Жеңіс күнін тойлаймыз - әні

9 мамыр

Жеңіс мерекесіне арналған ертеңгілік

Тақырыбы: «Ер есімі — ел есінде»

Мақсаты

  • Балаларды ерлікке баулу, Отанды сүюге тәрбиелеу.
  • Еліміздің соғысқа аттанған ерлерін мақтан тұтуға үйрету.
  • Патриоттық сезімді қалыптастыру, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

1941 жылы миллиондаған адам сұрапыл соғысқа аттанды. Барлық жұмыс соғыс талабына сай ұйымдастырылды. Партизан отрядтары құрылды. Ел ішінде «Бәрі де — майдан үшін!» деген ұран көтерілді.

Балалардың көрінісі

1-бала

Соғыс бұлты төнгенде,
Серік болып ерлерге.
Жаудың бетін тойтарған,
Елдің кегін қайтарған.

2-бала

Армиямыз айбынды,
Армиямыз қаһарман.
Күзетеді ай нұрлы,
Күн сәулелі Отанды.

3-бала

Шекарада күзетте,
Қас қақпайды ағалар.
Балбыраймыз төсекте,
Біз алаңсыз балалар.

Ерлік — ұмытылмас есім

Қыр қызы орындады берген антын. Халқына адал болу — ердің салты. Ел үшін қасық қанын аямаған батырлардың есімі жүректе мәңгі өшпейді. Әлия мен Мәншүк — соның жарқын үлгісі.

Орындау:

«Әлия, Мәншүк апалар» — әні

Бейбітшілікке үндеу

Соғыс отын жақпаңдар,
Балаларды бақытынан қақпаңдар.
Жер бетінде тіршіліктің тәңірі —
Жалғыз ғана тыныштықты сақтаңдар.

Көрініс:

Теңізшілер биі

Өсиет пен сенім

Балалар, сендер ертең өскенде Отанын қорғайтын, елін-жерін сүйетін үлкен азамат болып өсесіңдер деп сенеміз.

Орындау:

«Ағалардай боламыз» — әні

Майдан рухы

Сұрапыл соғыста да жауынгерлеріміз жауға қарсы шығып, қайратты күшіне сеніп, ән айтып, би билеп рухын көтерген.

Көрініс:

«Айбынды ағалар» — биі

Жеңіс қуанышы

Алақай, алақай!
Сүйінші, сүйінші!
Жеңіс келді далама!
Қуан, шаттан!
Құтты болсын бұл мейрам!

Балалар бірге: «Ура! Жеңіс келді!» — деп айтады.

Жеңіс күні — көптен күткен күн. Барлық халық бірігіп, жауды жеңді. Отан үшін ерлікпен мерт болған қаһарман батырларымыз 1945 жылдың 9 мамырында адамзатқа Жеңіс күнін сыйлады. Жеңіс күні құтты болсын!

Өлең шумақтары

Көшеде тулар самғаған,
Көктемнің қызыл гүліндей.
Жеңіс тойын қарсы алам,
Өзімнің туған күнімдей.

Бүгін мейрам салтанат,
Бүгін халық алаңда.
Кеште салют атылып,
Тамашалар адамдар.

Отан отқа оранғанда,
Отыра ма ер азамат?
Жауды жеңген күнім келді,
Жеңіс деген — ең ғажап ат.

Орындау:

«Жеңіс күнін тойлаймыз» — әні

Балалар ардагерлерге өздері дайындаған сыйлықтарын табыс етеді.

Бейбіт болашаққа тілек

Елімізде, жерімізде бүгін үлкен мереке. Болашақтың тыныштығын бүгінде жас ұландар қорғайды.

Орындау:

«Ақ көгершін» — әні

Бейбіт күн орнасын,
Елімізде әрқашан.
Тыныш өмір сүрейік,
Достығымыз жарасқан.

Ақ көгершін, көгершін,
Шарла барлық әлемді.
Бейбітшілік үнімен,
Ән саламыз әдемі.

Еске алу сәті

Қара бұлтқа оранбасын көк аспан. Барлық халық бейбіт өмір сүрсін. Отанымның бақыты үшін мерт болған батырларды әрдайым еске алып, құрметтейік.

Рәсім:

Бір минут үнсіздік жарияланады.

Ардагерлерге құрмет

Соғыс салған жарақаттан жазыла алмай кеткендер көп. Бүгінге аман жеткен ардагерлерімізді ардақтаймыз.

Құрметті ардагерлер мен қонақтар, балабақшамыздың бүлдіршіндеріне арнаған тілектеріңізді тыңдайық.