Жүрек қан айналымын реттейтін мүше
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырып
Спорт — денсаулық кепілі
Білім беру саласы
Денсаулық
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Қауіпсіз мінез-құлық негіздері
Сынып/топ
Мектепалды даярлық
Мақсаты
Білімділік
Балаларды адамның ең маңызды мүшелерінің бірі — жүрекпен таныстыру, жүректің жұмысы мен қызметі туралы түсінік беру.
Дамытушылық
Спорт пен дене шынықтырудың маңызын түсіндіре отырып, оқу үдерісіне қимыл-қозғалыс элементтерін енгізу.
Тәрбиелік
Би арқылы ширақтықты арттыру; тақпақ, мақал-мәтел жаттау арқылы есте сақтау қабілетін дамыту; достыққа, бір-біріне сыйластықпен қарауға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер және құрал-жабдықтар
Әдіс-тәсілдер
- Әңгімелеу
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
Қажетті көрнекі құралдар
- Спорт түрлері бейнеленген суреттер
- A4 қағазы
- Түрлі түсті қарындаштар
- Әліппе-дәптер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»
Балалар сабақты жақсы көңіл-күймен бастайды: бір-біріне жылы лебіз айтып, ойыншық жүректі кезекпен ұсынады.
Жылы лебіздер үлгісі
Намысты бол, жігерлі бол, әділ бол, сезімтал бол, жаңашыл бол, салмақты бол, турашыл бол, шешен бол, өнерлі бол, адал бол, күшті бол, мейірімді бол, ақылды бол, қайратты бол, сыпайы бол, көңілді бол, білімді бол.
II. Негізгі бөлім
Аптаның күні анықталады (мысалы: бейсенбі), сабақтың бағыты — қауіпсіздік негіздері екені айтылады. Тақырып: «Спорт — денсаулық кепілі».
Күнделікті әдет: таңертеңгілік жаттығу
Балалардан «Таңертең ұйқыдан тұрған соң не істейміз?» деп сұралады. Жауап: таңертеңгілік жаттығу. Таңертеңгілік жаттығу, спортпен шұғылдану және денені шынықтыру — денсаулықты нығайтудың маңызды жолы.
Денсаулықтың қадірін адам көбіне ауырғанда біледі. Ал денсаулықтың мықты болуы — ең алдымен адамның өзіне байланысты. Үнемі қимыл-қозғалыста болсақ, ағзадағы қан айналымы жақсарып, жұмыс қабілеті артады, ауруларға қарсы тұру жеңілдейді.
Денсаулықтың «жақын достары»
- Тазалық
- Спорт
- Таза ауа
- Дұрыс тамақтану
- Күн тәртібі
- Зиянды әдеттерден аулақ болу
Мақал-мәтелдер
«Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — он саулық, үшінші байлық — ақ жаулық.»
«Денсаулық — зор байлық.»
«Дені сау — жаны сау.»
Жұмбақ
Таппайтын тағат, тығулы сағат.
Жауабы: жүрек
Жүрек — ағзаның маңызды мүшесі
«Тазалық — денсаулық негізі, денсаулық — байлық негізі» деген ұғымды бекіте отырып, жүректің маңызы түсіндіріледі: жүрек кеуде қуысының сол жағында орналасады және қан айналымын реттейді.
Негізгі ой
Жүрек ауырмауы үшін тұрақты түрде спортпен айналысу қажет.
Пайдалы әрекеттер
Дене шынықтыру, шаңғы тебу, конькимен сырғанау, суға түсу, таза ауада серуендеу.
Егер спортпен, гимнастикамен айналыспаса, бұлшықеттер серпінділігін жоғалтады. Ал қатты шаршаған күйде ұзақ жүгіру немесе шамадан тыс күш салу жүректі әлсіретуі мүмкін.
Баланың жүрегі шамамен өз жұдырығының көлеміндей. Адамда жүрек біреу ғана — оны күте білу керек.
Тақпақтар
Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
Спорт — көркі өмірдің,
Спорт — досың, серігің.
Жаттықсаң шымыр боларсың,
Шынығып, өсіп толарсың!
Шымыр болу үшін біз
Шынығамыз шаршамай.
Бұлшықеттер шымыр боп,
Аламыз сосын тыныс жай.
Сергіту сәті
«Шынықтырып денені, “Қара жорға” билейік» — қимыл-қозғалыс арқылы сергіп алу.
III. Қорытынды
Қайталау сұрақтары
- Шынықтыру дегеніміз не? Ол не үшін қажет?
- Шынықтырудың қандай түрлерін білесіңдер?
- Адамдар не үшін таңертеңгілік жаттығу жасайды?
Негізгі тұжырымдар
- Дене шынықтыру — бала денсаулығының берік негізі.
- Жүрек үнемі демалыссыз жұмыс істейді.
- Спорт бұлшықеттерді дамытып, олардың дұрыс жиырылуына көмектеседі.
Шығармашылық тапсырма
Балаларға қағаз бен түрлі түсті қарындаштар беріледі: өз жүрегінің суретін салып көреді.
«Жүректен — жүрекке» қорытындылау
- Күлімдеген күн мейірімді!
- Кіршіксіз ақ қар мейірімді!
- Таза мөлдір су мейірімді!
- Бәрімізді көтеріп тұрған жер мейірімді!
- Аяулы анам мейірімді!
- Қадірлі әкем мейірімді!
- Әлпештеген әжем мейірімді!
- Еркелеткен атам мейірімді!
- Жылы жүзді ұстазым мейірімді!
- Тату-тәтті достарым мейірімді!
Автор туралы
Атырау қаласы, Атырау облысы, Еркінқала селосы, Еркінқала орта мектебі. Мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі — Кузембаева Лайла Сеиткалиевна.