Өлеңдерді оқып беру
Сабақ тақырыбы
«Үш бақытым» және «Туған тілім».
Мақсаты
- Өлеңдердің негізгі ойын түсіндіру.
- Мәнерлеп оқуды жетілдіру, дұрыс оқуға машықтандыру.
- Жатқа оқуға дағдыландыру.
Міндеттері
- Оқушылардың сөйлеу мәдениетін және ой-қиялын дамыту.
- Өз пікірін дәлелдеуге баулу.
- Тілге, сөз өнеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Сабақ түрі
Жаңа білім беру.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, түсіндіру.
Көрнекіліктер
Ақындардың суреттері, оқулықтар.
Сабақ барысы
Үй тапсырмасын тексеру
- «Бостандық таңы атты» өлеңін жатқа айту.
- Ақын өлеңіндегі жақсы және жаман әдеттерді санамалап көрсету.
- «Туған елім, туған жерім» бөлімі бойынша пысықтау.
Жаңа сабақ
Ой қозғау
Сен қайда туып-өстің?
Қазақстан қандай мемлекет?
Мемлекеттік тіл қай тіл?
Мұғалімнің әңгімесі
Қазақ тілі — қазақ халқының ана тілі. Ол халық тарихымен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді.
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды. Тіл — қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті құндылық. Ол әрбір адамға ана сүтімен дарып, тұлғалық болмысымен бірге қалыптасады.
Тіл байлығы — әр елдің ұлттық мақтанышы. Ол — атадан балаға жалғасатын баға жетпес мұра.
Оқылатын шығармалар
- ММ М. Мақатаев — «Үш бақытым»
- ДӘ Д. Әбілев — «Туған тілім»
Оқулықпен жұмыс
- Өлеңді жеке оқыту.
- Өлеңді хормен оқыту.
- Мәнерлеп оқу дағдыларын бекіту.
Авторлар туралы қысқаша мәлімет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931–1976, шын аты — Мұхаммедқали) — қазақтың лирик ақыны, көркем сөздің биік өкілі. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Негізгі еңбектері:
«Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б., сондай-ақ «Қош, махаббат!» прозалық кітабы.
Дихан Әбілев
Дихан Әбілев (1907 жылы 26 желтоқсанда туған, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Мойылды қыстауы) — ақын, жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.
Шығармалары:
- Алғашқы жинағы — «Қуат, өрт».
- Кең тынысты поэмаларының бірі — «Шалқыма».
- Соғыс тақырыбындағы еңбектері «Жүректен», «Тұлға» жинақтарында топтастырылған.
- Өлеңмен жазылған романдары мен жинақтары: «Алтай асулары», «Отты толқындар», «Уақытпен сырласу», «Миллиард жыры», «Толғаныс толқындары», «Дала солдаты».
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың назарын сергіту.
Жаңа сабақты бекіту
Сұрақтар мен тапсырмалар
М. Мақатаевтың «Үш бақытым» дегені нелер?
- Халық — Қазақстанда тұратын адамдардың бірлігі.
- Тіл — адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралы (Қазақстанда көптеген тілдер қолданылады).
- Отан — әр адамның туып-өскен жері.
«Туған тілім» ұғымын ашатын тіркестер
Адам тілі, анам тілі, далам тілі, бабам тілі.
Мақал-мәтелдер
- Отан — оттан да ыстық.
- Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
- Отан — қуат, отбасы — шуақ.
- Халық айтса, қалп айтпайды.
- Халық сөзі қаһарлы.
- Ана тілің алпыс тілге татиды.
- Ақынның тілі қылыштан өткір.
- Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады.
- Атағыңды өсіретін де, өшіретін де — тіл.
- Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады.
Шығармашылық тапсырма
«Отан», «тіл», «халық» тақырыптары бойынша шағын әңгіме құрастырып айту.
Бағыттаушы сұрақтар
- Отан сен үшін нені білдіреді?
- Ана тіліңді күнделікті өмірде қалай құрметтей аласың?
- Халық бірлігінің маңызы неде?
Жаттауға берілетін өлең
Қ. Ыдырысов — «Біз — туған ел баласы».
Асыр салған таласып,
Біз туған ел баласы.
Қандай байтақ Отаным,
Жан-жағыңа қарашы.
Отаным кең көсілген,
Төсінде ырыс өсірген.
Қаптаған мал, алып дән —
Бәрі менің несібем.
Бәрін көріп келеміз,
Болашаққа сенеміз.
Жақсы оқумен, еңбекпен
Біздер жауап береміз.
Қорытынды
Үй тапсырмасы
Өлеңдерді жаттау, мәнерлеп оқуға дайындалу.
Бағалау
Оқушылардың оқу мәнері, жауаптарының дәлелділігі және белсенділігі бойынша бағалау.