Сүйіспеншілік мәтінін оқу, мазмұндау

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Оқушыларға махаббат пен сыйластық құндылықтары туралы түсінік беру.

Міндеттері

  • Білімділік: шаңырақ жарастығы мен сыйластық туралы түсінік қалыптастыру.
  • Дамытушылық: жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
  • Тәрбиелік: өзара сыйластыққа және адалдыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: жағымды күйге келу

Сабақ «Тыныштық сәтінен» басталады. Баяу әуен қосылып, оқушылар назарын ішкі тыныштыққа бағыттайды.

Тыныштық сәті: «Ғажайып табиғат»

Ыңғайланып отырыңыздар. Терең тыныс алып, денені босаңсытыңыз. Қаласаңыз, көзіңізді жұмсаңыз.

Көз алдыңызға әсем табиғатты елестетіңіз: хош иісті гүлдер, сыңғырлай аққан бұлақ, сайраған құстар. Сол ғажайып бақ ішінде жалғыз өзіңіз табиғаттың сұлулығына сүйсініп келе жатасыз.

Кенет бір ағаштың түбінде жатқан жаралы киікті көрдіңіз. Оны көргенде жүрегіңіз шым етіп, қуанышты көңіл-күйіңіз бәсеңдейді.

Осы сәтте жаныңызға ең жақын жандарыңыз — ата-анаңыз, бауырларыңыз, достарыңыз келеді. Олар: «Біріксек, қандай қиындық болса да жеңеміз», — деп демеу береді.

Сіздер жаралы киікті бірнеше күнде емдеп жазасыздар. Барлығының көңіл күйі көтеріліп, өзіңіз де жақындарыңыздың жанынан табылғанына шын жүректен риза боласыз.

Енді көзімізді ашып, бұрынғы қалпымызға оралайық. Рақмет!

2) Топқа бөлу

Оқушылар қоржыннан суреттерді таңдау арқылы 4 топқа бөлінеді:

  • 1-топ: Ата-ана
  • 2-топ: Ана
  • 3-топ: Әке
  • 4-топ: Бала

3) Үй тапсырмасын сұрау: «Гүл тілегі»

Мұғалім әр топ мүшесіне себеттен гүл таңдауды ұсынады. Гүл алған оқушы сұраққа жауап береді, қажет болса, топ мүшелері көмектеседі.

Сұрақтар

  • Өзгелерді аялау үшін адамда қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
  • Жанашырлық дегенді қалай түсінесіз?
  • Табиғатты қалай аялауға болады?
  • Сізді кімдер аялайды? Ал өзіңіз ше?
  • Табиғат бізді қалай аялайды деп ойлайсыз?
  • Адамгершілік, жанашырлық, қамқорлық қандай адамдарға тән деп ойлайсыз?

4) Әңгімелесу

Талқылау сұрақтары

  • Бір шаңырақта тұратын адамдар арасындағы сыйластық қандай болады?
  • Өз отбасыңыздағы сыйластық туралы не айтар едіңіз?

Негізгі ой

Бір шаңырақ астында тұратын адамдардың бойында махаббат, сыйластық, бауырмалдық, ынтымақ, татулық, бірлік, сүйіспеншілік болуы керек.

5) Мәтінмен жұмыс: Абдрахман Асылбеков — «Сүйіспеншілік»

Оқушыларға оқулықтың 48-бетіндегі мәтін тыңдатылады. Одан кейін төмендегі сұрақтар бойынша ой бөліседі.

Сұрақтар

  • Сіздер болсаңыздар, қайсысын шақырар едіңіздер? Неге?
  • Әйелдің дұрыс әрекетін қайдан байқауға болады?
  • «Сүйіспеншілік бар жерде — байлық пен сәттілік бар» дегенді қалай түсінесіздер?

Қорытынды тұжырым

Шаңырақ жарастығының негізі — сүйіспеншілік. Бір үйде тұратын адамдар бір-бірін шын көңілмен жақсы көріп, құрметтесе, ол отбасында бақ та, сыйластық та, ынтымақ та, береке де орнығады.

6) Ойын: мақал-мәтелдерді жалғастыру

  1. Балалы үй — базар.
  2. Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
  3. Ата — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ.
  4. Ата-ананың қарызы — ұрпақтың өмірлік парызы.
  5. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
  6. Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.
  7. Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер.

7) Шығармашылық жұмыс: «Отбасы ағашы»

Оқушылар өз шаңырағында жарастық орнауы үшін не қажет екенін және адам бойында қандай қасиеттер болуы керегін «жапырақтарға» жазып, «отбасы ағашына» іледі.

Назарда

Сүйіспеншілік

Жылы сөз, қамқорлық, жанында болу.

Назарда

Сыйластық

Тыңдау, пікірді құрметтеу, әдеп сақтау.

Назарда

Бірлік

Ортақ іс, қолдау, келісім.

8) Топтық жұмыс: ән айту

Оқушылар «Жанұям» әнін бірігіп орындайды.

«Жанұям» әні (үзінді)

Ой ойлатқан талай-талай өтті күндер алыс,
Міне бүгін бізде үй-жай, ол да біздің парыз.

Өз үйіміз — бір Отан, береке,
Қандай қызық бір қыдырсаң жанұяңмен бірге.

Қайырмасы:

Аман болсын ата-анамыз, бізді өсіріп баптаған,
Аман жүрсін бауырымыз, алыстағы аңсаған.
Берік болсын босағамыз, отауымыз қосылған,
Ең керегі — тату-тәтті болсын менің жанұям.

Шаршап келсем жұмыстан мен үйге,
Жадырап сен қарсы аласың нұрын шашқан күнім.

Жанұяның бір қызығы — арадағы бала,
Онсыз үйде болған емес құт-береке сірә.

Жастайымнан еркелетіп өсірген,
Аман болшы, теңдесі жоқ ата менен ана!

9) Үй тапсырмасы

  1. «Сүйіспеншілік» мәтінін оқу және мазмұндау.
  2. Дәптермен жұмыс: дәптердегі 1-тапсырманы орындау.
  3. Шығармашылық жұмыс: «Отбасы — бақыт мекені» тақырыбына сурет салу.

Қорытындылау, бағалау және кері байланыс

Қорытынды ойлар

  • Отбасы — шаңырақтан түзеледі.
  • Отбасы — тәрбиенің бастауы.
  • Адамға өмірдегі ең қымбаты — отбасы.
  • Ұрпақтың жақсылығы мен жамандығы отбасында қалыптасады.
  • Отбасындағы сүйіспеншілік — ең басты құндылық.
  • Отбасы жарастығы осы сүйіспеншіліктен құралады.

Бағалау және рефлексия

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар «көңіл күй» суреттері арқылы бағаланады. Рефлексияда оқушылар кейіпкерлерді төмендегідей түстермен бояйды:

  • Жасыл: сабақ ұнады, барлық тапсырма сәтті орындалды.
  • Сары: белгілі бір қиындық кездесті.
  • Қызыл: тапсырмалар қиын болды, мұғалімнің көмегі қажет болды.

Автор туралы мәлімет

Мектеп
Мұнайлы ауданы, №6 жалпы білім беру орта мектебі
Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі — Кабакова Жайна