құттықтау сөз сөйлеу және галстук пен төсбелгі тағу рәсімі ауыл әкімі Жанарыс Ерниязовке және мектеп директоры Ермек Сәтовке беріледі.

Құттықтау сөздер айтылады, галстук пен төсбелгі тағылады. Одан кейін әсем ән орындалады.

«Жас Қыран» тобы (үзінді)

«Жас Ұлан» бірлестігі жұмысына «Жас Қыран» ұйымы да өз үлесін қосады. Ортаға «Жас Қыран» тобы шақырылады.

  • Мергенбай Дариға

    2-сынып • «Айгөлек» байқауының мектепішілік жеңімпазы

    Үміткер
  • Оразғали Айым

    2-сынып • Мектепішілік спорттық сайыстар жеңімпазы

    Үміткер
  • Тәңірбай Нұрлан

    2-сынып • Мектепішілік спорттық сайыстар жеңімпазы

    Үміткер
  • Тізім жалғасады…

«Жас Қыранға» құттықтау және белгі тағу

«Жас Қыран» ұйымына ақ жол тілеп, құттықтау сөз және галстук пен төсбелгі тағу рәсімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертас Сәрсеновке және Ата-аналар комитетінің төрағасы Амантай Жүргеновке беріледі.

Құттықтау сөздер айтылады, галстук пен төсбелгі тағылады.

Тәуелсіздікке арналған монтаж

1-оқушы: Тәуелсіздік — елдің алтын діңгегі, Тәуелсіздік — ел арманы, тілегі. Тәуелсіздік, тұғырлы бол мәңгілік, Тәуелсіздік, біз біргеміз үнемі.

2-оқушы: Тәуелсіздік, құтты болсын мерекең, Ол қазақтың, ол менің де мерекем. Тәуелсіздік, мәңгі жаса қазақпен, Сенсің менің қуанышым, берекем.

3-оқушы: Өмір жасың ұзақ болсын, ғұмырың, Тәуелсіздік, берік болсын тұғырың. Ашық болсын Тәуелсіздік аспаны, Баянды боп ертеңменен бүгінің.

4-оқушы: Тәуелсіздік — бабалардың ұраны, Тәуелсіздік — бойға таққан тұмары. Тәуелсіздік — түнектерде тұншығып, Ызғар болып жанған шырағы.

5-оқушы: Армандарды жақындатып тым алыс, Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс. Егемендік — ел бақыты, ертеңі, О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

6-оқушы: Әз бабам азаттықты аңсап өткен, Ел үшін талай саңлақ шахид кеткен. Солардың құдіретті ой-арманы, Таң боп тәуелсіздік бізге жеткен.

7-оқушы: Үлгі бізге аталардың ерлігі, Ұлағатты өнегесі, еңбегі. Тәуелсіздік туын ұстап жоғары, Бүгінгі ұрпақ — болар елдің ертеңі.

8-оқушы: Егемендік — ел болудың белгісі, Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші. Егемендік деген сөзден естілер, Ата жұрттың арысы мен бергісі.

Хормен

Тәуелсіз Қазақстан — ұлы Отаным,
Көк туымды қалайша құлатармын.
Тып-тыныш тұрып жатқан жайымыз бар,
Бәріміз — баласындай бір атаның.

Еліміз бақ-береке, ырыс болсын,
Қызыл тілім қанжардай қылыш болсын.
Халқымның ахуалы дұрыс болсын,
Еліміз әрқашанда тыныш болсын.

Ант беру рәсімі

Аға тәлімгер: Біз оқуда озат, еңбекке адал, өнер мен спортта өжет те қайсар, елгезек, жарқын жүзді оқушыларымызды баршаға үлгі ете аламыз.

Отаның ер ұланы,

Жер қайысқан қалың қол,

Тәуелсіз ел ұланы —

Ант беруге дайын бол!

