МЕНІҢ АНАМ - МҰҒАЛІМ

«Менің анам — мұғалім!»

Халықаралық 8 наурыз — Аналар мерекесіне арналады.

«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған…»

Түн. Ұйықтап кетіппін. Түн ортасында шамның жарығынан оянып кеттім. Анам ояу отыр екен. Алдында жайып қойған ескілеу фотосуреттер. Көзіне қарасам, жанары жасаурағандай. Шаршағаннан ба, шәкірттеріне деген сағыныштан ба, әлде… мен оятып жібердім бе — көзінен өкініштің де табы байқалды.

Мен бұл көрініске таңданбадым. Маған таныс жағдай еді. Өйткені менің анам — мұғалім. Мектепте — ұстаз, үйде — ана.

Мақтаныш пен жанашырлық

Анамның мұғалім болғанын мақтан тұтамын. Кейде жаным ашиды… Иә, жаным ашиды. Ол күні-түні ізденуден бір сәт те жаңылмайды. Кейде қалжыңдап: «Егер анамның басы компьютер болса, әлдеқашан қызып кетер ме еді?» — деп қоямын. Әрине, бұл — әзіл.

Бір қызығы, кейде мен де анама ұқсап мұғалім болғым келеді. Неге дейсіз бе? Анам — тарих пәнінің мұғалімі. Қолымыз қалт етсе, не шай үстінде отырып-ақ тарихқа тереңдеп кетеміз. Кейде өз ойымды айтып, анаммен пікір алмасамын, тіпті дауласып қалатын кездер де болады. Бірақ дәл сол сәттердің өзі маған қызық.

Тарихты жүрекпен оқыту

  • Мен өз халқымның тарихын, салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін күн сайын анамнан бойыма сіңіремін. Бұл сөздер баға үшін емес — анамның тәрбиесі.
  • Ең ұнайтыны: жазғы демалыста анам тарихи орындарға, кесенелерге барып, бәрін көзбен көреді. Мені де ертіп алады.
  • «Көзбен көріп барып, балаға жеткізсем, кеңірек мәлімет бере аламын», — деп ерекше қуанып, шабыттанып кетеді.

Кейде анам ішінен бірдеңелерді айтып, өз-өзіне күбірлейді; бір нәрселерді түртіп, жазып қояды. Үйге келген соң да үй тіршілігі мен сабаққа дайындық қатар жүреді — қолы босамайды. Қыдырып жүрсе де, шәкірттеріне керек дүниені ойлап, дайындап жүреді.

Дегенмен дәл осындай қарбаластың ішінде де маған анаммен сөйлесуге, жақын болуға мүмкіндік туады. Кейде анамды басқа балалардан қызғанып та кетемін.

Қызғаныштан — түсіністікке

Бір күні мен сахнаға шығып, қойылымға дайындалып жаттым. Сол күні анамның сыныбындағы Ақбота есімді қыз да сахнаға ән айтуға шығатын болды. Анам маған емес, Ақботаға көбірек алаңдап, «айналайын, сен айта аласың» деп дем беріп, тіпті киіміне дейін түн ортасы ауғанша дайындап, шыр-пыр болды.

Ал мен бір нәрсені сұрасам, «иә» деп қысқа ғана жауап береді. Сол кезде ішімді белгісіз бір сезім — ашу ма, ыза ма, әлде қызғаныш па — кернеді.

Ақбота шын мәнінде сахнада жақсы орындап шықты. Іс-шара соңында ерекше аталып өтті. Сол сәтте анама жалт қарадым: қуанышы алыстан-ақ байқалып тұрды. Сонда мен де анам үшін қатты қуандым.

«Шәкірт жетістігі — ұстаз еңбегінің жемісі» деген сөз бекер емес екен. Бұл — менің анамның еңбегінің жемісі. Осындай сәттер анамның шәкірттері үшін түн ұйқысын бөліп, түнімен жасаған еңбегінің ақталғанын көрсетеді.

«Әлемнің жарығын…»

Анамды тек мен ғана емес, мектептегі оқушылары да, ата-аналары да құрметтейді. Мұндайда жүрегімді қуаныш кернеп, бар әлемге: «Менің анам — мұғалім!» — деп айқайлағым келеді.

Сондай сәттерде Шәмші ағамыздың «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған…» деген жолдары еріксіз есіме түседі де, өзімше: «Әлемнің жарығын, сыйладың бар елге…» — деп ыңылдап қоямын.

«Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген мақалдың бір ұшы мұғалім-аналарға да келіп тірелетіндей. Мен үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеткен анам бүгін шәкірті үшін түнде қалам ұстап, сабақ жоспарын түгендеп отырады. Бұған тек мен ғана емес — анасы мұғалім барлық балалар куә.

Бұл — менің мұғалім анам туралы ақтарылған сырым. Аналар мерекесі қарсаңында шабыттан туған ойларым.

Құттықтау

Ендеше барша мұғалім-аналарды мерекелерімен құттықтаймын! Осы күнге жеткізген анама мың алғыс айта отырып, ойымды бір ғана мақтанышпен аяқтаймын:

Менің анам — мұғалім!