Мазмұнын түсіндіру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән
Ана тілі, 1-сынып
Сабақтың тақырыбы
Абылай хан (141–142-жаттығулар)
Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, слайд арқылы түсіндіру, жарыс, ойын
Көрнекілік
Жазушылар топтамасы, интерактивті тақта

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Заттың санын білдіретін сөздер туралы білімді тиянақтау.
  • Олардың сұрақтарын меңгерту, сөйлем ішінен сұрақ қою арқылы таба білуге үйрету.
  • «Абылай хан» мәтінін оқып таныстыру, хандар туралы мәлімет беру.

Дамытушылық

  • Сауатты, мәнерлі, әсерлі оқуға баулу.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге ықпал ету.
  • Ойлау шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

  • Өнерге және білімге сүйіспеншілігін арттыру.
  • Табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.
  • Сабаққа дайындығын тексеру, оқу құралдарын әзірлеу.
  • Психологиялық дайындық.

2) Үй тапсырмасын тексеру

«Махамбеттің тапқырлығы» мәтінінің мазмұны сұрақтар арқылы талданады.

  • Махамбеттің үстінен тергеушіге не түсті?
  • Махамбет қайда аттанды?
  • Тергеуші не деді?
  • Махамбеттің жауабы қандай болды?
  • Ауылға келген тергеуші Махамбеттің орнына қандай жауап алды?
  • Махамбет тапқырлығымен кімнен құтылды?

3) Оқушыларды жаңа білімге дайындау (топтық жұмыс)

Әр топ сөз таптарына мысал келтіріп, сөздерді қолданып бір сөйлем құрайды. Сонымен қатар бір сөз табының ережесін айтып, сұрақ қою арқылы талдайды.

Үлгі (сөздер)

төрт қызыл алма алды

Құрастырылған сөйлем

Төрт қызыл алма алды.

Жаңа сабақ: Абылай хан

Сабақтың тақырыбы мен мақсатын ашу

Бүгін оқушылар Абылай хан туралы мәтінді оқып, оның ерліктері мен ел басқарудағы еңбегі туралы мағлұмат алады.

Түсіндіру: Абылай хан туралы мәлімет

Абылай хан (Әбілмансұр) (1711–1781) — Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекеті тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. Арғы тегі — Жошы хан әулеті. Абылай — Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.

Жәңгір ханның Уәлибақы және Тәуке атты екі ұлы болған. Жәңгір қайтыс болған соң, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа ренжіп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына кетеді.

Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекте теңдесі жоқ батыр ретінде танылып, «Қанішер Абылай» атанған деген дерек бар. Осы Абылайдан Уәли туады. Уәлидің баласы Әбілмансұр (кейін хан болғанда Абылай атанған) «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді.

Аш-жалаңаш күйден жүдеп, шашы өсіп кеткен балаға Төле би «Сабалақ» деп ат қойып, түйе бақтырады. Шоқан Уәлиханов деректеріне сүйенсек, бұл Абылайдың шамамен 13 жас кезі болуы мүмкін.

Төле бидің тәлім-тәрбиесі Абылайға зор ықпал етеді: ел басқару қабілетінің негізі қаланып, сыртқы жауға төтеп беру үшін халықтың бірлігі қажет екені жас санасына орнығады. Сонымен бірге бала күнінен көрген қиындықтар мен өмірлік тәжірибе оның ел ісіне ерте араласуына себеп болады.

Бұқар, Үмбетей жыраулар және ауыз әдебиетінің өзге де ірі өкілдері Абылайдың жиырма жасында-ақ ерлігімен танылғанын айтады.

1730–1733 жылдар аралығындағы бір шайқаста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры — Қалдан Сереннің жақын туысы Шарышты өлтіреді. Үлкен атасының аруағын шақырып, жауға «Абылайлап» ат қойған ол жеңістен кейін Орта жүздің сұлтаны ретінде танылады. Осы кезден бастап Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай аты кең тарайды.

Оқулықпен жұмыс

  • Мәтінді мұғалім мәнерлеп оқиды.
  • Мазмұны түсіндіріледі.
  • Оқушылар мәтінді тізбектей оқиды.

Қазақ хандарының ішінде Абылайдың орны ерекше. Ол Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуы жолында көп еңбек сіңірген. Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билердің ақылына жүгініп, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай сияқты батырлардың ерлігіне сүйенген.

Жаттығулар мен тапсырмалар

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс арқылы қысқа сергіту жаттығулары орындалады.

Дәптермен жұмыс: көркем жазу

Көркем жазуға «Ж» әрпін жазу. Қаламсапты дұрыс ұстау және дұрыс отыру ескертіледі.

141-жаттығу

  1. Мереке күндерін жаттап алыңдар.
  2. Қызылмен берілген сөздерге сұрақ қойыңдар.
  3. «Нешінші?» сұрағына жауап беретін сөздерді және ай аттарын білдіретін сөздерді жазыңдар.

Мереке күндері

  • 1–2 қаңтар Жаңа жыл
  • 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні
  • 22 наурыз Наурыз мейрамы
  • 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні
  • 9 мамыр Жеңіс күні
  • 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
  • 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні

«Нешінші?» сөз үлгілері

Бірінші, екінші (қаңтар), сегізінші (наурыз), жиырма екінші (наурыз), бірінші (мамыр), тоғызыншы (мамыр), отызыншы (тамыз), он алтыншы (желтоқсан).

Мақал-мәтелдерді талдау

Жер таусыз болмайды, халық хансыз болмайды.

Ханда қырық кісінің ақылы бар.

Шығармашылық жұмыс: тарихи деректерді толықтыру

  • Қазақтың алғашқы хандары — Керей хан мен Әз Жәнібек хан.
  • Қазақтың соңғы ханы — Кенесары хан.
  • «Жеті жарғыны» жүйелеген хан — Тәуке хан.
  • Үш жүздің басын қосқан хан — Абылай хан.

Бекіту, қорытынды және үй тапсырмасы

Жаңа сабақты бекіту (сұрақтар)

  • Бүгін біз қандай тақырыппен таныстық?
  • Абылай хан елі үшін қандай еңбек сіңірген?
  • Абылай хан кімдердің ақылына жүгінген?
  • Елін қорғаған батырлар кімдер болды?

Сабақты қорытындылау

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғаны айтылады. Бұл мерейлі жыл ел тарихын еске алып, өткенді тануға бағытталған маңызды кезең.

Сабақ соңында оқушылар: бүгін кімдер туралы білгенін және қандай жаңа мәлімет алғанын талқылайды.

Үй тапсырмасы

  • Әңгімені мәнерлеп оқу.
  • Түсінік айтуға дайындалу.
  • Мақалды жаттау.
  • 142-жаттығуды орындау.

Бағалау

Оқушылардың білімі мен сабақтағы белсенділігі бағаланады.