Ант мәтіні

Ант беру рәсімі 10-сыныптың озат оқушысы Әміреев Абайға тапсырылады.

Мен, ____________________, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:

  • Өз Отаным — Қазақстан Республикасының патриоты болуға;
  • Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және дәріптеуге;
  • Туған елімді, жерімді, Отанымды мақтан тұтуға;
  • Ата-анамды қадірлеуге;
  • Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге;
  • Білімге табандылықпен ұмтылуға;
  • Салауатты өмір салтын ұстануға;
  • Табиғатты аялауға;
  • «Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны достарымнан талап етуге

біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі мен өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН!

Аға тәлімгер: «Жас Ұлан! Ел мен жер және жас ұрпақ тағдыры үшін күресуге әрқашанда дайын бол!»

Ұландар: «Әрқашан дайынбыз!»

«Жас Ұлан» ұйымының гимні орындалады.

І жүргізуші: Білімді көкіректе нұр деп түсін, жігеріңді жалынды отты жыр деп түсін. Аталған мақсат, талап, ережені орындау — әрқайсыңның міндетің!

Бүгін мектебіміздің тәрбиелі де тәртіпті, ұшқыр ойлы да алғыр оқушылары «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарына мүшелікке қабылданды. Құттықтау және қорытынды сөз тәрбие ісінің меңгерушісі Темірхан Ізтілеуовке беріледі.

Құттықтау монтажы (қорытынды бөлім)

ІІ жүргізуші: Әлем сүйген салтымыз бар — бейбітшілік ел ұраны. Өмір сүйген халқымыз бар — бейбіт елдің біз ұланы. Келесі кезекте оқушыларымыз құттықтау монтажын ұсынады.

1-оқушы: Тәуелсіз Қазақстан — байтақ жерім, Қуаныш құшағында бүгін елім. Бабалар аманатын алға тартар, Жас ұлан атандыңдар міне, бүгін.

2-оқушы: Қадамың құтты болсын, Жас ұлан! Бақ кетпесін халқымыздың басынан. Ұлтың үшін адал бол әрдайым, Табылыңдар игі істердің қасынан!

3-оқушы: Жас ұландар — Отан-ана өркені, Үміт артқан болашағы, ертеңі. Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп жасартыңдар өлкені.

4-оқушы: Жас ұлан! Жарқылдаңдар, күліңдер! Бақытты өмір сүріңдер. Бар жақсылық, бейбітшілік, Ұлы Отанды ардақ тұтып жүріңдер!

5-оқушы: Парызымыз — Ұлы Отанға адалдық. Бойымызда бар өскіндік, балалық. Барша жанға үлгі-өнеге боламыз, Біз, Жас ұлан, адалдықтан жаралдық.

6-оқушы: Тыныштық — баршамыздың ұранымыз, Мәңгілікке таусылмайтын жыр-әніміз. Арманның асқарына қанат қаққан, Бақытты бейбіт елдің ұланымыз.

Хормен

Біз, Жас ұлан — туған елдің өркені,
Үміт артқан болашағы, ертеңі.
Сол үмітті арқалаған ұландар,
Болашаққа ізбасарын ертеді.

Ән: «Атамекен»

Жиынның жабылуы

Туды шығару

Бірлестік президенті: «Жас Ұлан! Түзеліңдер! Тік тұрыңдар! Назар аударыңыздар!»

Бірлестік президенті: «Жас Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің туы шығарылсын! Туға қарап сап түзеңдер!

І жүргізуші: «Тәуелсіздік ұландары» атты салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!

ІІ жүргізуші: Қадірлі қонақтар, келгендеріңізге рахмет! Бақытты күндерде қайта кездескенше, сау болыңыздар!

Матін тілдік тұрғыдан өңделді: тыныс белгілері реттелді, қайталаулар ықшамдалды, атаулар біріздендірілді («Жас Ұлан», «Жас Қыран», «Отансүйер», «Отан-ана»).